Қаң 11, 2021 21:27 Asia/Almaty
  • Трампқа импичмент жариялау үдерісі басталды

Дональд Трамп жақтастарының 6 қаңтарда АҚШ Конгресіне шабуылы үкімет пен қоғамдық деңгейде ауқымды реакцияға ұшырап, Трампқа қатаң қатынас көрсетілу қажеттігі айтылды. Қазір АҚШ Конгресінің демократтары Трампты биліктен кетіру үшін импичмент жариялау үдерісін бастады.

Өкілдер палатасының төрағасы Нэнси Пелоси жексенбі күні кешке заң шығарушыларға жазған хатында: «Осы аптада палата мүшелері алдымен бір қарарға дауыс береді. Онда Вице-президент Майк Пенс пен Министрлер кабинетінің мүшелерінен 24 сағаттың ішінде Трампты ел конституциясының 25-қосымшасы негізінде биліктен кетіру талап етілген»,-деп жазды.   

Пелоси хаттың басқа бір бөлігінде: «АҚШ-тың Өкілдер палатасы дүйсенбі не сейсенбі осы қарарға дауыс береді. Вице-президент тарапынан бұл қарар орындалмаған жағдайда сәрсенбі күні Трампқа импичмент жарияланады»,-деп жазды.  

Демократтардың Трампты биліктен кетіру үшін сүйенген құжаты – АҚШ конституциясының 25-қосымшасы. Бұл құжат Вице-президент пен Министрлер кабинетінің мүшелеріне Президентті өз ресми міндеттерін орындауға қауқарсыз деп тапқан жағдайда оны қызметтен босатуға мүмкіндік береді.  Алайда Трамптың президенттік кезеңінің аяқталуына тек 9 күн қалғанда Майк Пенс пен кабинет мүшелері тарапынан мұндай шара қолданылуы екіталай. Республикашылдардың көзқарасынша, бұл іс АҚШ қоғамында Трамптың жақтастары мен қарсыластары арасында текетірестің артуына және саяси тұрақсыздықтың ушығуына себеп болады.

Сол себепті Өкілдер палатасының демократтары Трампқа импичмент жариялау үдерісін бастауы ықтимал.  Маңызды жайт мынау: АҚШ Конституциясында импичмент үдерісі президентке айып тағылғаннан кейін басталады. АҚШ Конституциясы аясында президентті «сатқындық, жемқорлық,  қылмыс жасады немесе заңнан жалтарды» деген айыптармен биліктен кетіруге болады.  Демократтар «бүлікке итермеледі және заң бұзды» деген айыппен Трампқа импичмент жариялайтын сияқты. Осылайша, Трамп АҚШ тарихында екі рет импичмент жарияланған жалғыз басшы болмақ.  

Тегтер