G7 басшылары Ауғанстан жайлы отырыс өткізді
G7 басшылары онлайн форматта төтенше жиналыс өткізіп, Ауғанстандағы соңғы өзгерістер жайлы кеңесті.
АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Германия, Канада, Италия және Жапония басшылары, Еуроодақтың өкілі, НАТО-ның бас хатшы мен БҰҰ-ның бас хатшысы Ұлыбритания Премьер-министрі Борис Джонсон ұйымдастырған отырысқа қатысты.
Джонсон отырыс соңында: «G7 тобының мүшелері Талибанмен диалог өткізу үшін бағдарлама жасауға келісті. Ол Талибанмен болашақтағы әріптестікке жол картасы болмақ. Бірақ бір шарт бар: Талибан елден кетіп жатқан ауғандарға қауіпсіз жол қалыптандыруы керек»,-деді.
G7 басшылары: «БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің қолдауынсыз Ауғанстанда Талибанды біржақты негізде ресми түрде тануға қарсымыз»,-деп мәлімдеді.
Ресми түрде тану – бір саяси қадам. Егемендігі бар елдер мұны қабылдайды. Оның маңызды салдарлары болады. Соның ішінде Талибанға шетелдік көмектерге қол жеткізуге рұқсат береді. Ауғанстанның бұрынғы үкіметі бұған тәуелді болды. Сол себепті қазір доп БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің алаңында. Ол Ауғанстан мен Талибанның болашағы жайлы шешім қабылдауы керек.
Бірақ маңызды мәселе мынада: G7 басшыларының Талибанмен қатынас тәсілі және Батыс елдері азаматтары мен елден кеткісі келетін ауғандар үшін қауіпсіз өткел тудыру туралы бірыңғай пікірге ие екендігі жайлы уәждерге қарамастан, осы отырыста қайшылықтар бар екені айқын байқалды.
Отырысқа дейін АҚШ Президенті Джо Байден осы топ басшыларының, соның ішінде Джонсонның АҚШ пен басқа да одақтас елдер әскерилері, шетелдік азаматтар мен бөгде армиялармен әріптестік жасаған ауғандардың бірқатарын Ауғанстаннан шығару мерзімін ұзарту туралы өтінішіне келіседі деп күтілген. Бірақ Джо Байден 11 минут бойы бұл мәселенің мүмкін еместігі жайлы сөз сөйлеп, басқа басшылар, соның ішінде Джонсонға қарсылық білдірді.
Жалпы G7 басшыларының отырысы мәнсіз болды. Тек кейбір алаңдаушылықтар, уәделер мен уәждер қайталанды. АҚШ ең шұғыл мәселені шешу жолы, яғни Батыс елдері азаматтары мен оның ауған одақтастарының Кабулдан шығу жолына, Талибанның осы саладағы қоқан-лоққыларына қарсы тұру тәсіліне қатысты G7-ның басқа басшыларынан бөлек көзқарасқа ие. Байден басқа мәселелер сияқты осы жолы да тек АҚШ мүддесін қорғайтынын көрсетті.