БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Ауғанстан туралы қарар шығарды
(last modified Tue, 31 Aug 2021 14:52:23 GMT )
Там 31, 2021 20:52 Asia/Almaty
  • БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Ауғанстан туралы қарар шығарды

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі дүйсенбі күнгі отырысында Ауғанстан туралы қарар бекітті. Онда Талибаннан ауғандар мен шетелдік азаматтардың елден аман-есен шығуын қамтамасыз ету сұралған. Бұл қарар 13 оң және 2 қалыс дауыспен қабылданды.

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің Ауғанстанға қатысты қарар бекіткендегі мақсаты осы дағдарысқа ұшыраған елдің жағдайын тез арада реттеу сыңайлы. АҚШ және басқа батыстық күштердің Ауғанстаннан толық шығарылып, Талибан тобы Кабул мен оның әуежайына толық бақылау орнатқанын ескерсек, жағдай мәз емес.

Бұған қарамастан, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде Ауғанстан және Талибанмен қатынас түрінде екіқырлылық бар. Осы орайда Батыс елдері  Талибанға қысым жасау саясатын ұстанып, оларды міндеттемелерді орындауға көндіруді қалайды. Франция Президенті Эммануэль Макрон Лондон мен Париж үкіметтерінің БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне ұсынған қарар жобасында Кабулда БҰҰ-ның бақылауындағы қауіпсіз аймақ құру қажеттігін айтты. Ол бұл жобаны «гуманитарлық амалдар мен Талибанға қысымды жалғастыру» деп атады.

Ал бұл жағдайда БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің басқа екі тұрақты мүшесі, яғни Ресей мен Қытай Талибан тобымен әрекеттестікті арттыруды және міндеттемелеріне берік болғанға дейін онымен әріптестікті жалғастыруды қалайтындарын білдірді. Шын мәнінде Мәскеу мен Бейжің Талибанның Ауғанстанға үстемдік етуін бұлтартқысыз шындық деп қабылдап, Талибанның басшыларымен болған кездесулерде айтылған ұстанымдарды ескеріп, олардың Ауғанстанға билік жүргізетінін де-факто, яғни іс жүзінде мойындауды сұрады.

АҚШ бастаған Батыс елдері бұған қарсы.  Дәл қазіргі жағдайда Талибанды ресми түрде танымайтындарын баса айтуда.

Талибанның жаңа үкімет құрудағы қадамдары, жасайтын өзгерістері мен ықтималды бейбіт ұстанымдары болашақта Батыс елдерінің Ауғанстанда Талибан билігін қабылдау мүмкіндігін арттырады.

АҚШ әскерилері 31 тамызда Ауғанстаннан ресми түрде шыққаннан кейін, яғни Вашингтон іс жүзінде Ауғанстаннан қашқаннан кейін осы елдің тарихында ғана емес, халықаралық сахнада да жаңа тарау басталды деп айтуға болады.  

Тегтер