Байден Украинаға америкалық күштерді жібермейтінін айтты
(last modified Thu, 09 Dec 2021 18:15:36 GMT )
Жел 10, 2021 00:15 Asia/Almaty
  • Байден Украинаға америкалық күштерді жібермейтінін айтты

АҚШ Президенті Джо Байден сәрсенбі күні тілшілерге берген сұхбатында "АҚШ Ресейдің Украинаға ықтималды шабуылына қарсы тұру үшін америкалық күштерді пайдалана ма?" деген сұраққа жауабында: "Бұл шешім жолы әзірге қарастырылып жатқан жоқ",-деді.

Ол: "Біз НАТО-дағы одақтастарымызға шабуыл жасалған жағдайда оларды қорғауға міндеттіміз. Бірақ бұл міндет Украинаға қатысты емес",-деді.

АҚШ Президенті: "Біз біржақты негізде Ресейге қарсы әскери күш қолданбаймыз. Ресей мен Украина қайшылығын шешу жолына жету үшін америкалық күштерді қысым тетігі ретінде пайдаланбаймыз",-деді.

Байденнің ұстанымы шын мәнінде Вашингтон мен НАТО-ның бұрынғы позициясынан кері шегіну саналады. Бұрын НАТО Ресей Украинаға әскери басқыншылық жасаған жағдайда әскери жауап беріледі деген позиция ұстанған болатын. Шын мәнінде НАТО жарғысының 5-бабына сәйкес, бұл батыстық әскери ұйым өзіне мүше елдерге әскери шабуыл жасалған жағдайда ұжымдық қорғанысты қамтамасыз етуге міндетті. НАТО мен Украина соңғы екі жылда тығыз әрекеттестік жасағанымен, бұл әскери коалиция заң бойынша Ресей тарапынан шабуыл жасалған жағдайда Украинаны қорғай алмайды. Байденнің соңғы сөздеріне дейін осы ұйымның басшылары, оның бас хатшысы Йенс Столтенберг пен АҚШ-тың басқа да жоғары әскери-қорғаныс басшылары, соның ішінде Қорғаныс министрі Ллойд Остин Ресейдің Украинаға ықтималды шабуылдарына әскери күшпен төтеп беру қажеттігін айтып келген болатын. Әрине НАТО-да Ресейдің Украинаға шабуылына реакцияға қатысты айқын айырмашылық бар.

Байден өз позициясын білдіргенге дейін АҚШ, Ұлыбритания мен Канада осы мәселеге қатысты кесімді әскери реакция білдіру қажет деп санады. Ал Германия мен Франция НАТО-ға мүше ең ірі еуропалық елдер ретінде мұнымен келіспей, Ресеймен әскери қақтығысқа қарсы шықты.  

Байден Ресей Президенті Владимир Путинмен бейнеконференция арқылы сөйлескеннен бір күн өткен соң: "Ресей мен НАТО мүшелерінің қатысуымен өтетін отырыс Мәскеудің НАТО-ның Шығысқа қарай таралуына алаңдауына жауап беруге бағытталады",-деп мәлімдеді.

Бұл Байденнің сырттай мынадай шешімге келгенін көрсетеді: "Қырғи қабақ" соғысынан кейін Ресей мен Батыс арасында бұрын-соңды болмаған текетіресті азайту үшін Ресейдің талап-тілегіне көңіл аудару керек.   

Тегтер