АҚШ Қытайға Ресейді қолдауына қатысты ескерту жасады
(last modified Mon, 14 Mar 2022 11:12:39 GMT )
Нау 14, 2022 17:12 Asia/Almaty
  • АҚШ Қытайға Ресейді қолдауына қатысты ескерту жасады

АҚШ Президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джейк Саливан жексенбі күні Қытайға "Ресей экономикасын қолдауға жəне Батыстың Ресейге қарсы санкцияларының салдарын жеңілдетуге талпыну" туралы ескерту жасады.

Саливан Қытайдың Ресейдің Украинаға шабуыл жасайтынынан хабардар болғанын айтып: "Біз Қытайдың Ресейге қаржы-экономикалық қолдауының шынайы көлемін жіті бақылап отырмыз. Ешбір елге Ресейдің экономикалық шығындарын өтеуге талпынуына жол бермейтінімізді Қытайға ескерттік",-деді.

Ресей мен Қытай АҚШ-қа бəсекелес екі алпауыт ел ретінде соңғы жылдарда ауқымды қарым-қатынас орнатты. Олар АҚШ-тың қысымдары мен қоқан-лоққыларына қарсы күресу үшін бір-бірімен стратегиялық əріптестік жүргізуде. АҚШ өзінің маңызды құжаттарында əрдайым осы екі елді Вашингтонға қарсы ең ірі қатер деп атайды. 24 ақпанда Ресей Украинаға арнайы əскери операциясын бастағаннан кейін Батыс елдері Ресейге қарсы ауқымды санкциялық майдан бастады. Санкциялар саясат, дипломатия, сауда, экономика, спорт, медиа жəне əскери қауіпсіздік салаларын қамтыды. Бұған қарамастан, Қытай өзінің макро саясаты аясында осы майданға қосылмағаны былай тұрсын, Ресейді айыптаудан да бас тартты.

Бейжің Украина соғысында қос тарапты ұстамдылыққа шақырып, бейбіт келісімге келуге бағытталған дипломатиялық талпыныстарға қолдау білдіріп, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Украина дағдарысын шешуде сындарлы рөл ойнауы қажет деп санайды.

Қытайдың ұстанымы мен Ресеймен ауқымды қарым-қатынас деңгейін ескеріп, қазір Мəскеу Батыстың бұрын-соңды болмаған санкцияларының бүлдіргі əсерін азайту үшін Қытайдың көмегіне үміттеніп отыр. Əсіресе екі ел соңғы жылдарда сауда, экономика, энергетика, қауіпсіздік жəне қорғаныс салаларында көптеген келісімдер мен келісімшарттарға қол қойды.

Сондай-ақ Бейжің мен Мəскеу өзара саудада доллардың əсерін азайтып, ұлттық валюталарды тұрақты түрде пайдалануға көшті.

Ресейдің Қаржы министрі Антон Селиванов Мəскеудің Батыс санкцияларына төтеп беру үшін Қытайға арқа сүйеп отырғанын айтып: "Қытаймен серіктестік қазіргі əріптестік деңгейін сақтап қалуға ғана емес, Батыс нарықтары жабылған кеңістікте ынтымақтастықты одан ары арттыруға мүмкіндік береді",-деді.

Бейжің қазіргі дағдарысты жағдайда Мəскеуді тастап кетпейтін сыңайлы. Шын мәнінде Қытай Батыстың жауластық əрекеттері мен қысымдарына төтеп беру үшін Ресейдің көмегіне зәру. Екі ел АҚШ пен оның Батыс одақтастарына қарсы біртұтас майдан құра алады.