Еуропадағы исламофобия: сөз бостандығына қатысты екіқырлы критерийлер
(last modified Sun, 17 Apr 2022 19:34:12 GMT )
Сәу 18, 2022 01:34 Asia/Almaty
  • Еуропадағы исламофобия: сөз бостандығына қатысты екіқырлы критерийлер

Соңғы жылдары Еуропа елдерінде мұсылмандарға қарсы қатігездіктер мен исламофобия үдерісі күшейе түсті. Әсіре оңшыл адамдар, қозғалыстар мен партиялар пайда болып, осы салада айрықша рөл атқарды.

Еуропада жуырда исламға қарсы жасалған әрекетте бір әсіре оңшыл адам Швейияда Құран Кәрім кітабын өртеуге тырысқан. Данияның исламға қарсы оңшыл партиясының басшысы Расмус Палудан «Қатаң бағыт» ретінде өз қолдаушыларымен бірге Швецияның шығыс жағалауында орналасқан Линчепинг қаласында жиналып, Құран Кәрім кітабын өртеуді жоспарлаған. Бірақ жиын басталғанға дейін осы шараға наразы мұсылмандар мен полиция арасында қақтығыс болды.   

Дания мен Швеция үкіметтерінің осы әсіре оңшыл топқа исламның қасиетті дүниесіне құрметсіздік көрсетіп, Құран Кәрімді өртеу арқылы мұсылмандарды қорлауға рұқсат беруіндегі сылтауы – сөз бостандығы және Еуропа үкіметтерінің сөз бостандығын сақтайтыны туралы уәждері. Батыс елдері, соның ішінде Еуропа елдерінің сөз бостандығына қатысты екіқырлы критерийлеріне шолу жасағанда бұл мәселенің тек Батыс қалаған тақырыптар, соның ішінде исламофобия, исламмен жауластық, мұсылмандардың қасиетті дүниелерін қорлау мәселелері сыналған кезде ғана бас көтеретінін көруге болады. Басқа мәселелер, мысалы, Холокост, яғни еврейлердің Екінші дүниежүзілік соғыста қырып-жойылуына қарсы немесе қазіргі Украина соғысында Ресейдің мүддесіне сай ұстаным білдірілсе, Еуропа үкіметтері теріс пікір білдірген адамдарға қатаң қатынас көрсетіп, заңмен қудалайды.

Осындай екіқырлы кемсітушілік қатынастың айқын мысалы ретінде Францияда Charlie Hebdo басылымының Ислам пайғамбарына (с.ғ.с.) сан рет тіл тигізуін айтуға болады. Бұл елде және әлемдік деңгейде мұсылмандар ауқымды наразылық білдірсе де, Франция Президенті Эммануэль Макронның ашық қолдауына ие болған Charlie Hebdo басылымы Ислам пайғамбарын (с.ғ.с.) келекелейтін карикатуралар басып шығарды. Макронның елде сөз бостандығын сақтау қажеттігін айтып, Charlie Hebdo басылымының исламның қасиетті дүниелерін қорлауын ақтауы тіпті ел ішінде де қатты сыналды.  

Басқа жағынан Францияда президенттік сайлаудың бірінші кезеңі өтіп, ұстамшыл үміткер Эммануэль Макрон мен әсіре оңшыл үміткер Марин Ле Пеннің екінші кезеңге жол тартқаннан кейін осы екі үміткердің франциялықтардың назарын өздеріне аударуға деген талпыныстары исламға қарсы ұстанымдардың күшеюімен арта түсті.

Мигранттар мен исламға қарсы Марин Ле Пен: «Хиджаб – бір униформа. Ұзақ уақыт бойы бұл киім исламға қатысты радикал көзқарасқа ие адамдар тарапынан қолданылды»,-деді. Оның сенімінше, қоғамдық жерде исламдық хиджабпен жүрген адамға жол жүру ережесін бұзған адам сияқты айыппұл салынуы тиіс. Макрон хиджабқа қатысты Ле Пеннің ұстанымынан алшақ болуға тырысып, ешбір заңды өзгертпейтінін айтқанымен, Франция мектептерінде хиджабқа тыйым салу туралы заң жобасына қолдау білдірді. Сондықтан еуропалық саясаткерлер мен үкіметтер арасында исламмен жауласу, мұсылмандарға қарсы шектеулерді күшейту тұрғысынан еш айырмашылық жоқ екені айқын.