Еуропада Ресейдің мұнай санкцияларына қарсылық көбейді
Еуроодақ Ресейге қарсы алтыншы санкциялық пакет аясында осы елдің мұнайына санкция салатыны туралы сес көрсеткенімен, бұл мәселе Еуропада қарсылыққа ұшырады, тіпті америкалық саясаткерлер ескерту жасады.
Словакия Экономика министрі Рихард Сулик Ресейдің мұнайына санкция салу туралы ескертті. Ол өз сөзінде: «Ресейден Еуропаға мұнай импорттауға тыйым салу Еуропаның экономикасын қиратып, Словакия, Аустрия, Чех республикасы мен Украинаға теріс әсер етеді»,-деді.
Венгрия Сыртқы істер министрі Петер Сийярто да Еуропаның теріс ұстанымын сынап: «Ресейден энергия көздерін (мұнай мен газ) қамтамасыз ету саласындағы позициясына байланысты Венгрия әділетсіз түрде Еуроодаққа мүше елдер басшыларының шабуылына ұшырады»,-деді. Ол еуропалықтардың Венгрияның мұнай мен газ саласында Ресейге тәуелділігін сынағанына реакциясында: «Біз бұл мәселені тек Венгрияның ұлттық мүддесінің перспективасы тұрғысынан қарастырамыз. Батыс пен Шығыстың не ойлайтынында жұмысымыз жоқ. Біз үшін энергетика саласында шынайы қауіпсіздікті сақтау аса маңызды. Өйткені қазіргі таңда Венгрияның экономикасы Ресейден мұнай импортына тәуелді. Біз үшін Ресейдің энергия көздеріне тәуелділікті тоқтату мүмкін емес»,-деді.
АҚШ Қаржы министрі Джанет Йеллен де: «Еуроодақтың Ресей мұнайына санкция салу шарасы шикі мұнай бағасының көтерілуіне себеп болуы ықтимал»,-деп мәлімдеді.
Шын мәнінде Ресейдің мұнайына тәуелді елдер үшін басқа энергия көздеріне көшу оңай іс емес. Әсіресе қысқа уақытта және тіпті орта мезгілде олардың экономикасына көп шығын келеді. Словакия Экономика министрінің «Ресей мұнайына санкция салу Еуропа экономикасының қирауына алып келеді» деген ұстанымы осыған меңзейді.
АҚШ-қа одақтас еуропалық елдер, соның ішінде Ұлыбритания, Польша мен Балтық елдері Ресей мұнайына санкция салуға табандылық танытып отыр. Осы орайда Ұлыбритания Сыртқы істер министрі Лиз Трасс Ресейден мұнай мен газ импортын мүлде тоқтатуды талап етті. Трасс Ресейге қарсы сөздер барысында: «Украинадағы соғыс біздің және бәріміздің соғысымыз. Украинаға қолдау көрсету үшін «Маршал» жаңа жобасы бойынша өз одақтастарымызбен әріптесуге дайынбыз»,-деді.
Осылайша қазір Еуропа жолайрықта тұр: не өзінің экономикалық мүддесін қорғап, Ресейден мұнай мен газ импортын жалғастырып, экономиканы дамыту үшін қатты зиян мен шығын келуінің алдын алуы керек немесе АҚШ-қа жақтасуы тиіс.