АҚШ Украинаға 40 млрд доллар көлемінде көмек беру жобасын бекітті
АҚШ-тың Өкілдер палатасы сейсенбі күні Украинаға көмектесу үшін 40 млрд доллар көлемінде бюджет бөлу жобасын бекітті. АҚШ Президенті Джо Байден осы жобаның бекітілуін асықтырған болатын. Жоба 368 оң, 57 теріс дауыспен бекітілді.
Бұдан кейін АҚШ-тың Сенат палатасы да оны растауы керек. Сонда Байден оған заң ретінде қол қоя алады. Бұдан бұрын Джо Байден Украинаға 33 млрд доллар көлемінде көмек беруге ұсыныс жасады. Алайда Конгресс өкілдері көмек көлемін арттыруды сұрады. Шын мәнінде АҚШ Конгресі елде коронавирустың таралуына қатысты қосымша бюджет сияқты халыққа қажетті шығындарды қарастыруды кейінге қалдырып, Украинаға көмектесу бюджетін бекітуге басымдық берді.
АҚШ-тың Өкілдер палатасының Украинаға көмектесу жобасын бекітудегі басты мақсаты Вашингтонның Украинада соғысты ұзартып, осы мұрсатты Ресейді әсіресе әскери қуат саласында одан ары әлсірету үшін пайдалануға талпынуы болып отыр. АҚШ НАТО-мен бірге Ресейдің қауіпсіздік саласындағы талап-тілектеріне, әсіресе НАТО-ның Шығысқа ілгерілеуден бас тарту талабына және Украинаның НАТО-ға қосылуына қатысты Мәскеудің ескертулеріне көңіл аудармай, іс жүзінде үшінші айға аяқ басқан Украина соғысына жағдай жасады. Вашингтон еуропалық серіктестерімен бірге осы күнге дейін Украинаға миллиардтаған долларға әскери құрал-жабдықтар мен қару-жарақтар жіберді. Бір қызығы, Джо Байден Украинадағы өзгерістерге қатысты соңғы сөзінде: "Ресей Президенті Владимир Путиннің Украина соғысынан шығатын жол таппасына алаңдаймын",-деп мәлімдеді. Сондай-ақ Вашингтон Киевке ақпараттық көмек беру саласында жан аяп қалған жоқ. АҚШ медиа өкілдерінің осы мәселені әшкерелеуі Байденнің ашу-ызасын тудырды.
Саяси сарапшы Лаура Келли: "Ел басшысы тиімді әрекет етпесе де, АҚШ үкіметінің Украинаға қолдауды Мәскеумен тікелей қақтығысқа ұласпайтындай деңгейде деп көрсетуге қадамдар жасағанына біраз болды",-деді.
Осы салада еске салатын тағы бір мәселе мынау: АҚШ-тың экономикалық жағдайы нашарлап барады. Статистика бойынша бұл елдегі инфляция бұрын-соңды болмаған деңгейге көтерілді. Тіпті АҚШ-та бензин бағасы тарихтағы ең жоғары межеге жетті. Бұл мәселе АҚШ азаматтарына қатты әсер етіп отыр. Бұған қарамастан, АҚШ Конгресі өз халқына көмектесіп, әл-ауқатты жақсартуға бағытталған бағдарламаларды қаржыландыру жобаларын бекітудің орнына Украинаға әскери көмек беріп, Байден үкіметі сұраған сомадан артық ақша бөліп, іс жүзіне АҚШ азаматтарынан алынатын салықты арттырып, Еуропа мен әлемде қауіпсіздікті азайтып, тұрақсыздық тудыруға себеп болып отыр.