Зардари Ауғанстандағы Талибан үкіметімен әріптестік жасау қажеттігін қуаттады
(last modified Thu, 19 May 2022 14:46:24 GMT )
Maм 19, 2022 20:46 Asia/Almaty
  • Зардари Ауғанстандағы Талибан үкіметімен әріптестік жасау қажеттігін қуаттады

Пәкістанның Сыртқы істер министрі Ауғанстандағы Талибанның уақытша үкіметімен әріптестік жасау қажеттігін қуаттады.

Дүниежүзілік азық-түлік қауіпсіздігі саммитына қатысу үшін Нью-Йоркке барған Билавал Бхутто Зардари: "Исламабад Ауғанстан халқының нашар жағдайын жақсартуға көмектесу үшін ұжымдық талпыныстарды қолдауды жалғастырады. Осы елдің дағдарысын шешуге көмектесу үшін Талибанмен әріптестік жасау маңызды деп санайды",-деді.  

Ауғанстан халқының қиыншылықтарын ескеріп, Талибанмен әріптесу осы елді түрлі дағдарыстан шығаруға көмектесудің жалғыз жолы екені күмәнсіз. Дағдарыстың жалғасуы Ауғанстанды гуманитарлық апаттарға ұшыратады. Талибанның әлі де халықаралық қауымдастық тұрғысынан танылмағанын ескерсек, бұл тақырып аса маңызды. Өйткені Ауғанстанда болған қырық жылдық басқыншылық пен азаматтық соғыстарда халық, әсіресе әйелдер мен балалар құрбан болды.

Ауғанстан істері жөніндегі сарапшы Амин Фарджад: "Талибан Ауғанстандағы билігінің халықаралық қауымдастық тарапынан танылуы үшін тиісті шарттарды орындауға шара қолданбаса да, ауған халқында ашаршылық пен кедейліктен құтылу үшін осы топпен әріптестік жасағаннан басқа амал жоқ",-деді.

Пәкістан мен аймақтық және халықаралық орталардың Талибанмен әріптестікке қатысты көзқарасы әрқилы. Өйткені Пәкістанның бұрынғы және қазіргі басшылары, соның ішінде осы елдің марқұм Премьер-министрі әрі қазіргі Сыртқы істер министрінің анасы Беназир Бхуттоның айтуынша, Исламабад пен Вашингтон Талибанды құрып, нығайтуға атсалысқан. Пәкістанның көзқарасынша, Талибанмен кез келген әріптестік осы ел арқылы жүзеге асырылуы тиіс. Сол себепті соңғы айларда Талибанмен әріптесуге бағытталған аймақтық және халықаралық талпыныстардың барлығы нәтижесіз аяқталды.

Пәкістанның соңғы жылдардағы Ауғанстанмен қатынасы мынаны көрсетеді: Исламабад тұрғысынан Вашингтон Талибанмен әріптестікті, яғни Кабулға кіру жолдарының барлығын Исламабад арқылы жүзеге асыруды қабылдауы тиіс.   

Ауғанстан істері жөніндегі сарапшы Соруш Амири осы туралы: "Пәкістан Ауғанстанды өзінің ішкі ауласы санайды. Сол себепті аймақ және әлемдегі кез келген елдің Ауғанстанда болуына қатысты теріс саясат жүргізеді. Пәкістан әлемдік қауымдастықтың Ауғанстанда Талибанның қайта билікке келгенін жақтырмайтынын күтпеген болатын",-деді.  

Қалай болғанда да, Пәкістанның Ауғанстанда Талибанның қиыншылықтарын шешуге, соның ішінде экономикалық және тұрмыстық дағдарысты шешуге көмектесе алмауы Исламабад үкіметінің "Талибанмен әріптестік!" ұранын көтеруіне себеп болды. Бірақ Пәкістанның Талибанға аға ретінде қарауы және осы топтың ішкі-сыртқы саясаттарына қатысты шешім қабылдауы Ауғанстанның қиыншылығын шешуде шынайы ілгерілеушіліктің болмауына әкеліп соқтырды.

Тегтер