Еуропа кері шегінді: Германия канцлері Путинмен диалог өткізу керегін мойындады
2014 жылы Украинада дағдарыс басталғаннан кейін Ресей мен Еуропаның қарым-қатынасы текетіреске толы. Украинада соғыс басталып, Еуропаның оған араласуы текетіресті одан ары өршітіп жіберді. Тіпті соғысты тоқтату үшін дипломатиялық шешім жолына жету мақсатында келіссөз өткізу жобасы осы күнге дейін нәтиже бермеді.
Осы орайда Германия канцлері Олаф Шольц: "Қайшылықтардың барына қарамастан, Ресей Президентімен диалогты толық тоқтату үлкен қателік болды",-деп ескертті.
Олаф Шольц Ресей Президенті Владимир Путинмен келіссөздерді тоқтатудың айқын қателік болғанын мойындап, Франция Президенті Эммануэль Макроннан G7 тобының мүшесі ретінде Путинмен қайтадан диалог өткізуді қарастыруын сұрады.
Украина НАТО-ға мүше боламын деп талпынып, Батыс елдері бұл бастаманы қолдағаннан кейін Украинада соғыс басталды. Батыс елдері соғыста Украинаны жақтағаннан кейін соғыс ұзаққа созылып кетті және оны келіссөздермен аяқтау жолы жабылды. Басқа сөзбен айтқанда Еуропа пен АҚШ-тың Мәскеу мен оның қауіпсіздік талаптарына қарсы соғысқұмар позициялары тараптардың әскери қақтығыстарын арттырып, Украина соғысын тоқтату үшін түсіністікке келу мақсатында келіссөз өткізу жолын жапты.
Ал бұл жағдайда Путин әрдайым "Ресей соғысты қаламайды. Алайда бұл ел көздеген шарттар орындалуы тиіс" деп мәлімдеп келеді. Осы орайда Кремльдің ақпарат хатшысы Дмитрий Песков: "Путин Ресейдің мүдделерін кепілдендіру үшін келіссөздер жолын әрдайым ашық қалдырып отыр",-деп баса айтты.
Еуропа елдері кейінгі апталарда соғысты тоқтату үшін дипломатиялық шешім жолына жету мақсатында келіссөз өткізу жайлы сөз қозғады. Шын мәнінде кейінгі кезде Еуропа қолайсыз жағдайда тұр. Вашингтонның саясатын жақтап, Ресей экономикасының түрлі салаларына, соның ішінде мұнай мен газ өнеркәсібіне санкциялар салған Еуропа енді өзі тығырыққа тірелді. Еуропа басшылары алдағы қыста болатын отын тапшылығына алаңдап отыр.
Франция Парламентінің депутаты Николя Дюпон-Эньян осы жайлы: "Украинаға қатысты жағдай бақылаудан шығып кетті. Бұл Еуропаны экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан өлтіреді. Сондықтан экономикалық санкциялар толық жойылып, бітім орнап, келіссөздер басталуы үшін Украинаға қару-жарақ жіберу тоқтатылуы тиіс",-деді.
Ал бұл жағдайда Еуропа елдері украиналықтар Батыс жіберген қару-жарақтардың көмегімен соғыс үдерісін өзгертіп, Мәскеуді Украинадан кері шегінуге мәжбүрлеп, соғыс аяқталған соң жағдай қалыптанады деп үміттенген болатын.
Ал енді соғыс жалғаса түскен соң жағдай өзгерді. Олар алдағы қыстан ғана емес, Украина соғысының шығындарын өтеудің қиындағанына алаңдайды. Әсіресе соғысты қолдап, Еуропаны ортаға салған АҚШ енді көп қиыншылыққа ұшырап отыр.
Еуропа елдері арасында текетірестің күшеюі, әлеуметтік және экономикалық дағдарыстардың белең алуы, Украинаға қаржы және қару-жарақпен көмектесу қабілетінің төмендеуі, АҚШ-тағы саяси өзгерістер және бұл елдің Украина соғысына көмектесуді жалғастыруына қарсылықтар – осының барлығы Еуропа басшыларының соғысты тоқтату үшін келіссөз өткізуді бұрыннан бетер талап етуіне себеп болған сыңайлы.