Батыс елдері мен Украина Словакияда Роберт Фицоның жеңіске жеткеніне алаңдап отыр
Словакия парламенттік сайлауында Роберт Фицоның жеңіске жетуі Украина одақтастары үшін дабыл дауысындай болды. Солшыл саясаткерлер Ресейге қарсы санкцияларға және Украинаға қару-жарақпен көмектесуге қарсы.
Словакиядағы парламенттік сайлаудың 99 пайыз дауысын санау нәтижесі осы елдің бұрынғы Премьер-министрі бастаған "Бағыт" солшыл партиясының жеңіске жеткенін көрсетеді.
Reuters ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Роберт Фицо – популист, Ресейді қолдаушы, АҚШ пен Батыстың Украина соғысына қатысты ұстанымдарына қарсы адам.
Батыстағы негізгі ақпарат құралдары Словакиядағы парламенттік сайлаудың нәтижесін Шығыс Еуропадағы осы кішкентай елдің Ресеймен соғыста Украинаны қолдауына сынақ деп атап: "Роберт Фицоның жеңіске жетуі Еуроодақ пен НАТО-ның әлсіз бірлігіне әсер етуі ықтимал",-деп ескертті.
Роберт Фицо сайлауалды науқанында: "Билікке қайтып оралған жағдайда Словакияның Украинаға әскери қолдау көрсетуін доғарамын",-деп мәлімдеді.