Иран, Үндістан мен Ауғанстан басшылары ортақ баспасөз отырысын өткізді
Иран мен Ауғанстан Президенттері және Үндістанның Премьер-министрі аймақтың бейбітшілігі, тұрақтылығы мен қауіпсіздігін нығайту үшін үш елдің қарым-қатынасын кеңейту қажеттігін қуаттады.
Иран Президенті Хасан Рухани мен Ауғанстан Президенті Мұхаммад Ашраф Ғани және Үндістанның Премьер-министрі Нарендра Моди дүйсенбі күні түстен кейін Теһранда баспасөз отырысын өткізіп, Чабахар транзиттік жолы туралы үшжақты келісімге қол қоюдың үш елдің әріптестігі мен ортақ инвестиция салуда және аймақтық қарым-қатынастарда үлкен өзгерістің орын алуына себеп болатынын айтты.
Хасан Рухани осы үшжақты баспасөз отырысында: «Үшжақты келісімнің мақсаты әлем халықтарына «біз сындарлы байланыс жолында ортақ әріптестік үшін одақтасамыз» деген жолдауды жеткізу. Бұл келісімнің аймақтың қауіпсіздігі, тұрақтылығы, ынтымақтастығы мен дамуына айтарлықтай көмектесетіндігі анық»,-деп мәлімдеді.
Ауғанстан Президенті де осы үшжақты келісімді үш елде ғана емес, бүкіл аймақта үлкен өзгерістің орын алуына жағдай жасайтынын айтып: «Иран, Үндістан мен Ауғанстан үшжақты келісімі аймақ елдерінің арасындағы қарым-қатынастың дамуына мүмкіндік жасап, Қытайдан Орталық Азияға дейінгі елдерді бір-біріне байланыстырады»,-деді.
Үндістанның Премьер-министрі де осы баспасөз отырысында бұл келісімнің үш елдің ерік-жігерінің арқасында жүзеге асатынын қуаттап: «Бұл жоба мен ортақ әріптестік аймақ үшін өте жақсы үлгі болмақ. Оны «оңтүстік-солтүстік» халықаралық тасымал дәлізіне қосуымыз керек»,-деді.