Алеппода ирандық тілші шәһид болды
UNESCO-ның мәліметтеріне сәйкес, өткен он жылда қызмет атқарып жатқан кезде 827 тілші қаза болған. Тілшілердің өлімінің ең жоғарғы көрсеткішіне ие әрі тілшілердің қызмет атқаруы үшін ең нашар саналатын елдердің қатарын Сирия, Ирак, Йемен мен Ливия құрайды.
Иран Телерадио ұйымының Сириядағы тілшісі Мохсен Хазаи Алеппо аймағындағы амалдар туралы репортаж дайындап жатқан кезінде шәһид болды. Иран Телерадио ұйымының хабар тобы басқа ақпарат құралдарымен бірге қақтығыс майданындағы соңғы өзгерістер мен сарбаздардың жаңа жетістіктері туралы хабар тарату үшін Аллепо қаласының батысында жүрген кезде лаңкестердің зымырандық шабуылының нысанасына алынды. Сол шабуыл кезінде Мохсен Хазаидің басына зымыранның бір сынығы тиіп, шәһид болды. Иран Телерадио ұйымының бір операторы да жауырын тұсынан жараланып, қазір ауруханада жатыр.
1972 жылы дүниеге келген Мохсен Хазаи Иран Телерадио ұйымындағы қызметін 1995 жылы бастады. Оның қызметінің шарықтау шегі Иранның шығысында Джунд-әл-Шайтан атты тәкфіршіл ағымның іс-әрекеттері шарықтап тұрған кезбен тұспа-тұс келді. Ол түрлі бағдарламалар дайындап, бұл топтың бүлдіргі ой-пікірлерінің бетін ашты. Шәһид Мохсен Хазаи Систан мен Балучестан облысының Захедан қаласындағы «Жас тілшілер» клубында өзін жақсы қырынан көрсеткеннен кейін Иранның басқа да бірнеше қаласында қызмет атқарды. Кәсіптік хабар тарату алаңындағы жылдар бойғы талпыныстарынан кейін Зейнеб кесенесін қорғауға деген құштарлық оны Сирияға қарай тартты. Соңында 12 қараша күні Алепподағы амалдар туралы репортаж дайындау кезінде шәһид болды.
Осы аяда ИИР-ның саяси, әскери және мәдени салаларындағы тұлғалар осы мәселеге байланысты жолдаулар жіберіп, осы тілшінің шәһид болуына орай көңіл айтты.
Иран Телерадио ұйымының төрағасы бір жолдауында осы ұйымның тілшісі Мохсен Хазаидің Сирияда шәһид болуына байланысты оның отбасы мен әріптестерінің қайғыларына ортақтасып, оны Сирия мен Алеппо халқының үстемшілдік пен лаңкестік, тәкфіршілдер мен надандардың қолынан көріп отырған езгі мен қорлықтарының адал баяндаушысы деп атады.
Бұдан бұрын ирандық тілші әрі деректі фильмдердің режиссері Хади Бағбани да 2013 жылдың тамыз айында Дамаск маңында ән-Носрат майданы лаңкестік тобы қолынан шәһид болды.
UNESCO-ның соңғы мәліметіне сәйкес, әлемде төрт жарым күннің ішінде бір тілші қаза болады. UNESCO-ның жан түршіктіретін есебі өткен он жыл ішінде 827 тілшінің өз қызметтерін атқарып жатқан кезде қаза болғанын көрсетеді. Тілшілердің өлімінің ең жоғарғы көрсеткішіне ие әрі тілшілердің қызмет атқаруы үшін ең нашар саналатын елдердің қатарын Сирия, Ирак, Йемен мен Ливия құрайды. Латын Америкасы да араб елдерінен кейін тілшілердің қайтыс болуының мөлшері бойынша екінші орында тұр.
2015 жылы осы мәлімет жарияланғанға дейінгі екі жылдағы мөлшер тілшілердің қаза болуының ең жоғарғы көрсеткіші болды. Бұл кезде қаза болған 231 тілшінің 78-і араб елдерінде көз жұмды. Бұл мәліметте батыс Еуропа мен Солтүстік Америкада тілшілердің қаза болу жайттарының артуына қатысты ескерту жасалды. Себебі 2014 жылы бұл аймақта 9 тілші жан тапсырса, 2015 жыл бұл көрсеткіш 11 адамға жетті.
Осы мәліметте аталмыш елдерде жергілікті тілшілердің шетелдік тілшілерге қарағанда көбірек қауіп-қатермен бетпе-бет келіп, құрбандардың 90 пайызын құрайтындығы айтылған. Дегенмен шетелдік тілшілердің қаза болуына қатысты көрсеткіш те артып, 2014 жылы 17 адамды құрады. Бұл көрсеткіш одан бұрынғы жылдары орта есеппен алғанда 4 адамды құраған. Осы есепке сәйкес, ер-азамат тілшілердің өлім деңгейі әйелдерге қарағанда жоғарырақ болды. Өткен екі жыл ішінде 195 еркек кіндікті және 18 әйел тілші қаза болды.
Басқа бір мәліметте 2014-2015 жылдары ДАИШ тобы кейбір аймақтарды, соның ішінде Мосулды өз бақылауына алғаннан кейін Иракта 34 тілшінің өлтіріліп, жараланғаны жарияланды. "Шекара танымайтын тілшілер" ұйымының мәлімдемесіне сәйкес, осы кезеңде тілшілерді ұрлаудың 48 жайты тіркелген, оның басым бөлігі Мосулде орын алған. "Тілшілерді қолдау" комитетінің мәліметі бойынша, қаза болған тілшілердің 29 пайызы өлтірілуінен бұрын құрықталса, 41 пайызы қоқан-лоққыға ұшыраған, 7 пайызы қатты азапталған. Нью-Йорктегі "Тілшілерді қолдау" комитеті бір мәлімдеме жариялап, тілшілердің арасынан 28 адамның исламшыл-әсірешіл топтардың қолынан жан тапсырғанын хабарлады. Осы мәлімдемеге сәйкес, Сирияда тілшілердің құрбан болуының ең көп жайты тіркелген. Бұл елде 2015 жылы 13 тілші көз жұмды.
Тілшілерді қолдау комитетінің мәлімдеуінше, 2015 жылы өлтірілген 69 тілшінің арасынан 28 адам өлімінен бұрын қорқыту хаттарын алған. Осы тілшілердің басым бөлігі хабар дайындау үшін сезімтал әрі қауіп-қатерге толы сюжеттер іздестірген. Олардың кейбіреулері соғыс жүріп жатқан қауіпті жерлерде жұмыс жасап жүрген. Өкінішке орай, 2015 жылы өлтірілген тілшілердің саны өткен жылдармен салыстырғанда аз болғанымен, онда 13 тілші қаза болған Сирия бұрынғысынша ең жоғарғы көрсеткішке ие болып отыр.