Иран қаза болған өрт сөндірушілерді аза тұтуда
https://parstoday.ir/kz/radio/iran-i24342-Иран_қаза_болған_өрт_сөндірушілерді_аза_тұтуда
Теһран қаласының орталығында орналасқан «Plasco» ғимаратының өртеніп, құлағанынан бері бірнеше күн өткенімен, Иран ержүрек әрі батыл өрт сөндірушілердің қазасын әлі аза тұтуда. «Plasco» ғимаратының өртену және құлауы оқиғасы ирандықтардың батылдығы мен қайғыға ортақтастығын көрсетті.
(last modified 2026-03-19T19:42:26+00:00 )
Ақп 14, 2017 21:47 Asia/Almaty
  • Иран қаза болған өрт сөндірушілерді аза тұтуда

Теһран қаласының орталығында орналасқан «Plasco» ғимаратының өртеніп, құлағанынан бері бірнеше күн өткенімен, Иран ержүрек әрі батыл өрт сөндірушілердің қазасын әлі аза тұтуда. «Plasco» ғимаратының өртену және құлауы оқиғасы ирандықтардың батылдығы мен қайғыға ортақтастығын көрсетті.

Диктор 1:

Адамдар өрт басталғанда лаулаған оттан қорықпайтын, тек ілгері жүріп,  жалын мен түтінге тойтарыс беріп, үміт сәулесін жағатын қаһармандарға сенеді. Қазір сол қаһармандардың өздерінің өрт құрбандарын құтқарғаннан кейін зәулім «Plasco» ғимаратының өртенген үйінділерінің астында қалғанына бірнеше күн өтті. Ғимарат үйінділері – ауыр, алайда ирандықтардың жүрегіндегі қайғысы одан да ауыр. Қай жаққа көз салсаңыз да үйінділердің астында қалған өрт сөндірушілердің өз жандарының құтқарылуын тілеп тұрған  жасқа толы жаутаңдаған жанарлар мен алаңдаңдаушылық пен дұға тілеп, жоғары көтерілген қолдарды көресіз.

آتش سوزی و فروریختن ساختمان پلاسکو

Диктор 2:

«Plasco» ғимараты 53 жылдық тарихы бар Теһранның үлкен сауда орталықтарының бірі болған. Аталмыш ғимарат өткен аптаның бейсенбі күні өртке оранып, үш сағаттан соң толығымен құлады. Бұл оқиғаның алғашқы минуттарында өрт сөндірушілер оқиға аймағына келіп, тілсіз жаумен күреске кірісті. Олар өртенген ғимараттың көп бөлігіндегі өртті сөндіріп, өртті толығымен сөндіріп, сауда орталығындағы сатушылар мен жұмысшылардың жаны мен мүлкін сақтап қалуға күш салды. Өрт сөндірушілер барлығын ғимараттан шығарып, ғимараттың ішінде қалған адамдарды іздестіріп жатқан кезде кенеттен «Plasco» ғимараты бірнеше секундтың ішінде опырылып құлады. Жүздеген адамның өмірін құтқарған қаһармандардың өздері дәл сол құтқарылған халықтың көзінше өртенген ауыр үйінділердің астында көміліп қалды.

Диктор 1:

Қаһармандар қаза болып, Иранның жүрегі қасіретке батты. Сәт сайын осы оқиға жайлы суреттер мен хабарлар жариялана бастады. Иран халқы басқа жаңалықтарды ұмытып, сәт сайын тек осы оқиғаға қатысты хабарларды әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарынан бақылап отырды. Құтқарушылар, тіпті полиция қызметкерлері, әскери күштер мен инженерлер қаһармандардың үстіне құлаған ғимараттың үйінділерін ашу  үшін оқиға орнына жиналды. Цельсий шкаласы бойынша 200 градус дәрежесінде өртке оранып, құлаған үйінділердің үлкен көлемі өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың жұмысын қиындата түсті. Үйінділердің үстінде бұрғылау жұмыстарының әрбір кезеңінде қайтадан өрт басталып, қаһармандардың тірі қалуына деген үмітті азайта берді. Әріптестерінің үйінділердің астында көміліп қалуының куәсі болған басқа өрт сөндірушілердің көздерінен жас парлап, өксіп жылауы 80 миллион ирандықтың жүрегін сыздатқан ауыр оқиға болды.

غم و اندوه آتش نشانان 

Диктор 2:

Иран тарихы халқының қауіпсіздігі мен тыныштығы үшін өздерінің ғазиз жандарын пида еткен қаһармандардың ерліктеріне толы. Егер бұл қаһармандар болмағанда, Иран тарихы басқаша жазылар еді. «Шәһид» сөзі ирандықтар үшін таныс әрі қасиетті сөз болып табылады. Ал шәһид болу олардың ислам мәдениетіндегі ең көркем әрі ең шарапатты өлім саналады. Ислам мәдениетінде Құдай жолындағы джиһад пен күресте қаза тапқан адам шәһид саналады. Сонымен қатар, хадистерге сәйкес, мұсылмандарға қызмет ету немесе олардың жанын, мал-мүлкі мен намысын сақтап қалу кезінде қаза тапқан адам да шәһидпен тең сыйға ие болады. Басқалармен салыстырғанда шәһидтер қияметте Құдай алдында ең жоғарғы мәртебе мен абыройға ие болады. Осыған байланысты ардақты пайғамбар хазірет Мохаммад (с.ғ.с): «Бір топ мұсылманды сел немесе өрт қатерінен құтқарған адамға міндетті түрде пейіштің есігі ашылады»,- деген екен.

Диктор 1:

Қазіргі жәһілдік жаулаған әлемде адамдардың көпшілігінің пайда, дәулет пен материалдық өмірден көбірек ләззат алудан артық ешбір мақсаты жоқ. Шын мәнінде, бүгінде әлемді билеп отырған материалдық мәдениет жанкештілік пен өзін-өзі құрбан ету секілді жоғарғы құндылықтарды дұрыс түсіндіре алмайды. Зайырлы қоғамның этикасы адам қоғамының өмір сүруі үшін мұндай жанкештіліктерді қажет санап, жанкештілерді мадақтағанымен ақыл-есі дұрыс адамның өзін-өзі құрбан ету әрекетін түсіндіре алмайды. Өмірді дүниеге келу мен өліммен шектейтін адам бұл өмірден көбірек пайда тауып қалу үшін, тіпті басқа адамдардың өмірін құрбан етсе де, өз өмірін сақтап қалуға тырысады. Мұндай адамның басқалар үшін өз басын қатерге тігуді ақымақтық санауы табиғи жағдай. Адамдардың илаһи болмысы кейде қараңғылық шапқыншылықтарының арасынан ақиқаттың нұрын анықтайды. Сол себепті материализмге батып кеткен дүниеден де кейде өз-өзін құрбан етудің көрінісін байқауға болады. Бірақ материализмді дәріптейтін мәдениет кең етек жаятын болса, осындай биік құндылықтардың жарқырауына ешбір үміт қалмайды. Сондықтан ислам мәдениеті ирандықтардың тарихи жадында өзін құрбан ету мен жанкештіліктің көптеген үлгілерінің болуына себепкер болды. Осы мәдениет бүгін тағы да батырлық дастанының тууына себепкер болды. Ержүрек өрт сөндірушілер қапияда қаза болғанымен,  жүздеген адамды анық өлімнен құтқарып қалды. Олар өз ажалын зиян мен өлім деп есептемеді. Себебі олар о дүниеде Жаратушының жанында мәңгілік бақытқа кенелетіндіктерін білді. Тек осындай сенімнің арқасында ғана ержүрек батыр адамзат баласының аспанында жарық жұлдыздай жарқырай алады.

Диктор 2:

Исламдық Иранда қаншалықты аса шиеленіскен жағдай орын алғанымен, ол әрдайым қиын-қыстау кезеңдерде Иранды асқақтатқан бірлік пен ынтымақтастықтың куәсі болып отырады. Бұл қасиет қауіп-қатер мен қиындық туған сәтте бүкіл Иранды қамтитын ирандық қоғамның танылмаған тұстарының бірі болып табылады. Осы қайғылы оқиғаның алғашқы сәттерінен-ақ әрбір адам өзінше көмек көрсетуге дайын болды. Оқиға болған күні түнде қайғы мен алаңдаушылық салдарынан халықтың көпшілігі ояу болып, Алладан дұға тіледі.  Ал Теһранның жүздеген тұрғыны жарақат алғандарға қан беру үшін қан кұю орталықтарына барды. Басқа қалалардың тәжірбиелі өрт сөндірушілері әріптестерін құтқару үшін өздерінің мол тәжірибелерін іс жүзінде пайдалану үшін ресми шақыртусыз Теһранға келді. Студенттер өрт сөндіру учаскелерінің алдында дұға тілеу рәсімін өткізді. Көздері жасқа толы әйелдер мен ерлер және балалар өрт сөндірушілерге құрмет көрсетіп, қайғыға ортақтастық білдіру мақсатында өрт сөндіру деполарын гүл шоқтарына толтырды. Осындай ынтымақтастық пен достықтың бір түрін Теһран қаласы кәсіпкерлерінің әрекетінен де байқауға болады. «Plasco» үлкен сауда мұнарасының өртенуімен ондағы 600-ден астам дүкендер мен өндіріс шеберханалардың мал-мүліктері өртеніп, жойылды. Мал-мүліктерінен айрылған кәсіпкерлермен сауда-саттық жасап жүрген басқа кәсіпкерлер өз қарыздарын қайтаруды шығынға ұшыраған саудагерлердің жағдайлары жақсарғанға дейін кейінге қалдыратындықтарын жариялады. Тағы бір сүйсінерлік жағдайды шәһидтердің отбасылары жасады. Бұған дейін өздерінің қымбаттыларынан Құдай жолында және ақиқаттың жалғанға қарсы күресі кезінде айрылған кейбір шәһидтердің жұбайлары мен аналары оқиғаның келесі күні қаза болғандардың отбасыларына көңіл айтып, шәһид қаһармандарға құрмет көрсетеуге келді. Осы секілді әрекеттердің үлгісі ретінде инженерлер, дәрігерлер мен жауапты басшылардың өз еріктерімен жасаған талпыныстарынан бастап халықтың құтқарушыларға таңертең ас әкелуі мен әйел мен ерлердің, жас пен кәрінің оқиға құрбандарын құтқару мақсатындағы шын жүректен айтылған дұғалары халықтың қайғыға ортақтасуына негізделген керемет көріністерді байқатты. Туыстары мен таныстары үйінділердің астында қалмаса да бұл оқиға оларды қайғы мен мұңға батырды. Бұл күндері 80 миллион ирандық 25 өрт сөндіруші жастың  қазасын аза тұтып, қайғыруда. Бұл жастардың өмірі басқалардың өмірін құтқару, ал өлімі исламдық және адамгершілік құндылықтардың қайта жаңғыруы болды. Біз де қайғы мен мұңға толы жүрегімізбен шәһид болған өрт сөндірушілердің рухтарына бағыштап дұға тілеп, олардың аза тұтқан отбасыларына сабырлық тілейміз. Сіздерден де біздің қаһармандарымыз үшін дұға тілеуді сұраймыз. Сау-саламатта болыңыздар!