Ирандағы президенттік сайлау (14)
Президенттік сайлаудың 12-ші кезеңі қалалық және ауылдық исламдық кеңестері сайлауының 5-ші кезеңі мен Ислам кеңесі мәжілісінің аралық сайлауымен бір мезгілде мамыр айының он тоғызы күні өтті.
Бүгінгі бағдарламада сайлаудағы заң бұзушылықтарды тексеретін ұйымдар туралы сөз қозғаймыз.
Ирандағы сайлау жүйе негіздерін қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Сол себепті сайлауды дұрыс өткізу аса маңызды.
Бүгінгі бағдарламада сіздерді ИИР-да сайлаудың дұрыс өтуін қадағалау және ықтималды заң бұзушылықтарды қарастыру механизмдерімен таныстырамыз.
Иранның Сот билігінің төрағасы аятолла Амоли Лариджанидің сөзіне назар аударайық: «Конституция үшін қажет нәрселердің бірі – жүйелілік. Соны сақтауымыз керек. Бір бәсекенің екіншісіне ахлақи тұрғыдан нұқсан келтіругедіни тұрғыдан жол жоқ. Бір мәселеге қисынды сын-пікір айту, бір жерде қызмет еткен адамдардың жұмыстарына қатысты сын-пікір айту – қалыпты іс. Алайда жала жабу немесе бейнесін бұрмалау – қабылдауға келмейтін істер. Барлық үміткер мен олардың жақтаушылары діни және ахлақи тұрғыдан бұл істерден бас тартуы тиіс».
Құқықтық тұрғыдан сайлауды бақылау дегеніміз – дұрыс сайлау өткізу және құқықтың нақты жүзеге асырылуы үшін бақылау ұйымы жасайтын іс-шаралардың жиынтығы.
Иранда сайлауды бақылау кімнің міндеті?
Бұл жайында Конституцияның 99-бабында былай деп жазылған: «Сақшылар кеңесі Эксперттер мәжілісінің сайлауы, президенттік сайлау, Ислам кеңесі мәжілісінің сайлауы мен сауалнамалар және референдумдардың өткізілуін бақылайды».
Осы бап бойынша, сайлауды бақылау Сақшылар кеңесінің міндеті саналады. Тек кейбір жайттарда ғана Конституция қалалық және ауылдық исламдық кеңестерінің сайлауын бақылау міндетін Сақшылар кеңесіне жүктемеген. Конституцияның 100-бабында Қала және ауылдардың исламдық кеңестерінің сайлауы туралы: «... Сайлаушылар мен сайланушыларға қойылатын талаптар, міндеттер, өкілеттіктер, сайлау тәсілі, тиісті органдардың бақылауы және соларға қатысты ережелерді заң белгілейді». Бұл бапта айытлған заң Ислам кеңесі мәжілісі бекіткен заң болып табылады.
Сақшылар кеңесі 12 мүшеден құрылған. Олардың президенттік немесе Ислам кеңесі мәжілісі сайлауында барлық сайлау алаңдарын өздері ғана бақылай алмайтыны белгілі. Сол себепті заң бойынша, оларға бақылау үшін топтар құруға рұқсат берілген. Бұл топтар үш бөлімнен – орталық, облыстық және аудандық бақылау топтарынан тұрады.
Дұрыс, ахлақтық шеңберден аспайтын және ешбір заң бұзушылықсыз сайлау өткізу әрдайым Ислам республикасы басшыларының басты мәселесі болғандықтан, Сот билігі де сайлауды ұйымдастырушыларға көмекке келеді. Сот билігінен ұйымдастырушылар мен бақылаушылар келіп, заңдық тексерістер өткізу арқылы ауытқушылықтардың алдын алады. Ал заң бұзушылық орын алған жағдайда жылдам әрі қатаң шара қолданып, осы саяси бәсекелестіктегі әділетсіздікке тосқауыл қояды.
Саяси мәселелердің маманы Мұхаммад Хадираджи былай дейді: «1985 жылдың маусым айында Ислам кеңесі мәжілісі тарапынан бекітіліп, содан кейін өзгертулер енгізілген ИИР-ның президенттік сайлау туралы заңының баптарынының арасынан үгіт-насихат туралы бап та көзге түседі. Заңның 6-бабы болып табылатын осы бапта президенттік сайлауалды үгіт-насихаттың түрлі қырлары талқыланып, үміткерлердің үгіт-насихат жұмыстарын қалай жүргізу керек екеніжәне ақпарат құралдарын пайдалану жолдары сипатталған. Осы заңда аса мән берілген жайт – үкімет бергенүміткерлердің үгіт-насихат жұмыстарына қатысты мүмкіндіктер. Әсіресе, Телерадио бірлестігі мен үкіметтік ақпарат құралдарын пайдалану мүмкіндігі үміткерлерге бірдей мөлшерде бөлінуі керек. Бұл мәселе үшін заңда «Президенттік сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын талқылайтын комиссия» деп аталатын 5 мүшеден тұратын комиссия қарастырылған. Елдің бас прокуроры, Ішкі істер министрі, Орталық сайлау ұйымдастыру тобының хатшысы, Телерадио бірлестігінің төрағасы мен осы ұйымның бақылаушы кеңесін басқару алқасының бір мүшесі – осы комиссияның мүшелері. Сақшылар кеңесінен бір адам да комиссияның жұмыстарына қатыса алады. Аталмыш комиссияның мүшесі тек сырттай бақылап, кеңестің атынан бақылау жүргізу ықтиярына ие. Бұл комиссия үміткерлердің үкіметтің үгіт-насихаттық жұмыстар үшін берген мүмкіндіктерін бірдей мөлшерде пайдалануы үшін шеңберлер белгілейді. Бұл – бір мәселе. Келесі мәселе –сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары үшін берілмеген мүмкіндіктерді ешбір үміткердің пайдалану құқығының жоқтығы. Үкіметтік басылымдар да үміткерлерді қолдай алмайды. Түрлі органдарға бюджеттен бөлінген қаржыны үгіт-насихат жұмыстарына жұмсауға тыйым салынып, заң бұзушылық саналады. Заңда көрсетілгендей, мемлекеттік лауазымда қызмет атқаратын тұлғалар президенттік сайлаудағы үміткерлердің атынан үгіт-насихат жүргізе алмайды. Жүргізген жағдайда заң бұзушылық саналып, ісі сот органдарында қаралады.
Түрлі ұйымдар өздерінің өкілеттіктеріне байланысты түрлі қырлар бойынша осындай заң бұзушылықтарды қарай алады. Сақшылар кеңесі сайлаудағы орнына байланысты бұл міндетті атқара алады. Ақпараттық тұрғыдан орын алған ауытқушылықтар ақпарат органдары тарапынан, ал заң бұзушылықтар сот органдары тарапынан қаралады. Президенттік сайлаудағы үміткерлердің заңдағы талаптарға сай болуын Сақшылар кеңесі тексереді».
Сот билігінің сайлауды бақылау жұмыстары Сақшылар кеңесінің бақылау жұмыстарына кедергі келтірмейді. Себебі,әрбі ұйымның өзіне тиесілі міндеттері бар. Сақшылар кеңесі сайлауды бақылайтын басты ұйым ретіндеүміткерлікке тіркелушілердің талаптарға сай болуын тексеретін және сайлаудың дұрыс өтуі жайында пікір айтатын ресми орган болып табылады. Сот билігі Конституцияның 156-бабына сәйкес, заң бұзушылықтың алдын алу үшін түрлі шараларды жүзеге асырады.
Президенттік сайлауға қатысты заңда кейбір жайттар заң бұзушылық ретінде көрсетілген. Заң бұзушылықтарды қарау міндеті Сот органдарына жүктелген. Олардың қатарына үгіт-насихат жұмыстарында мемлекеттік қаржы мен мүмкіндіктерді пайдалану жатады.
Келесі бір жағдайда үміткерлер немесе басқа да уәкілетті тұлғалардың сайлау барысында жасаған кейбір іс-шаралары заңға қайшы келуі мүмкін. Заңда мұндай істер үшін де жазалар қарастырылған.
Президенттік сайлаудағы заң бұзушылықтарды қарау әділетті сақтау органдарының, яғни, заң бұзушылықты анықтайтын органдардың, соның ішінде, Ақпарат министрлігі, Сақшылар корпусы, тәртіп сақтау күштері және басқа да органдардың қызметкерлері тарапынан дайындалған есептер негізінде Теһранның прокуратурасында қаралады. Азаматтар да осы органдардың қызметкерлеріне мағлұмат беру немесе тікелей шағым түсіру арқылы сайлаудағы заң бұзушылыққа қатысты іс аша алады.
Жәшіктерге сайлау бюллетеньдерінің дұрыс салынуына көз жеткізу үшін сайлау учаскелерінде бақылаушы топ пен үміткерлер тарапынан келген өкілдер бақылау жүргізеді. Соңғы кезеңде сайлау учаскелерінде жиналған дауыстардың дұрыстығы Сақшылар кеңесінің ұйымдастырушы және бақылаушы топтары тарапынан расталады.
Дауыстарды сату және сатып алу, бір реттен артық дауыс беру, сайлау учаскелерінде бөгде адамдардың сайлау бюллетенінде белгілі бір үміткердің есімін жазуға мәжбүрлеуі және сайлау үдерісіне кедергі келтіру сайлаудағы заң бұзушылық жайттарының қатарын құрайды.
Сайлаудың өткізілу тәсіліне шағымданатын адамдар дауыс берілгеннен кейін жеті күн ішінде айғақтарға негізделген шағымдарын Сақшылар кеңесінің хатшылығына тапсыра алады.
Мұндай бақылау жұмыстары сайлаудағы заң бұзушылықтың алдын алу мақсатында жасалады. Сондай-ақ, бақылау жұмыстары халықтың дауысын сақтау үшін қажет. Халықтың дауысы – ИИР-да сайлауды ұйымдастыратын басшылардың қолындағы бір аманат іспеттес. Сол себепті Конституцияда сайлаудың дұрыс өткізілуі мен халықтың дауысын сақтау үшін сайлаудың барлық кезеңдерінде бұл үдерістің заңға сай өткізілуі жіті қадағаланады.
Бағдарламамызды Ислам революциясы жетекшісінің осы мәселе жайлы айтқан сөздерімен аяқтаймыз: «Сайлаудың қажеттіліктерінің бірі – жала жабушылық пен бір-бірін балағаттаудан ада, сау бәсекелестік. Егер халық үміткерлерді жақсы біліп, танитын болса, өздерінің еріктері бойынша әрекет етеді. Ал, егер білмейтін болса хабардар әрі діндар адамдардың көмегіне жүгіне алады. Сайлауды ұйымдастырушылар сайлауды заңға сай өткізу үшін аса мұқиятәрекет етеді. Олар елде дұрыс сайлаудың өткізілуін қамтамасыз ете алады. Қуанышқа орай, біздің елде революцияның басынан бастап осы уақытқа дейін өткізілген 32-33 сайлау мен референдумның барлығы заңға сай өтті. Дегенмен, бұлардың барлығында наразы адамдар болды. Ауытқушылықтар орын алған жағдайда заң жүзінде қаралды. Бірақ, ешуақытта заң бұзушылықтар болған емес, алдағы уақытта да солай болуы тиіс».