Шіл 31, 2016 17:52 Asia/Almaty

Мари Лахи Холбектің (Marie Lahy Hollbecque) пікірінше, Шахризада деп аталатын бір әйелді «Мың бір түн» кітабындағы шашыраңқы ертегілерді байланыстарын тұлға ретінде таңдау кездейсоқ емес. Бұл мәселе ойланып, қарастыруды қажет етеді.

«Мың бір түн» кітабын Шахризадаға телу бұл кітапта жанға жайлы ертегілер мен еркіндіктермен қоса, құпия-сырдың да барын білдіреді. Бұл кітапта әйелдің орны жоғары. Ол ер адамның айла-шарғысына қарсы қырағылықпен күреседі. Басқа ертегі-әңгімелерде ер адамдар тарапынан атқарылатын барлық батырлық істер «Мың бір түн» кітабындағы ертегілерде әйелдің артықшылығы саналады.

10 ғасырдан бастап әйелдер Батыста ғайыптан хабардар әрі ағартушылық сипатта көрініс тапты. Бұл әйелдер ауылдарда үнемі бүліктердің туындауына себеп болып, үш ғасыр барысында саяси істермен шұғылданған. Әйелдердің бір тобы құдай оларға құқық берді деп санап, крестшілер соғысының үгітшісіне айналып, патшалар мен папаларды жазғырып, халықты көтеріп, болашақта не істеу керектігін айтқан. Франциядағы Жанна д’Арк осындай әйелдер тобының бір үлгісі болып табылады. Исламға дейінгі Ирандағы әйелдердің жағдайына шолу жасай келіп, жаужүрек ханшайымдар мен ақын әйелдердің ер адамдармен тең құқыққа ие болуды талап еткенін көреміз. Мұның өзі әйелдердің оларды жеңіп, ержүректік, ой-сана мен рухтың нәзіктігі тұрғысынан ер адамдардан асып түсе алатынын көрсетеді. «Мың бір түн» кітабындағы Шахризаданың рөлі осы жайтты баяндайды.

Зерттеушілердің сенімінше, «Мың бір түн» кітабының негізін құрайтын ең маңызды ақлақтық мәселе мынада: әйел заты тез сенгіш, тез ашуланатын, надан әрі өктем ер адаммен қалайша теңесе алады? Ер адам басынан-ақ әйелді өлімге кескен. Оған өлу немесе тірі қалу үшін бір түндік мезгіл берілген. Қорғансыз әйел мен өктем де мықты ер адам арасында теңсіз соғыс басталған. Осы теңсіз соғыстағы Шахризаданың қаруы не?

Енді Иранның аңыз-әңгімелер әлеміне саяхат жасап, «Мың бір түн» атты құнды еңбектен сіздер үшін таңдалынып алынған «Абуқир мен Абусир» атты ертегінің жалғасын тыңдауға шақырамыз.

 

Айтып өткеніміздей, Александрия қаласында Абуқир есімді бояушы мен Абусир есімді шаштараз бір-бірімен дос болыпты. Абуқир өтірікші, суайт адам болған екен. Ал Абусир шыншыл әрі дұрыс жұмыс істейтін адам болыпты. Бұл екеуі жұмыстары тоқырауға ұшырағандықтан басқа қалаға барады. Сапар барысында  Абуқир тамақ ішіп алып, ұйықтай береді, ал Абусир тынбай жұмыс істейді. Абусир көп жұмыс істегендіктен ауырып қалады. Ал суайт Абуқир науқас досын тастап кетіп, жұмыс іздеуге шығады. Әлгі қалада бояушылар қара түстен басқа түс білмейтіндіктен патшаның көмегімен жақсы кәсіп ашады. Қысқасы, Абуқир осы арқылы байып, оның мата бояйтын дүкені «Патшаның бояуханасы» деп танылады. Абусир жазылғаннан кейін жұмыс істеуге шығып, ол қалада монша болмағандықтан патшаның көмегімен монша салып, «кім қанша бере алады, сонша төлесін» деп жариялайды. Содан соң моншаның  есігін ашып, сандықтың алдына отырып, жуынушыларды күтіп қалады. Сәлден соң халық топ-топ болып моншаға келе бастайды. Олар моншаға барып, жуынып, қолдарында қанша ақшалары болса, сонша ақша төлейді. Түн болмай жатып, моншаның сандығы ақшаға толады. Келесі күні Абусирге патшайым моншаға келгісі келеді деген хабар жетеді. Абусир бірден «Бүгін моншаның есігі ер адамдарға жабық» деп жариялайды. Содан соң бір әйел қызметшіні сандықтың алдына отырғызып, 4 қызметшіні моншаға қалдырып, өзі үйіне барады. Патшайым жанындағылармен моншаға келіп, кетерде сандыққа 1000 ділдә қалдырып кетеді. Сол күннен бастап моншаның есігі таңертеңнен түске дейін ер адамдарға, түстен кешке дейін әйел адамдар үшін ашық болады. Бір күні кемеде Абусирге мейірімділік жасаған Қыптан моншаға келеді. Абусир одан ақша алмайды.

Енді Абуқир жайлы тыңдаңыздар. Қала моншасының танымалдығы Абуқирдің құлағына жетеді. Бір күні атқа отырып, өзінің 8 нөкерімен моншаға келеді. Абусир Абуқирді көргенде өте қатты қуанады. Абуқир: «Ей, бауырым, достық деген осы ма? Сенен хабарсыз кеткеніме көп болды. Мен бұл қалада бояухана аштым да өте әйгілі  болдым, ал сен маған бас сұқпайсың. Мен сені іздеуден шаршадым. Күн сайын өз нөкерлерімді сенен хабар алу үшін керуен сарайға жіберіп отырдым. Бірақ сенен хабар болмады»,-дейді. Абусир: «Бір күні сенің дүкеніңе келгенім есіңнен шығып кетті ме? Сен маған ұрлық жасадың деп айып тағып, мені ұрып, дүкеніңнен қуып шықтың»,-дейді. Абуқир түрін бұзып: «Ей, достым, дұрыс естіп тұрмын ба? Сен әлгі мен ұрған адамсың ба? Мен сені танымадым, ант етейін. Саған ұқсас бір ұрлықшы болған, күнде менің дүкеніме келіп, тауарымды ұрлайтын»,-дейді. Абуқир осыны айтып, мүләйімсіп қалады. Алақанын бір-біріне ұрып: «Өз досымды ұрып қара басты мені. Бірақ сен де кінәлісің. Неге өзіңді таныстырмадың? Кешірші мені, кінәлімін»,-дейді. Абусир мейірбандықпен: «Мен сені кешірдім. Енді тұр да, моншаға кір. Мен сені өзім жуындырамын»,-дейді. Абуқир: «Моншадан бұрын бұл жерді қалай ашып, ісіңнің қалай өрге басқаны  туралы білгім келеді»,-дейді. Абусир патшаның қалай көмектескенін досына айтып береді. Абуқир моншаға барып, Абусир оны жуындырып, содан соң оған шәрбәт-шырын береді. Кетер кезде Абуқир Абусирге ақша бергісі келеді, бірақ ол алмай: «Сен екеуміз доспыз, бір-бірімізден айырылмаймыз»,-дейді. Абуқир: «Рахмет, онда сенің керегіңе жарар бір нәрсе айтамын. Сен салған монша жақсы да әдемі. Бірақ бір нәрсесі кем»,-дейді. Абусир таңданып: «Ол не нәрсе?»-деп сұрайды. Абуқир: «Есіңде болса, біздің қаланың моншаларында реальгар мен әктен жасалған дәрі болатын. Ол дәріні денеге жаққан кезде ағырақ та, тазарақ та болатынбыз. Сенің моншаңда сол жоқ. Сен соны жаса да, патша моншаға келген кезде осындай дәрінің барын айт. Содан соң патшаның денесіне жағуға рұқсат сұра. Патша бұл дәріні ұнатып, саған жақсы сыйақы береді»,-дейді. Абусир: «Жақсы ой айттың. Рахмет саған. Иншалла, солай істеймін»,-дейді. Абуқир қоштасып кетіп қалады. Суайт Абуқир Абусирдің атына кір келтіру үшін жоспар құрады. Сол себепті моншадан шыға салып, бірден патша сарайына барады. Патшаны кезіктіріп: «Ей, патша, мен сіздің досыңызбын. Сізге үлкен құпияны айтуға келдім»,-дейді. Патша: «Айт»,-дейді. Абуқир: «Патшаның бұйрығымен қалада үлкен монша салынды деп естідім»,-дейді. Патша: «Ия. Жатжұрттық бір адам келіп, моншаның пайдасы жайлы айтты. Мен монша салуға бұйрық бердім»,-дейді. Абуқир: «Сіз де сол моншаға бардыңыз ба?»-дейді. Патша: «Ия, бардым»,-деп жауап береді. Абуқир: «Әлгі жаман адам тарапынан осы күнге дейін сізге зиян тимегеніне құдайға шүкір. Егер тағы бір рет моншаға барсаңыз, өлтірілетініңізді біліңіз»,-дейді. Патша таңданып: «Неге?»-деп сұрайды. Көңілі қара Абуқир: «Бұл адам, яғни Абусир сіздің дұшпаныңыз. Ол моншаны сізді өлтіру үшін салды. Оның жоспары – сізді моншада уландыру. Ол уланған дәрі жасады. Егер сіз моншаға барсаңыз, ол сізден ағарып, тазару үшін сол дәріні денеңізге жағыңыз дейді. Бұл дәрі улы болғандықтан сіздің өліміңізге әкеліп соқтырады. Бұл жаман адам өзінің әйел-баласын тұтқыннан құтқару үшін христиандардың патшасына сізді өлтіруге уәде берді. Мен де сонда  тұтқында болған едім. Бір күні патшадан оған әртүрлі түстерді жасауға рұқсат сұрадым. Патша рұқсат беріп, мен жасадым. Патшаға бояулар ұнап, маған: «Осы қызмет үшін не қалайсыз?»-деді. Мен азат етілуді қалаймын дедім. Ол қабылдап, мені босатты. Содан соң мен осы қалаға келдім»,-дейді. (Жалғасы бар. «Мың бір түн» ертегілерінен қысқартылып алынған)

Тегтер