Там 07, 2016 20:26 Asia/Almaty

«Мың бір түн» – Шахризада атты әйелдің дастаны. Залым патша әйелінің қиянатын кешірмей, барлық әйелдерден кек алуды көздеп, қаланың барлық қыздарын өлтіруге шешім қабылдайды.

Ол күнде бір әйелге үйленіп, ертеңінде оны өлтіріп отырады. Шахризада өзінің сіңлісі Динарзадтың көмегімен осы әділетсіздікпен күресуге бел байлап, жанұясының қарсылығына қарамастан залым патшаға тұрмысқа шығып, әр түні таусылмайтын ертегілер айту арқылы өлімді кешеуілдетіп отырады. Ол мың бір түн бойы көркем тілмен ертегі айту өнерін қолдану арқылы патшаның ашуы мен қаһарын жеңеді.

Зерттеушілердің пікірінше,  «Мың бір түн» кітабының негізгі мәселесі – әйел мен жабайы да надан патшаның теңсіз күресі. Патша басынан-ақ Шахризаданы өлімге қиған. Шахризадаға тірі қалу немесе өлу үшін тек бір түн берілген. Шахризаданың ақлақтық ерлігін осы қиын жағдай арқылы бағалауға болады.

Шахризаданың сұлу әйел болғаны күмәнсіз. Оған дейін келген қыздар да әдемі болған, бірақ патша оларды өлтірді. Сондықтан Шахризада осы күресте ерекше тәсілдерді қолданады. Патша бұл тәсілдерге  қарсы тұруға дайын емес. Шахризаданың осы теңсіз күрестегі қаруы – даналық пен қырағылық. Сондықтан «Мың бір түнде» рух пен күш, даналық пен надандық, нұр мен қараңғылықтың күресіне куә боламыз. Бұл күрестегі жеңіс мықтырақ адамның еншісінде.

Шахризада «Мың бір түнде» өлең мен білімнің қалыбына рух пен жан бітіріп, әлемді өзгерткісі келген адамдардың көбінен еркінірек, қуаныштырақ, өнерлірек әрі сенімдірек.  

Шахризаданың мақсаты – патшаның көңілін аулап, тағы бір түн тірі қалу емес, оның мақсаты жоғары, яғни адамды ертегілер арқылы тәрбиелеу. Ол өне бойын қатігездік пен надандық дендеген адамды қайтадан ізгі адамға айналдыруға үміттенеді. Ол мың бірінші түннің соңында осы өзімшіл патшаны хаайуандық түйсік деңгейінен өзін-өзі тану деңгейіне көтеріп, ырықсыз реакция білдіруден ерік-жігермен шешім қабылдауға дейін жеткізеді.

Шахризаданың осы маңызды жетістікке қалай қол жеткізетіні туралы келесі бағдарламада  сөз қозғайтын боламыз. Енді Иранның аңыз-әңгімелер әлеміне саяхат жасап, «Мың бір түн» атты құнды еңбектен сіздер үшін таңдалынып алынған «Абуқир мен Абусир» атты ертегінің соңғы бөлімін тыңдауға шақырамыз.

Айтып өткеніміздей, Александрия қаласында Абуқир есімді бояушы мен Абусир есімді шаштараз бір-бірімен дос болыпты. Бұл екеуі көптеген қиындықтардан кейін жаңа қалада жаңа кәсіп ашады. Абуқир патшаның көмегімен мата бояу дүкенін іске қосады, ал Абусир халықтың қолдауына ие болған монша салады. Ертегі барысында өздеріңіз түсінгендей, Абуқир өтірікші, суайт адам болған екен. Ал Абусир шыншыл әрі дұрыс жұмыс істейтін адам болыпты. Ертегіміз суайт Абуқирдің патшаға барып, Абусирді жамандап, оның у қосылған дәрі жасап, патшаны өлтіргісі келетінін айтқан жеріне дейін келді. Абуқир патшаға: «Осы жолы моншаға барғанда Абусир  сізге «Ағырақ, тазарақ болу үшін мына дәріні денеңізге жағыңыз» деп айтады. Сіз оны денеңізге жаққанда у бірден әсер етіп, өліп қаласыз»,-дейді. Патша бұл сөздерді естігенде ашуланып, Абуқирге бұл жөнінде ешкімге тіс жармауды тапсырады. Содан Абуқирдің сөзінің шындығын тексеру үшін моншаға баруға бел байлайды. Абусирге патшаның моншаға келетіні хабарланады. Ол моншаны дайындап күтіп отырады. Патша мен  оның маңындағылар моншаға келеді. Абусир бұрынғыдай патшаны жуындыру үшін моншаға кіреді. Патшаның денесін жуып болған соң: «Уа, патша, мен бір дәрі жасадым. Оны денеңізге жақсаңыз тазарақ, ағырақ боласыз»,-дейді. Патша: «Дәріңді әкел, көрейін»,-дейді. Абусир дәріні әкеледі. Патша оны иіскеп көріп еді, сасық иіс шығады. Сонда оған у қосылғанына көзі жетеді. «Мына айлакерді ұстаңдар»,-деп ақырады. Абусир құрықталады. Патша ешкімге ештеңе айтпастан моншадан шығып сарайына келеді. Қолы байланған Абусирді патшаның алдына апарады. Патша Абусирді сиырдың терісіне салып өзенге лақтыруға бұйрық береді. Бұл істі атқаруы тиіс адамның аты Қыптан еді. Ол Абусирді өзеннің алыс жеріне апарып, оған: «Ей, бауырым, мен бір рет сенің моншаңа бардым. Сенен жақсылық пен мейірбандық көп көрдім. Патшаны ашуландырып, өлтіруге бұйрық беретіндей сен оған не істедің?»-дейді. Абусир: «Құдай атымен ант етейін, мен жамандық жасаған жоқпын. Қандай айыппен өлтірілуім керек екенін білмеймін»,-дейді. Қыптан: «Біреу сені жамандаған ғой. Мен сені өлтірмеймін. Бірінші кемемен сені өз қалаңа жіберемін»,-дейді. Содан соң Абусирге бір балық аулайтын тор беріп: «Сен мына тормен өзеннен балық аула. Мен патша сарайының аспазханасын балықпен қамтамасыз етуге жауаптымын. Бүгін патшаның бұйрығы мен сенің мәселең үшін балық аулай алмаймын. Бір сағаттан кейін патшаның қызметшілері балық алуға келеді. Аулаған балықтарыңды соларға бер, алып кетсін. Ал өзің мен қайтып келгенше тоса тұр»,-дейді. Ал енді патша жайлы тыңдаңыздар. Өзен патша сарайының терезесінің астынан ағып өтетін. Патша Абусирдің өзенге лақтырылғанын қарап тұрғанда саусағындағы оюланған жүзігі суға түсіп кетеді. Бұл жүзік сиқырлы еді. Патша ашуланғанда жүзіктен қылыш сияқты тоқ шығып, жамандық ойлаушылардың басын кесетін. Патша ешкімге ештеңе айтпай, осы сырды өз жүрегінде сақтайды. Енді Абусир жайлы тыңдаңыздар. Ол көп балық аулап, солардың бірін өзі жемек болды. Тазалайын деп, балықтың ішін жарады. Кенеттен балықтың ішінен жарқыраған бірдеңе түседі. Қараса, жүзік екен. Абусир жүзікті саусағына тағып алады. Ол жүзіктің сиқырынан хабарсыз еді.  Сол кезде патшаның екі қызметшісі балық алуға келеді. Абусир қолын әлгі қызметшілерге қарай созғанда кенеттен жүзіктен отты тоқ шығып әлгілердің басын кесіп түседі. Абусир қайран қалып, ойға батады.

Біраздан соң Қыптан да келеді. Ол патша қызметшілерінің өлі денесін көріп, шошып кетеді. Абусирге қарап, не болғанын сұрайын дегенде оюланған жүзікті көреді. «Абусир, орныңнан қозғалма, қолыңды қозғама. Әйтпесе, мені де өлтіресің»,-деп айқай салады. Абусир бұл сөзді естігенде таң қалып, сілейіп тұрып қалады. Қыптан: «Мына жүзікті қайдан алдың?»-дейді. Абусир болған оқиғаны баяндап береді. Қыптан оған жүзіктің сиқырлы екенін, онымен бір қалың қолды жойып жіберуге болатынын айтады. Абусир ойланып тұрып: «Ей, бауырым, мені патшаның алдына апар»,-дейді. Қыптан келісіп: «Жарайды, сені апарайын. Өйткені енді сен үшін алаңдамаймын. Егер қаласаң, патша мен оның маңындағылардың бәрін жойып жібере алатыныңды білемін»,-дейді. Содан кейін Қыптан Абусирді қайыққа отырғызып, патшаның сарайына апарады. Абусир сарайға аяқ басқанда патшаның қайғырып тағында отырғанын көреді. Патша жүзіктен айырылғанына қайғырып отырған еді. Патша Абусирді көргенде: «Сен әлі тірі ме едің?»-дейді. Абусир болған оқиғаның барлығын баяндап беріп: «Ей, патша, қазір сіздің сиқырлы жүзігіңіз менің қолымда. Оны сізге беруге келдім. Мінекей, алыңыз. Егер кінәлі болсам, кінәмді айтып, өлтіре беріңіз»,-дейді. Патша Абусирді құшағына алып, сүйіп: «Сен адал да жақсы адамсың»,-дейді. Содан соң Абуқир мен оның сөздері жайлы айтып береді. Абусир патшаға Абуқирмен достығы мен сапары жайында айтып: «Бұл дәріні жасауды Абуқир ұсынған еді»,-дейді. Патша Абуқирді ұстауға, қолын байлап қала көшелерін аралатуға, сосын сиырдың терісіне салып өзенге лақтыруға бұйрық береді. Абусир патшаға: «Уа, патша, мен өз арызымды қайтып алдым. Оны азат ет те, кешір»,-дейді. Патша: «Сен оның кінәсін кешірсең де, мен кешірмеймін. Ол сазайын тартуы керек»,-дейді. Содан соң қызметкерлерінен бұйрықтарын орындауды талап етеді. Осы оқиғадан кейін Абусир патша берген кемемен нөкерлері мен мал-мүлкін алып, өз қаласына қайтады. Толқындар Абуқирдің денесін жағаға алып шыққан екен. Абусир Абуқирдің денесін қалаға апарып, жерлейді. Содан соң оның қабірінің басына кесене салғызып, оның есігіне «Болмысы жаман адамнан жақсылық күтуге болмайды» деп жаздыртады. Абусир ұзақ жылдар бойы қам-қайғысыз өмір сүріп, ақырында дүниеден озыпты. Оның өзінің өсиеті бойынша денесін Абуқирдің қабірінің жанына жерлейді. Әлгі кесене «Абуқир мен Абусир» деген атпен танымал болады.

Тегтер