Ислам әлеміндегі бірлік (18)
Бұл бағдарламада ислам әлемінің ойшылдары мен реформаторларының пікірлері мен ислам елдерінің тарихи тәжірибесі негізінде национализмнің ислам әлемін жікке бөлудегі рөлін түсіндіреміз.
Өткен бағдарламаларда ислам әлемінің ойшылдары мен реформаторлары арасында исламдық бірлік пен интеграция идеясының орны туралы сөз қозғадық. Бүгінгі бағдарлама мен алдағы бірнеше бағдарлама барысында осы ойлар мен ислам елдерінің тарихи тәжірибесіне сүйене отырып, ислам әлеміндегі интеграция мен жақындастық факторлары жайында баяндайтын боламыз. Бұдан бұрынырақ түсіндірілгендей, исламның ортақ құндылықтары, бір пайғамбар, бір құбыла, Құранның бұрмаланудан сақталғанына сену – осының барлығы ислам елдерінің бірлігіне негіз бола алатын факторлар болып табылады. Ислам елдері арасындағы кез-келген одақ пен интеграцияның қалыптасуы осы принцип пен ортақ негіздерсіз мүмкін еместігі анық. Саяси-экономикалық мүдделер сияқты бірліктің басқа факторлары елдер арасында одақ құру үшін берік негіз бола алмайды, өйткені экономика мен саясатта дос пен дұшпан әрдайым болады. Жағдай өзгерген соң одақтастар, дұшпандар мен бәсекелестер өзгереді, сондықтан ислам әлемінде кез-келген одақ жоғарыда айтылған принциптерге негізделуі тиіс.
Осы жерде ойға келетін сұрақ мынадай: осы ортақ принциптер мен негіздер ислам пайда болғаннан бергі 14 ғасыр барысында үнемі болды, бірақ неге бұл принциптер бірлік пен интеграцияға жеткізбеді? Уақыт өткен сайын ислам елдері арасында жікшілдік пен бөлінушілік көріністері мен деректері көбейе түсті. Бұл сұрақ біздің санамызды маңызды әрі негізгі мәселеге жетелейді. Ислам елдері арасында кез-келген одақ пен біртұтастықтың жоғарыда айтылған ортақ принциптер мен құндылықтарға негізделуі тиіс екені дұрыс, бірақ ислам әлеміндегі қарама-қайшылық пен жікшілдік зиянды факторлардан, соның ішінде елдердің қауымдық, этностық, саяси-экономикалық мүдделерінен туындайды. Басқаша айтқанда, Алланың елшісі ислам қоғамында пайда болуынан әрдайым сақтандырған зиянды факторлар ислам елдерінің тарихы барысында әртүрлі тәсілде көрініс тауып, ислам әлемінде жікшілдік пен шиеленістің туындауына әкеліп соқтырды. Бұл мәселе мына себептен маңызды: егер қазіргі уақыт пен жағдайда бірлікке қол жеткізгіміз келсе, осы зиянды факторларға көңіл аударып, жікшілдік себептері мен бірлік тудыратын факторларды анықтау арқылы ислам әлемін біріктіру жолында әрекет етуіміз керек.
Бұл мәселе дін, идеология мен наным-сенім салаларында біріктіру мен жақындастыруды ойлаудың қажеті жоқ деген сөз емес, керісінше принциптер мен құндылықтардағы біріктіруші негіздерді нығайтумен қатар зиянды факторларға көңіл аудару қажет деген сөз. Осы негізде былай деп уәж айтуға болады: егер ислам елдеріне бірлік сыйлайтын негізгі принциптер нығайтылса, ислам елдерін интеграциялауға қажетті фактор қалыптасады, бірақ ол жеткіліксіз. Басқа сөзбен айтқанда, исламның ортақ принциптері мен құндылықтары ислам елдерінің бірлігі үшін қажетті шарт болып табылады, бірақ жеткілікті шарт емес. Жеткілікті шартты жікшілдік тудыратын факторларды солғындатып, бірлік тудырушы факторларды нығайтудан іздеу қажет. Сол себепті бүгінгі бағдарлама мен алдағы бірнеше бағдарлама барысында ислам елдеріндегі жікшілдік немесе біртұтастыққа себеп болатын бөлінушілік пен интеграция факторларын талқылаймыз. Осындай факторларға сүйену дегеніміз мынадай мағынаны білдіреді: ортақ құндылықтардың барын қабылдау және оларды нығайтуға талпыну арқылы басқа интеграциялық факторларды нығайту, жікшілдік тудыратын факторларды жою немесе солғындату ислам әлемінің бірлігі үшін оң нәтиже бере алады.
Ислам әлемінде жікшілдік тудыратын факторларды қарастырғанда ішкі және сыртқы факторға тоқталуға болады. Ислам әлеміндегі жікшілдік пен қайшылықтан туындайтын қиындықтардың бір бөлігі ислам елдерінің ішіндегі факторларға, ал басқа бір бөлігі шетелдіктердің араласушылығы мен қастандықтарына байланысты. Ойшылдар мен реформаторлардың идеялары мен ислам елдерінің тарихи тәжірибелерінің негізінде екі факторды – национализм мен билеушілердің тираниясын ислам әлеміндегі бөлінушіліктің ең маңызды тамырларының бірі деп айтуға болады. Национализм жаңа дәуір, әсіресе Қайта өрлеу дәуірінен кейінгі кезеңде қалыптасқан. Бұл кезең топтық және әлеуметтік қысымдарға қарсы саналы индивидуумның бас көтерген кезеңі саналады. Жаңа заман адамы өз заманындағы әлеуметтік құндылықтарды шетке ысырып, оларды жаңа құндылықтармен алмастырды. Бұл дәуірде христиан империясы құлап, ұлттық мемлекеттер құрылды. Макиавелли христиан империясын құлатып, мемлекет құрудың теориясын бастаушылардың бірі болды. Ол саясатты ақлақтан бөліп алып, ұлттық мемлекет құруды Италияны дәрменсіздік пен банкрот болудан құтқарудың жолы деп санаған.
Теориялық қайшылықтардан бөлек қысқаша айтқанда национализмді бір халықтың белгілі бір этнос, тіл, мәдениет немесе қауымға және белгілі бір шекара мен аумаққа тиесілі болуы деп айтуға болады. Национализм белгілі бір тарихи кезеңде авторитаризмге қызмет еткен, ал басқа бір кезеңде отарланған елдердің азат етілуіне көмектескен. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі жылдары көптеген елдер национализмге арқа сүйеу арқылы отарлаушы елдердің бұғауынан босап шыға алды. Бұған қарамастан, басқа бір кезеңде национализм әртүрлі елдер арасында қанды соғыстардың тууына себеп болды. Ал национализмнің исламдық ойға қандай қатысы бар? Ол мұсылмандардың бөлінуі мен бірігуінде қандай рөл атқарады? Национализмнің ислам дініндегі орны туралы ислам әлемінің ойшылдары арасында әртүрлі қайшылықтар бар деп айту керек. Бұл көзқарастарды үш негізгі топқа бөлуге болады.
Бірінші топқа баршаны қамтитын рәсімдердің, әртүрлі қауымдар мен халықтар арасында этностық бөлінушіліктің болуын қабылдайтын теоретиктер жатады. Олардың сенімінше, ұлт пен ислам үмбеті арасында қайшылық жоқ, ұлт болу мен өзге болмыс-бітімге ие болу Құран Кәрімде расталған. Бұл көзқараста национализм адамның өзінің туысқандары мен отандастарына деген ішкі сезімінің бір түрі болып саналады. Осы идеяға сенушілер әдетте «Хоб әл-ватан мән әл-айман» деген хадиске сүйеніп, отансүйгіштікті дінге қайшы деп емес, тек оның бір бөлігі деп есептейді. Теоретиктердің екінші тобы национализмді Батыс өркениеті мен ондағы мәдениеттің көрінісі мен нәтижесінің бірі санап, батыстықтардың ойындағы национализмді адамдардың бір тобының белгілі бір географиялық шекара, этнос, ортақ тарих пен тілге ие бола отырып, құдайдан басқа бір бастауды барлық құндылықтардың критерийі ретінде қабылдауы деп есептейді. Бұл ой Батыстың гуманистік ойының көрінісі болғандықтан, оның ислам дініне еш қатысы жоқ.
Теоретиктердің бұл тобы кейбір рауаяттарға сүйене отырып, исламдағы біртұтас үмбет деген сөздің мәні белгілі бір қауым, топ немесе этносқа қатысты емес, ислам үмбеті әртүрлі қауымдар мен этностарға жататын және әртүрлі салт-дәстүрлерді ұстанатын адамдардан тұрады деп санайды. Олардың ортақ сипаты – діни принциптерге сенетіндігінде. Құранның үкімі бойынша адам адамнан тек ғылымы, тақуалығы, амалы және талпынысымен ғана арта алады, осылайша национализм жоққа шығарылып, ислам дінінің баршаны қамтитын ерекшеліктері түсіндіріледі. Теоретиктердің үшінші тобы аралық көзқарасқа ие. Шәһид Мұттахари – осындай ой-пікірдің символы. Оның ойынша, национализм өзінің жағымды сипатында, яғни махаббат тұрғысынан жаман емес, ислам осы құқықты мойындайды, бірақ оның жағымсыз жағы айыпталады. Национализмнің бірлік идеясы мен исламның біртұтас үмбетін қалыптастыруға қатыстылығы туралы теориялық талқылауға тоқталмай-ақ, тәжірибеде көрсетілген нәрсенің мынадай шындықты дәлелдейтінін айта кету қажет: национализм кейбір жағымды әсерлерге, әсіресе көптеген елдерді отаршылдықтан құтқарғанына қарамастан, ислам елдері арасында көбіне жікке бөлу сипатына ие болды.
Егер шәһид Мұттахаридің национализм мен біртұтас үмбеттің қатыстылығы туралы түсіндірмесін қабылдасақ, национализмнің жағымсыз жақтары, яғни оның жікке бөлу сипаты оның жағымды жағынан, яғни отансүйгіштіктен әлдеқайда көбірек болды деп айтуға болады. Сондықтан национализм ислам әлемінде ислам елдерін интеграциялауға көмектескеннен бұрын оны жікке бөлуге қызмет етті. Әрине бұл арада шетелдік алпауыттардың өз мақсаттарына жету үшін национализмнің жағымсыз жақтарын күшейтудегі рөлін естен шығармау қажет. Имам Хомейни теория мен практикада ислам әлеміндегі бірліктің жаршыларының бірі ретінде осы байланысты жақсы түсіндіріп берген: «Мұсылмандарды бағындырып, олардың қазба байлықтарын иеленіп, мал-мүлкін талан-таражға салуды көздеген алпауыттар ұзақ жылдар бойы көптеген жоспарлар құрды, солардың бірі – национализм. Ислам әлемдегі араб, түрік, парсы сияқты барлық ұлттарды біріктіріп, бір үлкен үмбет – ислам үмбетін құруға келді. Мұсылмандар арасына ұлттық мүдде, топтық мүдде немесе национализм атымен жік салушылар – шайтанның әскері, алпауыттардың қолшоқпарлары, Құран Кәрімге қарсылар» (Сахифе Нур, 13-том, 225-бет).