Ислам әлеміндегі бірлік (19)
Бұл бағдарламада национализм мен диктаторлық үкіметтердің ислам әлеміндегі жікшілдіктің қалыптасып, ушығуындағы рөлінің тарихи дәлелдерін баяндаймыз.
Өткен бағдарламаларда национализм мен диктаторлық үкіметтердің ислам әлемінің жікке бөлінуіндегі ішкі себептердің екі негізгі факторы екендігін айттық. Бүгінгі бағдарламада ислам әлемінде национализмнің ислам елдері арасында теріс әрі жікке бөлу рөлін атқарған бірнеше тәжірибеге тоқталып, содан соң екінші тақырып, яғни осы саладағы диктаторлық үкіметтердің рөлі жайында сөз қозғаймыз.
Национализм мен ұлтшылдықтың ислам әлеміндегі бірлікке кері әсерінің алғашқы тәжірибесі ислам империясының араб, ирандық және түрік деп үшке бөлінуіне қатысты болды. Шіркеу мен патшалар қарым-қатынасындағы өзгерістер және Батыста ұлт-мемлекеттердің пайда болуымен қатар ислам империясының деңгейінде де терең өзгерістер орын алып, олар осы империяның құлауы мен әлемнің осы бөлігінде националистік қозғалыстардың пайда болуына себеп болды. Сол уақытқа дейін ислам діні іс жүзінде мұсылманға айналған адамдар үшін шекара белгілемеген, әрбір мұсылман өзінің туған жерінен басқа бір ислам еліне барса, сол жерді өзінің елі санаған. Алайда моңғолдар мен Ақсақ Темірдің шабуылдарынан кейін және Бағдадта Аббаси халифатының тіректері жойылғаннан кейін ислам империясы араб, ирандық және түрік деп үшке бөлінді.
Келесі тәжірибе 19 ғасырдың аяғында орын алды. Бұл дәуірде Франция революциясы мен оның романтикалық әдебиетінен бастау алған национализм Осман мемлекетінің әртүрлі ішкі ағымдарының негізгі мәйегін құрады. Жалпы алғанда «жаңа османшыл» реформаторлардың католик пен православ үгітшілерінің жарнамаларымен қатар түрік национализмі мен османизм идеясын алға тартуы, ішкі келеңсіздіктер мен шет елдерге шапқыншылық Осман мемлекетінің бөлінуі мен құлауына жағдай жасады. Болгарияның бүлігі, Ресей мен Осман соғысы, Балканның христиан ұлттарымен қарым-қатынасы, Болгария, Сербия, Румыния мен Черногорияның Осман империясынан бөлініп шығуы және панарабизмнің қалыптасуы – осының барлығы Осман мемлекетінің құлауынан туындаған салдар болды. Бұл дәуірде национализм пантүркизм түрінде болса да, панарабизм түрінде болса да, біртіндеп мәдени-идеологиялық қалыптан саяси-әлеуметтік сипатқа ие болып, оның дамуы тек кейбір жағдайларда ғана және тұрақсыз қысқа уақытқа ғана батыстың отаршылдығына қарсы қозғалыс ретінде көрініс тапты.
Басқа бір тәжірибе 19 ғасырдың соңында орын алды. Бұл заманда Осман империясында сұлтан Абдулмаджид II діни сезімдер мен наным-сенімдердің ықпалымен ислам әлемінде бірлік тудыруға талпынған жағдайда жас түріктер қозғалысы жаңа османшылардың идеясы мен қозғалысын жалғастырып, 1889 жылы Бірлік және даму комитетін құрып, сұлтанды құлатуға барлық күшін салып, «Машварат» (Кеңес) деген газет шығару арқылы түріктердің ұлттық сезімдерін оятып, оларды бірлік пен тілектестікке шақырды. Олар Мұстафа Камал пашамен жасырын қатынас орнатып, Осман мемлекетін құлату үшін күш қолдануды қабылдап, сұлтан Абдулмаджид II-ге қарсы бүлікті бастады. Осылайша ол өзінің панисламистік идеяларын ілгерілетуде сәтсіздікке ұшырап, 1908 жылы құлады.
Түрік национализміне реакцияда арабтар арасында да олардың мәдени болмыс-бітімінің пантүркизм толқынынан жойылып кету қаупіне алаңдаушылық туды. Сол себепті араб әлемінің ойшылдары арабтардың құқығы мен болмыс-бітімін қорғау мақсатында ұйымдар құруды және панарабизмді қалыптастыруды ойға алды. «Араб отаншылдары қоғамын» құру жолындағы Наджиб Азури сияқты адамның талпынысымен тұрандық (түрік) қозғалысқа қарсы арабшыл толқынның негіздері әзірленді. Бұл қозғалыс 20 ғасырдың екінші жартысында Мишель Афлақтың ойлары мен араб қауымы ағымын жобалау және арабтанудың қажеттігін қуаттап, «біртұтас араб үмбеті» деген ұранмен жалғасын тапты.
20 ғасырда да национализм толқындары ислам әлемінің бөліне түсуіне себеп болды. Осы ғасырдың бірінші жартысында ислам әлемінде елдер немесе ұлттық бірліктер пайда болды. Мұсылман арабтар Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін біртіндеп ұлттық бірліктерге бөлінді. Ирак, Иордания, Сауд Арабиясы, Ливан, Сирия, Мысыр, Ливия, Тунис, Марокко мен Алжир сияқты елдер пайда болып, бір-бірімен бәсекелесіп, жауласа бастады. Басқа жағынан Парсы шығанағы жағалауының Катар мен Кувейт сияқты шейх басқаратын кіші аймақтары бір-бірінен бөлініп кетті. Бангладеш Пәкістаннан, ал Пәкістан Үндістаннан бөлініп шықты. Африканың шығыс жағалауындағы мұсылман елдердің көбісі тәуелсіз кіші елдерге айналды. Осылайша ислам үмбеті бірнеше бөлікке бөлінді. Сондай-ақ, елдердің ішінде ұлттық национализм күшейді. Түрік, күрд, араб, бәлуч пен т.б. ұлттар бір елдердің құрамында бір-бірімен жауласа бастап, орталық биліктен тысқары күштерге айналды. Осылайша ұлттық болмыс-бітім діни болмыстан басым түсіп, ислам әлемінің бірлігін жойды.
Билеушілердің тираниясы да ұлтшылдық сияқты ислам әлеміндегі жікшілдіктің факторы болды. Егер естеріңізде болса, өткен бағдарламаларда ислам әлеміндегі көптеген сарапшылар мен реформаторлардың, соның шінде сейіт Джамаледдин Асадабади мен Абдулрахман Кавакебидің пікірінше, тирания мен халықтық емес үкіметтердің ислам әлеміндегі бірлік идеясының жүзеге асуына кедергілердің бірі болғанын айтып өттік. Сейіт Джамалдың пайымдауынша, диктатор емес үкіметтер жікшілдік пен қайшылықтарға әкеліп соқтыратын ұлттық және этностық фанатизмді діни фанатизммен байланыстырып, қоғамда тілектестік тудырады. Кавакеби де сейіт Джамал сияқты мұсылмандар арасында саяси хабардарлықтың жоқтығы мен соның нәтижесінде диктаторлық үкіметтердің қалыптасуын ислам елдерінің артта қалуының басты факторы деп санайды. Ол ішкі деспотизм факторына сүйеніп, оны ислам қоғамдарының басты қиындығы деп атаған. Осылайша ислам әлеміндегі бытыраңқылық, жікшілдік пен артта қалушылықтың факторын билеушілердің тираниясынан іздейді.
Ислам елдері тарихындағы көптеген дәлелдер мен жағдайлар билеушілер озбырлығының ислам әлемінде жікшілдік туып, күшеюінде рөл атқарғанын көрсетеді. Алайда осы дәлелдер мен жағдайларға тоқталмас бұрын мына мәселеге тоқталып өткеніміз дұрыс: деспотизм ұғымы саясаттанудағы басқа ұғымдар сияқты күрделі әрі қайшылыққа толы. Сол себепті оған жалпы әрі барша қабылдайтын сипаттама ұсыну қиын. Мәселен, қысым, қатігездік пен орталықтанудың қандай дәрежесінің деспотизм ұғымын білдіретіні белгісіз. Өйткені қалай болғанда да әрбір қоғамда үкімет бар. Қысым мен қатігездіктің бір түрі әрбір үкімет үшін қажетті нәрсе, өйткені елді басқару күш пен қатігездікті қажет етеді. Бірақ диктаторлық жүйелерді озбыр емес демократиялық үкіметтерден ерекшелендіретін не нәрсе?
Диктаторлық жүйелерді демократиялық үкіметтерден бөліп қарағанда екі негізгі принципке көңіл аудару қажет: біріншіден, диктаторлық жүйелер демократиялық емес қатігез құралдар арқылы билік басына келеді. Басқа сөзбен айтқанда бұл жүйелерде билікке жету тәсілі әдетте сайлаудан тыс жолдар арқылы жүзеге асады. Екіншіден, бұл жүйелерде билік әдетте бір адам немесе белгілі бір партияның қолында шоғырланған. Сондықтан қабылданған шешімдердің барлығы бір адам немесе билеуші партияның талап-тілегіне сәйкес болады. Сол себепті бұл жүйелерде азаматтық, әлеуметтік және саяси құқықтар аса тұрақты емес, ал қабылданатын шешімдер халықтың көзқарасынан туындаудан бұрын бір диктатор немесе билеуші партияның талабы мен мүдделерінен туындайды. Әлемдегі диктаторлық жүйелер идеология, диктатордың әскери немесе әскери емес болуы, деспотизмнің күштілігі, билікке жету құралы тұрғысынан бір-бірінен ерекшеленеді. Бірақ әлемдегі барлық диктаторлық жүйелерден жоғарыда айтылған екі негіз байқалады.
Тарих көрсеткендей, ислам әлемінде осындай халықтық емес диктаторлық саяси жүйелердің болуы ислам елдерінің интеграциялауына кедергі жасады, өйткені біріншіден, мемлекет басшыларының талап-тілектері мен ерік-жігері халықтың талабына сәйкес келмеді. Мемлекет басшылары ислам елдерінің бір-бірімен байланысын нығайтуды қажет деп санамаған. Екіншіден, бұл үкіметтердің халықтық заңдылығы жоқ, өйткені олардың армандары халықтың арман-мақсаттарынан бөлек. Мұндай жүйелерде барлық ислам елдерінің халықтары исламның мүдделері мен бейбітшілігі үшін әріптестік жасауға ынта танытса да, билеуші үкіметтер заңдық күшке ие болмағандықтан және ішкі және сыртқы саяси сахнада жалпы халықтың көзқарастарын жеткізбейтіндіктен осы идеяны қолдамайтыны анық. Үшіншіден, диктаторлық жүйелерде билеушілердің исламға қайшы деспоттық қатынастарына байланысты ислам елдерінің халықтары олардың қолдауына сенбейді. Сол себепті исламдық бірлік ислам елдерінің басшыларына сенімнің жоқтығынан жойылды. Осы сипаттамадан кейін енді диктаторлық жүйелердің ислам әлемінде жікшілдіктің пайда болуы мен күшеюіндегі рөлінің дәлелдерінен бірнеше мысал келтіреміз.
Осман халифатында ұлттық, этностық фанатизм мен ұлтшылдық пайда болып, бір жағынан Осман империясында әртүрлі топтар мен қауымдар арасында жікшілдік туып, басқа жағынан Осман империясы ислам әлемінің екінші полюсы, яғни сефевилік Иранмен қайшылықта болған кезде сұлтан Абдулмаджид II панисламизмді өз саясатының негізі етіп, ислам елдері арасындағы байланысты нығайта алатын шаралар жасау арқылы ислам әлемінің бірігуіне жағдай жасауға тырысты. Осыған орай темір жол желісін салу, әл-Харам мешітінің зияратшыларын қабылдау сияқты шаралар атқарды. Бірақ осы идеяның орындалуына кедергі болған ең маңызды себептердің бірі оның Осман империясындағы диктаторлық саясаттары болды. Басқа сөзбен айтқанда, сұлтан Абдулмаджид II өз елінде мұсылман халықтарына озбыр қатынас көрсетіп, оның ішкі шаралары исламның принциптеріне сәйкес болмағандықтан басқа ислам елдерінің билеушілері мен халықтарының сенімін тудыра алмады. Бұл шаралар оның авторитарлық, саяси-мансапқорлық мүдделері аясында түсіндірілді. Сол себепті оның панисламизм идеясы жеңіліске ұшырады.
Сонымен қатар 1970 жылдары Палестина мәселесі төңірегінде ислам әлемінде бірлік туындай бастап, ислам елдерінің көбі Израильге қарсы тұруда бір-бірімен біріккен кезде Иранның сол кездегі диктаторлық режимі 1973 жылы Еуропа мен Батыстың мұнай санкциясына қосылмау арқылы осы бірлік шеңберін жеңіліске ұшыратты. Палестина мәселесіне қатысты текетіресте Ислам және араб елдері сионистік тәртіпке қарсы біріккен майдан құрды, бірақ Иран шахының мансапқорлығы және оның Израиль мен АҚШ-пен жақсы қарым-қатынасы бүкіл исламдық одақ қалыбындағы осы үдерістің ілгерілеуіне тосқауыл қойды. Өйткені Иран шахы толық мағынадағы бір диктатор еді. Иранның мұсылман халқының қоғамдық пікірі ол үшін маңызды болмағандықтан ол ислам елдеріне жақтасудан бас тартты. Осылайша ислам елдерін интеграциялауға берілген алтын мұрсат жойылды.
Сонымен қатар Иранда Ислам революциясы жеңіске жетіп, Мұхаммадреза шахтың диктаторлық жүйесі құлатылған кезде ислам әлемін біріктіру үшін қолайлы жағдай жасалды. Исламдық жүйенің басқаруындағы Иран АҚШ, Кеңес одағы мен Израильге қарсы ислам әлемімен бірігуге ынта танытты. Саддам Хосейннің диктаторлық жүйесі Иранға шабуыл жасап, арабтардың Иранға қарсы ұлтшылдық сезімдерін қоздырып, ислам әлемінде бірліктің туындауына кедергі жасап, екі тарапты 8 жылдық соғысқа итермеледі. Бұл бөлінушілік арабтардың Иранмен қатынасы мен олардың Иракқа жақтасу позицияларынан көрініс тапты. Бүгінде Саддамның диктаторлық жүйесі құлап, Иракта бір халықтық үкімет билік басына келгеннен кейін ислам әлемін интеграциялау үшін жағдай туындап отыр, бірақ ислам елдерінің кейбір деспот әрі ішкі іске араласушы билеушілері мұсылмандарды интеграциялау жолында кедергілер тудыруда.