Қаз 02, 2016 17:11 Asia/Almaty
  • Иранның танымал тұлғалары (88)

Сейіт Əли Хамадани (Сұлтан ул-Арефин) бүкіл өмірін Кашмир мен Тəжікстанда исламды насихаттауға, ақиқат жолын іздеушілерге тəлім-тəрбие беруге арнаған адам. Ол "Кабравие" сопылық ағымының ұлы тұлғаларының бірі саналады. Бағдарламаның жалғасында осы сопымен көбірек таныстырамыз.

Айтып өткеніміздей, ирандық мистик Мир сейіт Əли Хамадани х.қ.ж.с.б.714 жылы Хамадан қаласында дүниеге келген. Бастапқы білім жолын жүріп өткеннен кейін ұлы ұстаздардан хадис ғылымы мен танымы, хикмет пен мистиканы үйренген. Нəпсіні жеңу, рухани жоғарылау мен ақиқат жолын жүріп өтуде солардан əсер алған. Ол өз заманындағы мистиктер алдында ақиқат жолын жүріп өткеннен кейін ұстаздары тарапынан Ираннан тысқары жерде Ислам дінін насихаттау жəне ақиқатқа құштарларды бағыттау міндетін алды. Ол бұл миссияны өмірінің соңына дейін атқарды. Ол бүкіл өмірін ислам дінін насихаттауға, шəкірт тəрбиелеуге арнаған. Сейіт Əли Хамадани көзі тірісінде үлкен құрметке ие болып, Иран, Орта Азия, Үндістан қалаларының көбінде жалпы халық оған ерекше құрметпен қараған. Ол аскетизм мен тақуалықпен қоса, ғылым мен хикметте жоғары дəрежеге жетіп, өз заманындағы рационалды жəне гуманитарлық ғылымдардың білгірі болған, осы салаларда көптеген еңбек жазған. Сейіт Əли Хамаданидің жазбалары 110 том кітап, трактат пен өлең жинағынан тұрады. Бұл туындылар мəн мен мазмұн, стиль, проза мен поэзия тұрғысынан көңіл аударуға тұрарлық. Олар əртүрлі салаларда, соның ішінде тəпсір, əңгіме, философия мен хикмет, ақлақ, мистика мен əдебиет салаларында жазылған. Олардың барлығынан ғибратқа толы тақырыптарды, рухани жəне талғамдық мазмұндарды көруге болады. Бұл ұлы мистиктің прозалық жəне поэзиялық туындыларды жазуда қолданған тəсілдері оның еңбектерін əрбір оқырман үшін  тартымды етті. Сейіт Əли Хамадани қайтыс болғаннан кейін оның ұрпақтары Хамадан, Сəринегяр (Кашмир), Балхаб (Балхтың атырабы) пен басқа да жерлерде əкелерінің ісін жалғастырып, халыққа жол көрсетіп, жетекшілік етуге тырысты. 

Сейіт Əли Хамадани – Иранның дарынды тұлғаларының  бірі. Ол Үндістан түбегі, Пəкістан, Мəуереннахр, Шам мен араб елдеріне сапар шегіп, əртүрлі діни жəне мəдени салаларда жұмыстар атқарған. Зерттеушілер бірауыздан  ислам діні, парсы тілі мен əдебиетінің  Кашмир халқы арасында таралуын осы кісінің талпынысына қарыздар деп санайды.

Ұстаз шəһид Мортаза Моттахари "Иран мен исламның өзара қызметі" атты еңбегінде Мир сейіт Əли Хамадани жайлы былай деп жазған: «Кашмирде исламға қызмет еткен адамдардың бірі Мир сейіт Əли Хамадани болған еді. Бұл ұлы тұлға Кашмирде мыңдаған шəкірт тəрбиелеген исламның мақтаныштарының бірі. Олардың əрқайсысы өз алдына ұстаз болған. Сейіт Əлиді əлі күнге дейін Кашмирде құрметтеп, оның үйіне зиярат етуге барады».

Генри Корбин Үндістанның Кашмирінде көптеген ғылымдар мен өнерлердің таралып, дамуын Мир сейіт Əли Хамаданимен байланыстырып: "Хамадани – жаңа жол салушы. Оның туындылары басылып шыққан жағдайда философтар Хамаданидің еңбектеріне сілтеме жасай алады. Ғылыми еңбектерден бөлек, көптеген зерттеушілер мен тарихшылардың пайымдауынша, Кашмирде көптеген өнер түрлерінің таралуы Мир сейіт Əли Хамадани мен оның серіктерінің Үндістан түбегі мен Кашмирде болуының жемісі мен нəтижелерінің бірі болған".

Мир сейіт Əли Хамаданидің өмірі мен еңбектерін зерттеушілердің кейбіреулері сейіт Əлидің сапарларын бір жағынан өзінің пірі мен ұстазының бұйрығын орындау, екінші жағынан сопылықтың бір міндетін атқару болған деп санайды. Ол өзінің сопылық үгіт-насихатты баяндауында əдебиет пен сопылықтың əртүрлі ағымдарындағы танымал өкілдердің, соның ішінде Абухамид Ғазали, шейх Фаридеддин Аттар, Сағди мен Моулави, шейх Махмуд Шабестари мен ибн Арабидың ойлары мен еңбектерін пайдаланған. 

Мир сейіт Əли Хамадани өз өмірінде Кашмирге 3 рет сапар шеккен. Бір жолы Кашмирге жолдастары, шəкірттері мен жақтастары, соның ішінде сейіттер, танымал тұлғалар, мистиктер мен өнер иелерінен тұратын 700 адамды бастап барып, зор ықпалға ие болған. Бұл сапарда тоқыма тоқу, қыш бұйымдарын жасау мен көркем жазу саласының мамандары да сейіт Əлимен бірге болған деседі.

Сол себепті Генри Корбин сияқты зерттеушілер Мир сейіт Əли Хамаданиды Кашмирде көптеген өнер түрлерінің таралуына септігін тигізген деп санайды. 

Мир сейіт Əли Хамадани Кашмирде ғалымдар, жолаушылар, индуизм мен буддизмнің діни өкілдерімен əрдайым ауқымды пікірталастар өткізіп тұрған. Осы пікірталастардың көбінде қарсыласын жеңетін болған. Кашмирде тұрған жалпы 5 жылда 37000 адам исламға бет бұрған. Оның рухани жəне əлеуметтік ықпалының арқасында Ислам осы аймаққа таралды. Сейіт бұл аймақ халқын исламға ғашық еткені соншалықты, олар ғибадатханаларын қиратып, олардың орнына мешіт салып, сейіттің жанындағы адамдарды жаңа ашылған мешіттерде азан шақырып, іске қосуға шақырған. Жергілікті билеушілер оның бұйрықтарын қалтқысыз орындап отырған. Алланың мейірімінің арқасында сейіт Əлидің үгіт-насихаттары мен тəлім-тəрбиесі берекелі болған. Үнділік жəне буддистік діни қызметкерлер мен сиқыршылар оның қисынды пікірлерінен жеңіліп, оның қасиетін байқаған кезде ешбір сұрақсыз жүрек қалауымен ислам дініне бет бұрып отырған. Бұл ерекшелік жалпы халықтың рухын өзгертуде өте ықпалды əрі сəтті болған. Осылайшв шиіт мазхабы діндар ғалым мен мистик сейіт Əлидің зор талпынысы мен үлкен еңбегінің арқасында Кашмирде таралып, бекіді.

Мир сейіт Əли Хамадани  ұдайы халықпен діни наным-сенімдер жайлы сөйлесіп, оларға уағыз айтып, ақлақтық тақырыптарды тартымды тілмен, жалпы халықтың қабылдау деңгейін назарға ала отырып, ешбір асыра сілтеусіз баяндап отырған. Осындай діни қызметтермен бір мезгілде ол парсы тілін де осы жерде тарата алған. Шын мəнінде, Мир сейіт Əли Хамаданидің Кашмирде сындарлы, пайдалы əрі даму сыйлаушы болған барлық үгіт-насихаттық, мəдени жəне əлеуметтік қызметтері исламдық мəн-мазмұн мен рухқа ие болған. Оның қалыбы мен қаңқасы парсы тілі болған. Рух пен дененің байланысы осы жерде өте зор болғандықтан, ол «Кашмирдің ізбасары» аталып, Кашмир "Кіші Иран" деп аталды. Бұл аймақтың халқы Үндістан түбегінің басқа аймақтарынан кешірек парсы тілімен танысса да, Кашмирден шыққан парсы тілді жазушылар мен ақындардың саны өте көп. 

Мир сейіт Əли Хамадани Кашмирде мақсаты мен бағдарламасы айқын үгіт-насихат ұйымын құрған. Бұл ұйым сейіт Əли, уағыздаушылар мен насихаттаушылардың нақты басқаруымен халыққа бағыт-бағдар беруге дайын болған. Содан соң əртүрлі аудандарға  аттанып, халықты Құран тағылымдарымен таныстырып отырған. 

Ол Джаму мен Кашмир аймағында құнды да мəңгілік қызметтер жасаған. Кашмирдегі алғашқы діни ғылымдар медресесі осы қабілетті насихаттаушы  тарапынан салынған. Сонымен қатар сұлтан Шахабеддин Мир сейіт Əли Хамаданидің кеңесімен осы аймақта кең де маңызды "əл-Құран" медресесін салған. Кашмирдің түкпір-түкпірінен ғылым мен таным іздеген жастар осы медресеге келіп отырған. Сейіттің шəкірті болған ірі ойшылдар осындай мектептерде тəрбиеленген. Сұлтан Құтбеддин сейіт Əлидің нұсқауымен үлкен медресе салған. Онда басқа ғылымдар оқытылатын. Мир сейіт Əли Хамадани, сондай-ақ, Кашмирде кітапхана ашқан. Бұл жерден араб жəне парсы тіліндегі ислам ғылымы мен танымы саласындағы дереккөздерін табуға болады. Бұл кітапхана өте зор маңыздылыққа ие болып, ғылыми тұлғалар мен аймақ билеушілері оны көруге келіп отырған. 

Бүгінде де  Мир сейіт Əли Хамаданидің Үндістан түбегіндегі мəдени  жəне рухани құзыры барлық кедергілерге қарамастан айқын сезіледі. Кашмирдегі оның мешіті мен медресесінің əртүрлі бөліктерінде жазылған  парсы тіліндегі көптеген өлеңдер жергілікті тұрғындар мен жолаушылардың назарын аударады.

Осы аймақтағы қызығушылары көп оның еңбектері мен өлеңдері осы сөзіміздің дəлелі. 

110 том кітап, трактат жəне өлеңдер жинағынан тұратын Мир сейіт Əли Хамаданидің еңбектері мəн-мазмұн, стиль,проза мен поэзия тұрғысынан көңіл аударуға тұрарлық. Олар əртүрлі салаларда, соның ішінде тəпсір, əңгіме, философия мен хикмет, ақлақ, мистика мен əдебиет салаларында жазылған. Олардың барлығынан ғибратқа толы тақырыптарды, рухани жəне талғамдық мазмұндарды көруге болады. Бұл ұлы мистик прозалық жəне поэзиялық туындыларды жазуда қолданған тəсілдер оның еңбектерін əрбір оқырманға тартымды етті. 

Тегтер