Қар 04, 2023 21:15 Asia/Almaty
  • Иранның танымал тұлғалары (215)

Өткен бірнеше бағдарламадағы тақырыпты жалғастыра келіп, танымал ирандық ақын Нұреддин Әбдірахман Жәми жайлы сөз қозғаймыз.

Алланың атымен бастаймыз! «Ирандық танымал тұлғалар – әлемдік мақтаныштар» атты бағдарламаның келесі бөлімінде х.қ.ж.с.б. 9 ғасырда (15 ғасырда) өмір сүрген Иранның тағы бір танымал тұлғасы, ақын, сопы, жазушы әрі ойшыл Нұреддин Әбдірахман Жәмимен таныстыруды жалғастырып, оның өмірі, шығармашылығы мен ойлары жайлы сөз қозғаймыз.

Нұреддин Әбдірахман Жәми

Айтып өткеніміздей, Нұреддин Әбдірахман Жәми – х.қ.ж.с.б. 9 ғасырда (15 ғасырда) өмір сүрген танымал ирандық ақын, сопы, жазушы әрі ойшыл. Ол х.қ.ж.с.б. 817 жылы (1414 жылы) Хорасан облысында орналасқан Жәм уәлаятында дүниеге келген. Жәмидің ата-бабасы Исфаханда өмір сүрген. Кейін Хорасанға қоныс аударып, Харгорд-е Жәм елдімекеніне тұрақтаған. Жәмидің әкесі Әбдірахман дүниеге келерден бірнеше жыл бұрын жанұясымен бірге Гератқа қоныс аударып, сол жерге қоныс тепкен.  Жәми бастапқы білімін сол кезде Гераттың айналасындағы ауылдардың бірі болған Харгорд-е Жәм елдімекенінде алып, әкесінің алдында парсы әдебиеті, араб тілінің грамматикасын үйренді. Ол сол замандағы ең маңызды ғылыми-әдеби орталықтарыдың бірі болған Герат және Самарқанның Низамия мектептерінде білімін толықтырып, араб тілі, шешендік өнер (риторика), қисын мен хикмет, математика мен шариғат ілімін меңгеріп, өз заманының білгіріне айналды. Содан соң сопылыққа ден қойып, Нақшбандия тариқатына қосылды. Жәми ғылым мен білімінің тереңдігіне және сопылық мінез-құлқына байланысты сол замандағы сұлтандардың алдында ерекше орынға ие болған және қартайғанға дейін қол жеткізген ғылыми, әдеби және рухани дәрежесіне байланысты сол заманда парсы тілінде сөйлейтін барлық мемлекеттерде, яғни Осман империясынан Орта Азия мен Үнді түбегіне дейін әйгілі болып, айрықша құрметке ие болған.

Жәми х.қ.ж.с.б. 898 жылы 18 мұхаррамда, сәйкесінше 1492 жылы 81 жасында дүниеден озып, Үлкен Хорасан қалаларының бірі саналатын Гератта ұстазы Саадеддин Қашқаридың мазары жанында жерленді. Жәмидің қабірі қазір "Тахт-е мазар" деген атпен танымал.

Гераттағы Нұреддин Әбдірахман Жәмидің мазары

40 аса кітап пен трактат жазған Нұреддин Әбдірахман Жәмидің прозалық және поэзиялық туындыларының арасында "Нафахат ул-унс мен хазарат ул-құдс" атты кітабы танымалырақ. Бұл еңбектің одан кейінгі кітаптарға әсері көбірек болды. "Нафахат ул-унс" кітабы х.қ.ж.с.б. 881-883 жылдары Әмір Темірдің дана уәзірі әмір Әлішер Наваидың ынталандыруымен жазылған.

"Нафахат ул-унс" кітабының тақырыбы – ислам әлеміндегі сопылар мен шейхтердің ислам дәуірінің басынан ақынның өмір сүрген кезіне дейінгі тарихы. Мұндай кітаптар жазудың ұзақ тарихы бар. Ол ислам келгеннен кейінгі алғашқы ғасырлардан басталады. Тарихи кітаптарға сүйенсек, әулиелердің сөздерінен тұратын жинақ жазу дәстүрі х.қ.ж.с.б. 2 ғасырда Ислам пайғамбары мен оның сахабаларының сөздері мен істерін жинақтау үшін басталған ірі істен тамыр алып, сахабалар мен табииндердің өмірін баяндаумен жалғасын тапты. Соның нәтижесінде ислам тарихнамасының маңызды бір тармағы – өмірбаяндар жазу дәстүрі өркендеді. Бұл дәстүр сопылықта да жалғасын тауып, ұлы сопылар мен мистиктердің өмірі, сөздері мен істерін баяндайтын кітаптар жазылды. Бұл еңбектерде мистиктердің өмірбаяндары туралы мәліметтер аз.  Осы салада қалам тербеген авторлар көбіне сопылар мен мистиктердің ой-пікірлерін жазуға көбірек көңіл бөлген.

Тазкере саласында парсы тілінде жазылған алғашқы кітап – Қожа Абдулла Ансаридың "Табақат ус-суфия" атты кітабы. Бұл кітап – х.қ.ж.с.б. 5 ғасырда өмір сүрген мистик Абдурахман Саламидың "Табақат ус-суфия" атты кітабының еркін аудармасы. Бұл салада көптеген кітаптар жазылған, бірақ зерттеушілердің сенімінше, ең маңызды еңбектер – х.қ.ж.с.б. 7 ғасырда өмір сүрген танымал ирандық ақын әрі мистик Аттар Нишапуридің "Тазкере ул-әулиа" еңбегі мен Жәмидің "Нафахат ул-унс" кітабы. Осы екі кітап өмірбаяндар жазу саласында дереккөз саналады.

"Нафахат ул-унс" кітабы – Нұреддин Әбдірахман Жәмидің ең маңызды еңбегі және х.қ.ж.с.б. 9 ғасырдағы ең танымал әрі әдемі прозалық туынды.

"Нафахат ул-унс" кітабы – Қожа Абдулла Ансаридің "Табақат ус-суфия" атты кітабының басқа бір нұсқасы. Жәми бұл кітапты жазуда басқа дереккөздерді, соның ішінде Ходжвиридің "Кәшф ул-махджуб" кітабы, Абусаид Абулхейрдің "Асрар ут-тоухид" кітабы, Азеддин Кашанидің "Мұнақеб-е афлаки уа Месбах ул-хадия" кітабын пайдаланған. Жәми "Нафахат ул-унс" кітабына кіріспеде "Табақат ус-суфия" кітабын пайдаланғанын айтып, "Басында бұл кітаптың мәтінін қазіргі заман тіліне аударуды көздедім" деп жазған. Жәми көптеген әулиелердің өмірбаяндарын жинақтау арқылы оқырмандарға осы ұлы рухани тұлғалардың нақты бейнесін көрсетуге үміттенген. Жәми өз кітабында бұл тұлғалардың метафизикалық қасиеттерінен бұрын олардың мінез-құлықтары мен қатынастарына көбірек тоқталған.

Жәми "Нафахат ул-унс" кітабын жазуда энциклопедиялық тәсілді пайдаланған. Ол өз еңбегінде "Табақат ус-суфия" кітабында келтірілген 120 өмірбаянды келтіріп, бұл кітапта жоқ 484 тұлғаның өмірбаянын қосқан. Жалпы өз заманына дейінгі 614 тұлғаның өмірбаянын жазған. Жәми өмірбаяндарды топтастырып, әйелдер мен ерлерді бөлек жазған. Ол сондай-ақ өмірбаяндарды уақыт пен күнтізбе бойынша тәртіппен топтастырған. Жәми кітаптың басындағы бір тарауда сопылықтың теориялық мәселелері және сопылар мен аскеттердің түрлі дәрежелері туралы баяндаған. Кітаптың соңында "Хатеме" деген атпен бір қорытынды жазып, кітапты аяқтаған.

Жәми өмірбаяндарды реттеуде тұрақты жоба қолданған. Әрбір мақала тұлға туралы жалпы өмірбаянмен басталады. Онда тұлғаның аты, лақап аты, туған күні мен қайтыс болған күні, тегі, алған білімі мен еңбектері баяндалған. Содан кейін тұлғаның сөздері келтірілген. Оның арасына көбіне бірнеше өлең жолдары немесе араб мақал-мәтелдері қосылған.  

Жәми өз кітабында оқырманға оқиғаларға қатысты тарихи көзқарас білдіруге тырысқан. Ол тұлғалардың практикалық өміріне көбірек көңіл бөлген. Сол себепті оқиғалар әрдайым белгілі бір тұлғалар және жерлермен байланысты болған.

Жәми "Нафахат ул-унс" кітабында ешқашан тұлғалар мен олардың сөздеріне тікелей жеке пікір айтқан емес, пікір қайшылығы бар тақырыптар туралы өз ұстанымын білдірмеген. Ол көбіне шейхтердің сөздерін қайталаумен және Қожа Абдулла Ансаридің кітабында келтірген пікірлермен шектелген. Жәми рауаят тұрғысынан да, сенім тұрғысынан да өзі қолданған әдебиеттерге айрықша адал болған. Ол қажет деп тапқан жерде қолданған дереккөзінің толық сипаттамасын беріп отырған. Яғни ол бір шынайы автордай әрекет еткен.