Maм 23, 2023 21:56 Asia/Almaty
  • Иранның танымал тұлғалары (212)

Бірнеше бағдарламадағы тақырыпты жалғастыра келіп, танымал ирандық ақын Нұреддин Әбдірахман Жәми жайлы сөз қозғаймыз.

Алланың атымен бастаймыз! «Ирандық танымал тұлғалар – әлемдік мақтаныштар» атты бағдарламаның келесі бөлімінде х.қ.ж.с.б. 9 ғасырда (15 ғасырда) өмір сүрген Иранның тағы бір танымал тұлғасы,  ақын, сопы, жазушы әрі ойшыл Нұреддин Әбдірахман Жәмимен таныстыруды жалғастырып, оның өмірі, шығармашылығы мен ойлары жайлы сөз қозғаймыз.

Айтып өткеніміздей, Нұреддин Әбдірахман Жәми – х.қ.ж.с.б. 9 ғасырда (15 ғасырда) өмір сүрген танымал ирандық ақын, сопы, жазушы әрі ойшыл. Ол х.қ.ж.с.б. 817 жылы (1414 жылы) Хорасан облысында орналасқан Жәм уәлаятында дүниеге келген. Жәмидің ата-бабасы Исфаханда өмір сүрген. Кейін Хорасанға қоныс аударып, Харгорд-е Жәм елдімекеніне тұрақтаған. Жәмидің әкесі Әбдірахман дүниеге келерден бірнеше жыл бұрын жанұясымен бірге Гератқа қоныс аударып, сол жерге қоныс тепкен.  Жәми бастапқы білімін сол кезде Гераттың айналасындағы ауылдардың бірі болған Харгорд-е Жәм елдімекенінде алып, әкесінің алдында парсы әдебиеті, араб тілінің грамматикасын үйренді. Ол сол замандағы ең маңызды ғылыми-әдеби орталықтарыдың бірі болған Герат және Самарқанның Низамия мектептерінде білімін толықтырып, араб тілі, шешендік өнер (риторика), қисын мен хикмет, математика мен шариғат ілімін меңгеріп, өз заманының білгіріне айналды. Содан соң сопылыққа ден қойып, Нақшбандия тариқатына қосылды. Жәми ғылым мен білімінің тереңдігіне және сопылық мінез-құлқына байланысты сол замандағы сұлтандардың алдында ерекше орынға ие болған және қартайғанға дейін қол жеткізген ғылыми, әдеби және рухани дәрежесіне байланысты сол заманда парсы тілінде сөйлейтін барлық мемлекеттерде, яғни Осман империясынан Орта Азия мен Үнді түбегіне дейін әйгілі болып, айрықша құрметке ие болған.

Жәми х.қ.ж.с.б. 898 жылы 18 мохаррамда, сәйкесінше 1492 жылы 81 жасында дүниеден озып, Үлкен Хорасан қалаларының бірі саналатын Гератта ұстазы Саадеддин Қашқаридың мазары жанында жерленді. Жәмидің қабірі қазір "Тахт-е мазар" деген атпен танымал.

Гераттағы Жәми кесенесі – "Тахт-е мазар"

Нұреддин Әбдірахман Жәми парсы және араб тілдерінде проза және поэзия қалыбында ондаған кітап пен трактат жазған. Жәми өмір сүрген ғасырда сұлтандар мен байлар ғылым мен әдебиетті жақсы көріп, өнерпаздарға қолдау көрсетіп отырған. Бұл заманда сұлтандар мен байлар жақсы да пайдалы кітаптарды бір-біріне сыйлайтын болған. Сондықтан ирандық ойшылдардың еңбектерінің жарық көруіне себеп болған. Осылайша осы заманда өмір сүрген өнерпаздар, ойшылар, жазушылар мен ақындардың көбінің туындылары сақталып, келешек ұрпақтың қолына жетті. Азия мен Еуропаның кітапханаларында бар Жәмидің көптеген туындыларына сүйеніп, оның барлық әдеби туындылары мен интеллектуалды мұрасы бұрмалаушылықтан аман қалды деп айтуға болады.

Зерттеушілердің көбі Жәми еңбектерінің жазылған жылын ескеріп, мынадай сенімде: 40 жастан кейін Жәмидің теориялық және интеллектуалдық дарыны ашылған. Өйткені оның прозалық және поэзиялық туындыларының басым бөлігі сұлтан Хұсейн Байқара мен оның данышпан уәзірі әмір Әлішер Науаидың тұсында х.қ.ж.с.б. 874-889 жылдар аралығында жазылған.

Сұлтан Хұсейн Байқара

Тазкере-өмірбаян жазушылар Жәмидің туындылары санын әртүрлі келтірген. Сам Мырза Сафави "Тохф-е Сами" атты кітабында Жәми еңбектерінің атауларын келтіріп, парсы және араб тілдерінде проза және поэзия қалыбында жазылған еңбектер санын 45 кітап деп атаған. Бірақ Жәмидің шәкірті Әбдіғапур Лари өз ұстазының еңбектерін 48 кітап деп атаған.

Жәми өз өлеңдерін екі үлкен топтамаға жинақтаған. Бірінші топтама – үш түрлі өлеңдерден тұратын жинақ. Ол қасида, ғазал, қыта мен рубаилардан тұрады. Жәми өз өлеңдер жинағын өмірінің соңғы кезеңінде әмір Хосроу Деһлевиге еліктеп үш бөлімнен құраған: жастық шаққа тиесілі өлеңдерден тұратын "Фатиха уш-Шабаб", өмірінің орта шеніне тиесілі өлеңдерден тұратын "Васете ул-Ағд" және өмірінің соңғы кезінде шығарған өлеңдерден тұратын "Хатеме ул-Хайят". Екінші топтама – қасидалар мен ғазалдар жиынтығы. Жәми оны х.қ.ж.с.б. 858-884 жылдар аралығында жазып шығарған. Ақынның қасидаларында Алланың бірлігі, Ислам пайғамбарының мұғжизасы, сахабалар мен Әһл-е Бейтті мадақтау және сопылық-ақлақтық тақырыптарды қамтиды. Жәми сондай-ақ өз заманының сұлтандары мен билеушілерін мадақтау және жоқтауға арналған қасидалар жырлаған. Ақынның ғазалдары әдетте 7 бәйіттен аспайды және көбіне ғашықтық-сопылық сипатта.

Жәмиден қыталар мен рубаилар да қалған. Оларда сопылық мәселелер көтерілген. Сопылардың ақиқатына сілтеме жасалады немесе ғашықтық сарындар жасырынған. Жәмиден "Диван-е бинұқат" (Нүктесіз өлеңдер) атты өлеңдер жинағы да қалған. Онда тек нүктесіз сөздер қолданылған.

Осы ирандық ақынның тағы бір еңбегі – "Хәфт Оуранг". Ол мәснәуи (поэма) қалыбындағы 7 кітаптан тұрады. Бірінші мәснәуи – "Селселе уз-Зәһәб". Жәми оны Санаидың "Хадиқат ул-хақиқат" кітабының стилімен жазған. Бұл кітапта ақын сопылық тұрғысынан шариғат, тариқат, ғашықтық пен пайғамбарлық мәселелері жайлы сөз қозғаған. Екінші мәснәуи – "Саламан мен Абсал". Ол сұлтан Яқуб Түркаман Аққоюнлыға арналған. Бұл хикая алғаш рет қожа Насыреддин Тусидің "Шәрх-е ишарат" еңбегі және Ибн Тофейлдің "Асрар хакаме" кітабында келтірілген. Жәми оны парсы тілінде поэзия қалыбында жырлап шықты. Үшінші кітап – "Тохфат ул-Ахрар". Бұл Жәмидің алғашқы тағылымдық поэмасы. Низамидың "Махзан ул-Асрар" поэмасының стилінде жазылған. Онда жаратылыс, ислам, намаз, зекет, қажылық, оқшаулану, сопылық, ғашықтық және ақындық жайлы сөз қозғалған. Поэманың соңында Жәми өзінің ұлы Зиаеддин Юсефке өсиетнама жазған. Онда өзінің жастық шағы жайлы да айтып өткен.

Жәмидің "Хәфт Оуранг" еңбегінің теңдессіз қолжазба нұсқасы Имам Реза кесенесінде сақталынған.

 

Төртінші кітап – "Собхат ул-Абрар" (Әділдерге мадақ). Бұл даналық поэмасы х.қ.ж.с.б. 887 жылы жазылған. Онда ақын тәубе, аскетизм, кедейлік, сабыр, шүкірлік, күдік, тәуекел, ризалық туралы ақлақтық-сопылық тәлім берген. Бесінші кітап – "Жүсіп пен Зылиқа". Бұл ғашықтық поэмасы Низамидың "Хосроу-Шырын" поэмасы мен Фахр Асад Горганидың "Вис пен Ромин" поэмасы стилінде жазылған. Кітап пайғамбарды еске алу, оның миғражға көтерілуі және сұлтан Хұсейн Байқараны мадақтаумен басталады. Онда Жәми Құрандағы "Юсеф" сүресі мен жаратылысқа қатысты Таурат рауаяттарын көп пайдаланған. Жәми бұл поэманы х.қ.ж.с.б. 888 жылы жырлаған. Алтыншы кітап – "Ләйлі-Мәжнүн". Бұл ғашықтық поэмасы Низамидың "Ләйлі-Мәжнүн" поэмасы және әмір Хосроу Деһлевидің "Ләйлі-Мәжнүн" поэмасы стилінде (өлең қалыбында) жырлаған. Жетінші кітап – "Ескендірдің ақылнамасы" (Хераднама-е Искандари). Онда хикмет пен ақлақ жайлы тәлім берілген. Онда грек хакімдері Сократ, Платон, Аристотель, Гиппократ, Пифогор мен Ескендір сұхбаттасады.

Нұреддин Әбдірахман Жәмидің еңбектерімен таныстыруды келесі бағдарламада одан ары жалғастырамыз. Аман-сау болыңыздар.