Қар 16, 2016 07:35 Asia/Almaty
  • Арбағин – Ашура мәдениетінің таралуы

Арбағин келген кезде имам Хусейн (ғ.с.)-ның ғашықтары мен достары сөзбен сипаттауға келмейтін ерекше көңіл-күйге бөленеді. Пәк имамдардың рауаяттарының бірінде мүміннің белгілерінің бірі ретінде «Зиярате Арбағин» зияратнамасын оқу аталған.

«Зиярате Арбағин» – имам Хусейн (ғ.с.)-ның шәһидтігінің қырқы күні  Кербалада жиналу. Арбағин күні қасиетті жерде иманды қорғау туралы ақыл-кеңестерден жоғары талпыныс пен жігерді көруге болады.

Шын мәнінде рауаяттар жазылған көптеген кітаптарда бұл ерекше кезең үшін көптеген ақыл-кеңестер мен насихаттар айтылған. Арбағинның есеп-қисабы өзгеше. Басқа күндерге қарағанда  бұл күнді еске алу ерекше өтеді. Бұл күні миллиондаған зияратшы имам Хусейн (ғ.с.)-ның қаны төгіліп, хазірет шәһид болған жерге жиналады. Олар махаббатпен лаңкестіктің қоқан-лоққыларына қарамастан ондаған, кейде жүздеген шақырымды жаяу жүріп, Кербалаға жетеді. Мұның себебі неде? Олар Арбағин күні имам Хусейн (ғ.с.)-ға зиярат ету үшін неліктен асығады?

 Мұсылмандардың көбі, әсіресе шиіттер бүгінде өз өмірлерін имам Хусейн (ғ.с.)-ның қанына борыштар санайды. Олардың пікірінше, егер имам Хусейн (ғ.с.)-ның көтерілісі болмағанда, ол өзі мен жанұясының болмысын өз жолында қимағанда, шынайы Исламнан еш нәрсе қалмайтын еді. Имам Садық Арбағин күнгі зияратында Аллаға: «Уа, Алла! Имам Хусейн (ғ.с.) өзіңнің пенделеріңді надандық пен адасудан құтқарып, өзіңнің жолыңа нұсқау үшін көтерілді. Бірақ алданып, өздерінің адамгершіліктерін лас дүниеге сатқандар  оған қарсы шығып, хазіретті өлтірді»,- деді. Имам Садық (ғ.с.) бұл зияратында имам Хусейн (ғ.с.)-ның Алланың жолында және адамзатты құтқару үшін көтеріліс жасағаны туралы айтты. Алайда имам Садық (ғ.с.) неліктен бұл сөздерін «Арбағин» күні баяндады және неліктен өзі бұл күнге ерекше көңіл бөліп, басқалардың да назарын аудартты?

Тарихта көптеген қылмыстар мен әртүрлі оқиғалар тіркелген. Олардың кейбіреулері Ашура оқиғасынан үлкенірек әрі апаттырақ болып, солардың салдарларынан Кербала шәһидтерінен көбірек адам өлген болар. Бірақ олардың барлығы ұмытылды,  кейбіреулері  тіпті еске де алынбады. Тарихта мәңгі ұмытылмайтын оқиға – Ашура оқиғасы. Өйткені имам Хусейн (ғ.с.) Алланың дінін жаңдандыру үшін көтеріліс жасап, илаһи дін еш уақытта ұмытылмайтын болғандықтан, оны жаңдандырушы да ұмытылмай, оның есімі әлемнің тарихында тіркелді.

Арбағин және Ашура мәдениетінің таралуы

Кербала оқиғасы орын алып, имам Хусейн (ғ.с.) мен серіктері шәһид болған соң Умайе үкіметі Ислам діні жойылды, енді оның белгілері қалмады деп ойлады. Язид қуанып, дін  жойылды деп дабыл ұрып: «Дін мен үкімет Бани Хашимның қолында болды. Енді олардан аңыздан басқа еш нәрсе қалмады. Ешбір уаһи хабар түспеді»,- деп өлеңдетті. Язид бұл сөздерін Орталық Азияның ауқымды бөлімі мен Еуропаның кейбір бөлімдері оның үкіметінің қарамағына кіріп, ол мұсылмандардың халифасы атанып, барша оның үкіметіне салық төлеуге міндеттелген жағдайда айтты. Екі алпауыт ел – Иран мен Рим құлдырап,  мұсылмандардың бақылауына түсіп, Язид әлемдегі жалғыз абсолюттік құдыретке айналды.

Имам Хусейн (ғ.с.)-ның адал қамқоршысы хазірет Зейнаб Язидтің сөздерін естіп, үнсіз қала алмады. Ол бар батылдығымен Бани Умайе әулетіне: «Алламен ант етемін! Қандай айла қолдансаңдар да еш уақытта біздің атымызды ұмыттыра алмайсыңдар»,- деді. Айтқаны келді. Хазірет Зейнаб пен имам Саджад (ғ.с.)-ның Куфе мен жолдың ортасындағы және Шамдағы сөздерінің арқасында халық бірте-бірте шындықпен танысты. Бірақ Умави үкіметінің зұлымдығы мен зорлық-зомбылығы халықты  пікірін білдіру және оларға қарсы тұру батылдығынан айырған болатын.

Арбағин күні келді. Шамнан Мединеге жолға шыққан тұтқындар керуені Кербалада тоқтады. Бұл күні Джабер бен Абдолла мен Атие Ауфи және Бани Хашим әулетінің біраз адамы Кербалада болған еді.  Имам Хусейн (ғ.с.)-ның қабірінің қасында хазірет пен адал серіктерінің бірінші еске алу рәсімі өтті. Имам Хусейн (ғ.с.)-ның бірінші «Арбағині» күнгі бұл жиын имамның мақсаттарының нәтижеге жетуінің бастамасы болды.

Құран Кәрімде илаһи күндер ұмытылмас үшін оларды еске алу насихатталған. «Арбағин» – Кербала оқиғасының жалғасы. Сондықтан илаһи күндердің бірі саналатын Ашура күні ұмытылмас үшін имам Хусейн (ғ.с.)-ның ғашықтары «Арбағин» күні имамды қолдайтындықтарын қайтадан растайды. Растау жолдарының біріне Кербалаға зияратқа бару саналады. Өйткені имам Хусейн (ғ.с.) баршаға үлгі болып, илаһи шындықты талап етіп, дінді жаңдандырды. Мұның барлығын хазірет Алланың жолында іске асырды. Алла Тағала бұл ықыласы мен жанкештілігі үшін оған мүміндердің велаяты мен махаббатын сыйлады. Алланың имамға сыйлаған жоғары дәрежесі мен айбыны халықтың жыл сайын Кербалада жаппай жиналуына себеп болды. Айта кететін жайт, Ирак халқы, әсіресе ауылда өмір сүретін ирактықтар тұрмыстарының қиындығына қарамастан жинаған нәрселерін  зияратшыларға ұсынып, «Арбағин» рәсімін  өткізуге жұмсайды. Расында бұл құбылысқа қатысушылар жолды басынан аяғына дейін жақыннан өз көздерімен көреді.

«Арбағин» шеруіне әртүрлі елдердің, соның ішінде Иран, Ирак, Ауғанстан, Швеция, АҚШ, Канада мен басқа елдердің халықтары қатысып, олардың жүректері бір мақсатқа қарай алға ілгерілейді. Олардың қозғалысы тек діни қозғалыс емес, илаһи және адами құндылықтарды жаңдандырып, қорғайтын қозғалыс болды. Шын мәнінде «Арбағин» зияратшысы ұзақ уақыт жаяу жүріп, имам Хусейн керуенінің көркем сипаттарын естеріне алып, Кербалаға келіп, бұл оқиға туралы білімдерін арттырғысы келеді. Әр зияратшы өзін мүміндер жамағатының мүшесі сезініп, басқаларға көмектесуді өз міндеті санайды. Арбағин –  әлемдік қоғамның қалыптасуы үшін  қажет жаттығу.

Сөз соңында айтарымыз, хиджри қамаридің 61-ші жылы орын алған Ашура оқиғасы бір жерден басталып, уақыт өткен сайын толқыны артып, бүкіл әлемге таралатын оқиға. Арбағин шеруі –бірте-бірте әлем мен адамзаттың келешегіне әсер ететін, гүрілдеген толқынның бір бөлімі.

 Иран Ислам революциясының жетекшісі аятолла Хаменеи: «Ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан зияратқа себеп болған имам Хусейн (ғ.с.)-ға деген махаббаттың сарқыраған бұлағының бірінші бастаулары «Арбағиннен» тамырланады. Имам Хусейн (ғ.с.)-ның болмысы бірінші жүректерді өзіне қарай «Арбағин» күні тартқан болатын. Джабер бен Абдолла мен Атиенің  «Арбағин» күні имам Хусейн (ғ.с.)-ға зиярат жасауы осы ғасырларға дейін созылып, осы күнге дейін жалғасынтауып, күннен күнге айбынды әрі барша халықты қызықтырған  қозғалысқа себеп болып, бүкіл әлемге Ашураның аты мен естелігін таратты»,- деді.