Иранға сапар (172)
Масджед Сүлеймен ауданы Хузистан облысының шығысында Загрос таулы сілемінің оңтүстік етегінде орналасқан.
Хузистан облысының ең биік таулары да Масджед Сүлеймен ауданында. Бұл биіктіктер ауданның солтүстігі мен солтүстік-шығысын алып жатыр. Масджед Сүлеймен ауданындағы ең биік шың «Тараз» деп аталады. Оның биіктігі 3300 метрден асады.
Масджед Сүлеймен ауданының ең маңызды өзені – Загрос тауынан бастау алатын Карун. Бұл өзен «Шәһид Аббаспур» мен «Масджед Сүлеймен» бөгеттерінен өткеннен кейін қаланың жанынан ағып өтеді. Сондай-ақ, ауданның оңтүстігінде «Темни» өзені бар. Оның жағасына туристік тартымдылық саналатын саябақтар мен демалыс орындары салынған.
Осы ауданның орталығы Масджед Сүлеймен қаласы теңіз деңгейінен 362 метр биіктікте, Ахваздың солтүстік-шығысынан 145 км жерде орналасқан. Масджед Сүлеймен қаласының құрылысы х.ш.ж.с.б. 1285 жылы (1906 жылы) басталған. Мұнай компаниясының басшылары осы жылы ғимарат салып, бірінші ұңғыманы қазып, жұмысқа кірісті. Бұл ауданда мұнай табылып, көптеген ұңғымалар қазылғаннан кейін Масджед Сүлеймен біртіндеп тәуелсіз қала ретінде таныла бастады. Масджед Сүлейменнің маңыздылығы шикі мұнайды өндірумен қоса, имам Хомейни атындағы айлақтың химиялық кешені үшін қажетті газды өндіруіне, сондай-ақ, мұнай өндіру зауытының болуына байланысты. Жүргізілген зерттеулер бойынша, осы қалада мұнай табылғаннан бері 316-дан астам мұнай мен газ ұңғымасы қазылған.
Кейбіреулер Масджед Сүлейменді Иранның алғашқы өнеркәсіптік қаласы санайды. Таяу Шығыстағы бірінші мұнай ұңғымасы, Таяу Шығыстағы мұнай өңдеу зауыты, алғашқы күкірт жасау зауыты, алғашқы электр өндіру стансасы және тағы да басқа кәсіпорындардың болуы осы сөзіміздің дәлелі. Бүгінде Масджед Сүлеймен Иранның өнеркәсіптік полюстерінің бірі саналады. Бұл қалада ірі өнеркәсіп орындары бар. Олардың қатарына Масджед Сүлейменнің Карун цемент өндіру зауыты, Иранда электр қуатын өндіру бойынша бірінші орындағы Масджед Сүлеймен бөгеті мен стансасы, газ өңдеу зауыты, Рази ірі мұнай-химия зауыты, алюминий жасау зауыты мен Масджед Сүлеймен мұнай-газ өңдеу компаниясы кіреді. Соңғысы оңтүстіктегі мұнай шығатын аудандарда жұмыс істейтін 5 компанияның бірі. Мұнымен қоса, бұл қалада бір үлкен өнеркәсіп қалашығы бар. Онда ұн, шұжық, макарон өндіру, пластик заттар өндіріп, қап тігетін көптеген зауыттар орналасқан.
Масджед Сүлейменмен бірге, Хафткол ауданының да мұнай көздерінің болуына байланысты ерекше маңыздылыққа ие екенін біліп жүргендеріңіз жақсы. Хафткол – Иранның оңтүстігіндегі екінші мұнай ауданы. Бұл аудан Масджед Сүлейменнің оңтүстігінен 80 км жерде орналасқан. Бұл ауданда мұнай х.ш.ж.с.б. 1306 жылдан бастап өндіріле бастады. Ірі мұнай ұңғымаларының болуына байланысты ауданның жер-жерінде мұнай құбырлары тартылған.
Хузистан облысындағы келесі танымал мұнайлы аудандардың бірі – «Нафт-е Сефид» (Ақ мұнай) ауданы. Бұл аудан Масджед Сүлейменнің оңтүстігінен 72 км жерде орналасқан. Ауданда түссіз мұнай ағатын бұлақ бар. Сондықтан оны «ақ мұнай» деп атаған. Айта кету керек, мұнай ұңғымаларынан мұнай өндірумен қоса, мұнда Масджед Сүлейменнің газынан сапалырақ табиғи газ да өндіріледі.
Масджед Сүлеймен ауданы Загрос таулы сілеміне жақын орналасуына байланысты, әсіресе солтүстік аудандарда жанға жайлы ауа райына ие. Бұл ауданның биік таулары мен шыңдары бахтияр тайпасының көшіп-қонып, қыстайтын жері болып табылады. Бұл жер әсіресе көшпенді тайпалардың көші-қон маусымында ерекше тартымдылыққа ие.
Мұнымен қоса, Масджед Сүлеймен ауданында төбелер, қамалдар, имамзадалардың кесенелері сияқты көптеген тарихи ескерткіштер бар. Енді солардың ең маңыздысымен таныстырайық.
Масджед Сүлеймен ауданының ең маңызды тарихи және археологиялық мекендерінің бірі – осы қаланың солтүстік-шығысында орналасқан «Сар масджед» ғибадатханасы. Бұл ғибадатханада баяғы замандарда үнемі от жанып тұратын болған. Ғимараттың құрылысы б.з.д. 7 ғасырдың басына тиесілі. Ойылған жазба тақташалары, сынған дөңгелек бағандар, кейбір тас қабырғалар мен аркалар – мұнда салынған сарайдың қалдықтары.
«Барданшанде» археологиялық төбесі де ерекше маңызды. Ахеменилер дәуіріне тиесілі бұл төбе тас тақташалар мен баспалдақтар түрінде қаладан 10 км жерде, Масджед Сүлеймен бөгетіне барар жолда орналасқан. Мұнда бір көне отқа табынатын ғибадатхана болғанға ұқсайды. Ол жерден тиындар мен қыш бұйымдар табылды.
«Колгах заррин» археологиялық төбесі де қаланың оңтүстігіндегі ең көне ауданда орналасқан. Сол төбеден де археологиялық ескерткіштер, мүсіндер мен көптеген тас тақшалар табылды.
Масджед Сүлеймен ауданының тарихи ескерткіштерін былай қойғанда, аймақтағы Мұнай компаниясының жұмыс істеп тұрған кезінен қалған ескерткіштер мен нысандар бұл ауданының көрнекті жерлері саналады. «Нафтун» деген атпен танымал №1 ұңғыма Иранда алғаш рет мұнай шыққан ұңғыма болған. Онда осы Мұнай компаниясы тарапынан салынған Масджед Сүлеймен қаласының ежелгі мұнай өңдеу зауыты, жолдар, көне көпірлер бар. Бұл ұңғыма Иранда мұнай табу және оны өндіру тарихын баяндау үшін өте маңызды болғандықтан көпшілік назарына ұсынылған.
Масджед Сүлейменде екі мұражай бар. Мұнай мұражайы Иран мен Таяу Шығыстың алғашқы мұнай өңдеу зауытында орналасқан. Бұл мұражай осы қалада мұнай табылған кездегі ескерткіштер мен көне заттарға қатысты. Сондай-ақ, табылған мұнайдың әрбір түрі осында сақталынады. Масджед Сүлейменнің этнографиялық мұражайы да Колгаһ ауданындағы «Колгах заррин» археологиялық төбесінің маңында орналасқан. Онда Иранның әртүрлі ұлттарының киімдері, мәдениеті мен қолөнері туралы көптеген ескерткіштер жұрт назарына ұсынылған.
Бүгінгі бағдарламаның екінші бөлімін Иранның ең тартымды туристік полюстерінің біріне, яғни Андимашк ауданының оңтүстігі мен Хузистан облысының солтүстігіндегі «Керхе» қорығын таныстыруға арнаймыз. «Керхе» қорығы қоршаған орта тұрғысынан өте құнды әрі Иранның маңызды табиғи аймақтарының бірі саналады.
«Керхе» қорығы Керхе өзені мен оның екі жағасындағы орманнан тұрады. Екі қорғалған бөлік пен жабайы жануарлардың тіршілік ететін жерінен тұратын қорықтың аумағы 130-дан астам шаршы шақырымды құрайды. Бұл қорық судың молдығы мен оның айналасында құнарлы жерлердің болуы, ыстық ауа райы мен басқа да табиғи тартымдылықтарына байланысты үнемі билеушілердің назарында болған. Тарих бойында мұнда әртүрлі өркениеттер қалыптасқан.
Керхе қорығының өсімдік жамылғысы тропикалық және жартылай тропикалық жерлердің орманынан тұрады. Бұл орман ағаштардың ерекше құрамына байланысты өте құнды.
«Керхе» қорығының жануарлар дүниесі де қолайлы қоршаған ортаға байланысты, соның ішінде судың молдығы, қоректің молдығы, ағаштардың қалыңдығы мен көңіл аударуға тұрарлық қауіпсіздікке байланысты әралуан түрлерге ие. «Керхе» қорығы мен оның айналасынан өсімдіктер мен жануарлардың түр-түрін көруге болады. «Керхенің» ормандары – әлемде сирек кездесетін сүтқоректілердің бірі сары киіктің паналайтын жері. Қорықтағы жануарлардың басқа түрлері ретінде жабайы мысық, су құндызы, түлкі, қасқыр, қорқау қасқыр, кірпі, доңыз бен қоянды айтуға болады.
Иранда мекендейтін құстардың жартысын, соның ішінде жергілікті және маусымдық жыл құстарын осы аймақтан көруге болады. Қырғауыл мен орман кептерін де бұл аймақтан көптеп көруге болады.
Үйректің түр-түрі, қаз, тырна, жыртқыш құстар, құтан мен көкқұтан «Керхе» қорығының бұталары, ағаштары, ормандары, бөгендері мен тоғандарында ұя салып, өсіп-өніп, қыстап шығады.
«Керхе» қорығында тіршілік ететін су жануарларының ішінен әртүрлі балықтарды атауға болады. Олар азық-түлік ретінде маңызды болғандықтан жергілікті тұрғындардың назарына алынған.
«Керхе» қорығы ғылыми зерттеу және туристік мүмкіндіктермен қоса, Хузистан облысының әлеуметтік және экономикалық қажеттілігінің бір бөлігін қамтамасыз етіп, Иранның маңызды туристік полюстерінің біріне айналу мүмкіндігіне ие.