Ақп 29, 2016 18:10 Asia/Almaty

Әйелдердің қабілеттерін арттыру және жыныстық теңдік

БҰҰ жыныстық теңдікті өзінің ұзақ мерзімді мақсаттарының бірі ретінде белгілеген, өйткені бұл ұйымның көзқарасынша аталмыш тақырып жоғарырақ табыстарға қол жеткізуге, балалардың  өлім-жітімін азайтуға, денсаулық жағдайының жақсаруына, өнімділікті арттыруға және даму мақсаттарын орындауға көмектеседі.

Үшінші мыңжылдықтың даму бағдарламасында осы тақырыптың маңыздылығына байланысты әйелдерді оқыту және олардың жұмыс тудырушы және өндіруші ретіндегі экономикалық қабілеттерін жоғарылату, сондай-ақ, әйелдердің билікке араласуы мен маңызды саяси шешімдер қабылдау салаларына қатысуын арттыруға жағдай жасау қолға алынды. Бірақ кейбір сарапшылардың мойындауынша, мыңжылдық дамудың мақсаттары әйелдерге қатысты кейбір маңызды кемшін тұстармен бетпе-бет келіп отыр. Тіпті осыдан бұрынырақ БҰҰ Бас хатшысының әйелдер істері жөніндегі орынбасары қоғамдағы әйелдердің жағдайын жақсартуға қатысты даму үдерісінің алаңдатарлықтай баяу қозғалуы туралы осы халықаралық органның  мүшелеріне және Дүниежүзілік парламентаралық одақтың өкілдеріне ескерту жасап: «Бұл баяу қозғалыс мыңжылдық дамудың мақсаттарына жетуді қауіп-қатерлер мен айтарлықтай күрделіліктерге ұрындырады»,-деп алаңдаушылық білдірген болатын.

БҰҰ-ның кедей елдердегі әйелдердің сауаттылғын арттыру туралы бағдарламасын орындаушылардың мәліметтері бойынша, әйелдердің көбінің бастауыш сыныпта оқыған әр жылының есесіне олардың табыстары орташа есеппен 10 пайызға артады. Бірақ осы тақырыптың маңыздылығына қарамастан, әлі де әйелдерге ер адамдармен тең түрде оқуға мүмкіндік жасай алмай отырған елдер бар. Осы елдердің көбінде бұл кемсітушіліктер мен жыныстық айырмашылықтар бастауыш мектептен бастап айқын байқалады. Мысалы, Чадта тек оқушы қыз балалардың 55 пайызы ғана бастауыш сыныптардан кейін орта сыныптарға тіркеледі. Осы тұрғыдан Чад әлемнің ең нашар елі ретінде танылды. Чадтан кейін Кот-д'Ивуарда, Пәкістан мен Йемендегі оқушы қыздардың бастауыш сыныптардан кейін орта сыныптарға өтуіне кедергілер бар. Жоғарырақ оқу сатыларына тіркелумен бірге бұл елдерде білім алудың ең маңызды жетістігі саналатын сауат ашудың əйелдер мен ерлер арасында үлкен айырмашылығы бар. Мысалы, Малиде əйелдердің тек 25 пайызы ғана сауатты, ал ерлер арасында бұл көрсеткіш 43 пайызды құрайды. Чадта да осыған ұқсас жағдайды көреміз, өйткені бұл елде əйелдер мен ер адамдардың   сауаттылық деңгейі сəйкесінше 28 жəне 47 пайызды құрайды. Бұл елдердегі əйелдердің сауаттылық деңгейінің төмендігі осы елдердің дамуына қиындық тудырып отыр. Əрине, көңіл аударарлық жайт, тіпті дамыған елдерде де білім алу жəне университетке түсу бойынша əйелдер ерлерден алға озғанымен жұмысқа қабылдану мəселесі туындағанда əйелдердің бұрынғыдай теңсіздікке ұшырап отырғандықтарында.
Дүниежүзілік экономика қауымдастығының мəлімдеуі бойынша, көптеген елдердің əйелдері ерлермен тең оқу құжатына ие бола отырып, жетекшілік лауазымдарды иеленуден шетқақпай қалып отыр. Бұл елдердің барлығында әкімшіліктегі жоғары лауазымдарды ер адамдар иеленеді.  Жыныстық теңдік тұрғысынан нашар жағдайдағы елдердегі сауда-экономикалық мүмкіндіктерге қолжетімділіктің деңгейі ерлер мен əйелдер арасында терең алшақтық тудырды. Бұл елдердің көбінде ерлер жұмыс күші ретінде əйелдерден кемінде үш есе көп жұмысқа тартылған. Осы арада Сирия соңғы жылдары орын алған дағдарыс пен келеңсіздіктерге байланысты ең нашар үлгі болып саналады. Бұл елде жұмыс күшінің 76 пайызын ерлер, тек 14 пайызын ғана əйелдер құрайды. Мұнымен қоса, бұл елдерде жұмыс істейтін əйелдер көбінесе өздерінің еркек жынысты əріптестерімен салыстырғанда ең төмен жалақы алады.
Мысалы, Ливанда ер адамдар жылына 26 мың доллардан астам табыс табады. Ал əйелдердің жылдық табысы шамамен тек 7 мың долларды құрайды.
Əрине, бұл қарама-қайшылық пен екіұштылықтың жалпылама сипатының барына назар аудару қажет. Мысалы, жаңа статистиканың нəтижесі көрсеткендей, АҚШ-тың əйелдері де ерлермен салыстырғанда шектеулі позицияларға ие. 2011 жылы АҚШ-та алғаш рет əйелдер жалпы жұмыс күшінің жартысынан көбін құрап, танымал əйелдер маңызды лауазымдарға тағайындалды. Бірақ бұған қарамастан Ұлыбританияның Лидс университетінің ұстазы Рос Пирсен бұл статистикалық мəліметтерді бұрынғыдай
  қарама-қайшы деп санайды. Ол:"Жұмыс істейтін əрбір əйел тəуелсіз табысқа қол жеткізу мен экономикалық тəуелсіздіктің артуынан туындайтын жеке бостандықты сезінгенімен олар алатын жалақының ер адамдарға төленетін жалақымен салыстырғанда өте аз екенін бəрі біледі. Кейбір елдерде олар бұрынғыдай өнеркəсіптік елдерде жұмыс істейтін əйелдермен салыстырғанда төменірек жалақы алады. Жалпы алғанда əйелдер үшін айтарлықтай жетістіктер бар болғанымен әйелдер мен ерлердің арасында жұмыс нарығында бұрынғыдай айтарлықтай айырмашылық бар. Тіпті 2015 жылғы статистикалық мәліметтер бойынша, әлемде еңбек жасындағы (15 жастан жоғары) әйелдердің 50 пайызға жуығы жұмысқа тартылады. Ал бұл көрсеткіш ерлер арасында 77 пайызды құрайды",-дейді.

Жоғары лауазымдарға қатысты да осындай екіұштылық бар. 2013 жылы жүргізілген бір халықаралық зерттеудің нәтижесі көрсеткендей, әйелдер басқаруға қатысты жоғары лауазымдардың тек 24 пайызын ғана өз мойнына алған. Бұл көрсеткіш біртіндеп жоғарылап келеді.  Бірақ әлемнің бай елдерінің қатарын құрайтын G8 тобына мүше елдерде әйелдер атқарушы кеңестерге мүшелердің тек 16 пайызын құрайды. Ал бұл жағдайда аталмыш көрсеткіш Бразилия, Ресей, Үндістан мен Қытай сияқты елдерде 26 пайызды, Еуропаның солтүстігіндегі елдерде 38 пайызды құрайды. Жапонияда жоғары лауазымды иеленетін 100 адамның 99-ы ер адамдар, АҚШ-та бұл көрсеткіш 80 адамды құрайды.  Тек Қытайда жоғары лауазымдарды иеленетін әйелдердің саны ер адамдардан жоғары деп көрсетілген. Бір қызығы, Швеция мен Норвегия сияқты елдер де жыныстық теңдік заңын бекіткендеріне қаншама жыл болса да, осы салада әлем бойынша сәйкесінше 27 және 22 орындарда тұр.

Осы кезең барысында әйелдердің жетекшілік рөлдердегі дамуы да өте баяу болды. Әлемдегі заң шығарушы органдардың спикерлерінің тек 16 пайызын әйелдер құрайды. Ал бұл жағдайда әлемдегі үкіметтердің барлық министрлерінің тек 18 пайызы ғана әйелдер. Бұл статистикалық мәлімет 2005 жылдан осы күнге дейін (10 жылдың ішінде)  тек төрт пайызға артқан. 174 елден алынған статистикалық мәліметтер бойынша, соңғы жиырма жылда әйелдердің  бүкіл елдердің заң шығарушы органдарындағы белсенділік деңгейі екі есе өскен. Бірақ бұрынғыдай ер адамдардың әйелдерге қатынасы 1/5-ді құрайды. Бұл шындық Әйелдер комитеті мен Дүниежүзілік парламентаралық одақ тарапынан расталды. Осы органдардың ортақ мәлімдемесінде жарияланғандай, ағымдағы жылда әлемнің Парламенттеріне мүше әйелдердің орташа саны өзінің ең жоғары деңгейіне жетіп, 22 пайызға артқан. Бірақ  нәзік жандардың парламенттік жұмыстарға қатысу деңгейінің 0,3 пайызға ғана өсуі 2013 жылғы 1,5 пайыздық өсумен салыстырғанда үмітсіздік тудырып, осы салада үдерістің кері бағытқа өзгергенін көрсетеді.

Мыңжылдық дамудың мәлімдемесін сынаушылардың көзқарасынша, үшінші мақсатта әйелдердің құқығы мен олардың қабілеттерін арттыруға көңіл бөлінгенімен осы мақсатты орындауға қажетті жағдайға назар аударылмаған. Әсіресе, үкіметтердің әйелдердің қабілетін арттыру мен құқығын қорғауға бағытталуы тиіс қаржылай міндеттемелері мен бюджеттері назардан тыс қалған. Қазіргі таңда адам құқығы саласына қажетті қолдау мен саяси ерік-жігер жоқ. Үкіметтер тарапынан осы іске бюджет те жеткілікті деңгейде бөлінбейді. Үкіметтер тарапынан бөлінетін бюджеттің аздығы және әйелдердің құқығы мен қабілеттерін жоғарылату саласында басымдық бойынша бөліністің болмауы әйелдердің құқығына қатысты даму мақсаттарының тиісті деңгейде орындалмауына себеп болды. Пан Ги Мунның әйелдер істері жөніндегі орынбасары, егер әйелдердің қабілетін арттыру мәселесі  әлемдегі барлық елдердің басты бағыттарының біріне айналса және әлем басшылары 20 жыл бұрын Пекин конференциясында берген уәделерін дұрыс орындаса, 2030 жылға дейін әлемдегі әйелдердің қабілеттерін арттыру мақсаттарының орындалатындығына әлі де үміт бар деп санайды.

 

 

 

Тегтер