Жел 08, 2016 16:37 Asia/Almaty

Өткен бірнеше бағдарлама барысында «Мың бір түн» кітабында әртүрлі мазмұндардың барлығын айтып, ондағы ең маңызды мазмұн, яғни ғажайыптарды мысалдар келтіріп талдап шықтық. Сонымен қатар «Мың бір түн» кітабында құбылмалы әлемге қарама-қарсы қойылған тұрақты да өзгермейтін кейіпкерлерге сараптама жасадық.

«Мың бір түн» кітабындағы ертегілердің барлығының стилі – исламдық. Бұл кітаптағы кейбір ертегілер мұсылман мистиктердің кейбір керемет қасиеттері және ақиқат жолымен теңеседі. «Сиах занги ганде пир» атты ертегіде қара шалды бәрі қорлап, мазақ қылады, ал Құдай оның құпиясын ешкімге білдірмей-ақ дұғасын орындайды. Ол бір күні Меккеде құрғақшылық болғанда Құдайдан жаңбыр тілеген кезде жауын жауады, содан соң керуенді қарақшылардан құтқарады. Ілезде оның аты бүкіл елге тарап, халық оған сәжде етеді. Сол кезде Сиах занги (Қара шал) Құдайға ең соңғы қалауын айтып, өзін өлтіруін сұрайды. «Өмірім мән-мағынадан айырылды. Кеудеме сақталған сыр жария болды. Менің жанымды ал» дейді де, қайтыс болады. Өзі қалап өлу мистиктер мен сопылар арасында кең таралған.

Қытай императоры мәңгілік өмір сыйлау қасиетіне ие екен. Ол бұл құдіретті өзінің сиқырлы сарайындағы кез-келген адамға бере алады. Алайда өз сарайында қабылдаған ешбір адам осы сиқырлы сарайдағы жалғыз өмір – бақытқа толы өмірге шыдай алмайды. Солардың ішіндегі ең жақсысы шаршап, жалығып, қашып кетіп, азаттық пен дертті, азап пен өлімді сезуге ұмтылады. Ақырында ең жақсы көретін шәкірті де оны тастап кетеді. Ол жалпақ жұрттың әлі де сарайының есігін қағып, сарайға кіріп, мәңгілік өмірге ие болуды қалайтынын көреді. Қарияның өзі мәңгілік өмірден бас тартып, о дүниеге аттанады.

Енді Иранның аңыз-әңгімелері әлеміне саяхат жасап, «Мың бір түн» атты құнды еңбектен сіздер үшін таңдалынып алынған «Өтірікші нөкер» атты ертегінінің жалғасын тыңдауға шақырамыз.

Айтып өткеніміздей, түндердің бір түнінде Харун әр-Рәшид өз уәзірі Джафар Бармакимен бірге киімдерін ауыстырып, Бағдадты аралап келе жатып, бір балықшы шалмен танысады. Сол күні ол ештеңе аулай алмаған екен. Харун әр-Рәшид оған: «Қармағыңды Тигрге лақтыр. Не ауласаң да, 100 динарға сатып аламын»,-дейді. Балықшы ауды өзенге лақтырып, қақпағы жабық ауыр сандықты алып шығады. Халиф балықшыға 100 динар беріп, сандықты сарайға алып келеді. Сандықтан қанға бөккен қыздың денесін көреді. Біреу оны өлтірген екен. Қатты қамыққан халиф уәзірі Джафар Бармакиге өлтірген адамды табуға 3 күн мұрсат береді. Болмаса, уәзір мен оның ағаларының балаларын дарға асатынын айтады. Бұйрық орындалар күні екі ер адам – бірі өлген әйелдің күйеуі мен екіншісі оның әкесі өздерін өлтіруші ретінде таныстырады. Жас жігіт халифке болған оқиғаны баяндап беріп, сырқаттанып қалған әйелі үшін Басраға барып, үш алма сатып алып келгенін айтты. Бір күні дүкенінің алдында отырғанда қолында алмасы бар бір нөкерді көреді. Әлгі нөкер алманы өзін қатты жақсы көретін, ал күйеуіне жау әйелден алғанын айтады. Оны көрмегеніне біраз болған екен, бүгін қасына барғанда ауырып жатқанын біледі. Әйелдің қасында үш алма жатқан екен. Әйел нөкерге күйеуінің осылар үшін Басраға барып 3 динарға сатып әкелгенін айтады. Жас жігіт үйіне барып, ашу үстінде әйелін өлтіреді, бірақ кейіннен ұлының алмалардың бірін алып, өзімен бірге көшеге алып шыққанда бір нөкердің алманы одан тартып алғанын түсінеді. Енді ертегінің жалғасын тыңдаңыздар:

Ұлымнан осы сөздерді естігенде нөкердің өтірік айтқанын, ал өзімнің әйелімді нақақтан өлтіргенімді түсіндім. Айқайлап жылап отырғанымда мына қария – менің ағам, бақилық болған әйелімнің әкесі келді. Алдына барып, оған болған оқиғаны баяндап бердім. Ол да менің жаныма отырып, жылай бастады. Түн жарымына дейін жылап, жасымызды тыя алмадық. Содан соң 5 күн аза тұттық. Бұл аза тұту бүгінге дейін жалғасты, әлі де осы бейкүнә әйелдің өліміне аһ ұрып, өкінеміз. Ей, халиф, сенің ата-бабаңның атымен ант етемін, тез арада өлтіріп, нақақтан төгілген қанның құнын алыңдар». Халиф бұл сөзді естігенде таң қалып: «Құдай атымен ант етемін, мына қызды өлтірген адам пасық нөкерден басқа ешкім емес»,-дейді. Халиф қызды шын мәнінде өтірікші нөкер өлтіргенін, ал мына жас жігіт әйелін асығыстықпен өлтірсе де, шын мәнінде ашу мен намыстан есінен алжасып, осындай жаман әрекетке барғандықтан кінәсін кешіруге болатынын айтты. Содан соң халиф Джафар Бармакиге қарап: «Мына әйелдің өлтірілуіне себеп болған пасық нөкерді тез арада тап та, алдыма алып кел. Болмаса, сені оның орнына өлтіремін»,-дейді.

Джафар Бармаки жыларман болып халифтің алдынан кетіп: «Құдай-ау, оны қайдан табамын. Дәлу ешқашан құдықтан аман шықпайды. Осы жолы ешқандай шешім жолы миыма келмей отыр. Алғашқыда келмек болған бақытсыздық тағы да басыма келіп отыр. Осы жолы 3 күн бойы үйден шықпаймын. Құдай не қаласа, сол болсын. Капитан киімін жыртып, талпынса да, Алла кемені қалаған жеріне апарады»,-деп ойлайды.

Үш күш бойы үйде қалады. Төртінші күні қазыны шақырып, өсиет жазып, әйел-баласымен қоштасып, оларды құшағына алып, жылап жатқанда халифтің адамы келеді. Бармакиге келіп: «Ей, құрметті уәзір, мұсылмандардың халифі ашудан булығып отыр. Егер нөкерді алдына апармасаң, бүгін күн батқанға дейін өлесің деп айтты»,-дейді.

Джафар осы сөзді естіген соң жылап жібереді. Балалары да қосылып жылайды. Қоштасқаннан кейін сарайға Джафар жақсы көретін ең кішкентай қызы келеді. Ол да қоштасуға келген екен. Ол балалардың ішіндегі ең сүйіктісі болыпты. Джафар оны құшағына қысып, одан айырылатындығына жылайды. Кенет оның қалтасынан томпайып тұрған нәрсені  көріп, одан: «Қалтаңда не бар?»-деп сұрайды. Қызы: «Нөкеріміз Райхан берген алма бар. Төрт күн бойы осы алма нөкердің қолында болды. Қанша сұрасам да, бермеді. Ақырында маған алманы 2 динарға сатты»,-дейді. Джафар қызының сөздерін естігенде қуанып, Құдайға шүкіршілік етіп: «Ей, ұлы Алла, сен шынымен-ақ пенделеріңе бәрінен жақынырақсың, қиындықтарды шешесің»,-дейді. 

Біреуді нөкерді шақырып келуге жібереді. Нөкерден: «Мына алманы қайдан алдың?»-деп сұрайды. Нөкер: «Кеше көшеде келе жатқанымда балалардың ойнап жатқанын көрдім. Олардың бірінің қолында алма бар екен. Алманы одан тартып алдым. Бала жылап жіберіп, «Бұл алманы төсек тартып жатқан шешемнен алдым. Әкем осы алма мен басқа екі алманы сатып алып,  төсек тартып жатқан шешеме беру үшін Бағдадтан Басраға барды. Ол бұл алмаларды 3 динарға сатып алды» деді. Бала жылап, алманы менен қайтарып алғысы келді. Мен оған көңіл аудармай, ұрып жіберіп, кетіп қалдым. Базарда келе жатып алмамен ойнап, оны үйге алып келдім. Сіздің кіші қызыңыз алманы алғысы келген соң, оны 2 динарға саттым»,-деп жауап береді.  

Джафар мұны естігенде Құдайдың сынағына таң қалып, бейкүнә әйелдің өліміне себеп болған нөкердің қара жүректігінен жүрегі ауырып, нөкерді ұстап, зынданға қамауға бұйрық береді. Содан соң өзінің аман қалғанына қуанып: «Мұндай қылмыскер нөкерді өлтіру оңай»,-дейді. Нөкерді қолын байлап, халифтің алдына апарады. Халиф болған жайдан хабардар болып, оқиға жазушыларға: «Мына сұрқия жағдайды жазып, келешек ұрпаққа ғибрат болу үшін қазынада сақтаңыздар»,-дейді. Сосын халиф нөкерді істеген күнәсі үшін дарға асуға бұйрық береді. Джафар Бармаки халифтен нөкерді надандығына байланысты кешіруді сұрайды, өйткені ол ақылсыздықтан осындай өтірік айтқан, ол осындай өтіріктің бір жанұяның шырқын бұзатынын білмеді. Халиф: «Мен оны саған кештім. Бірақ оны ғибрат алу үшін басқаша жазала»,-дейді. Джафар нөкерді ең ауыр тәсілмен жазалауға уәде береді.

Тегтер