Жел 27, 2016 20:44 Asia/Almaty
  • Иранның танымал тұлғалары (96)

Әмір Әлішер Науаи х.қ.ж.с.б. 9 ғасырда өмірде сүрген ирандық ойшыл, ақын, әдебиетші, жазушы әрі көрнекті саясаткер болған. Бағдарлама жалғасында осы көрнекті тұлғамен таныстырамыз.

Айтып өткеніміздей, Тимурилер заманы Иранда билік еткен əулеттердің ең салтанатты дəуірі болды. Бұл заманда Тимурилер əулеті билеушілерінің қайшылықтарды жою саясатының нəтижесінде шекаралар мен астаналарда салыстырмалы түрде орнаған тыныштық пен тұрақтылықтың арқасында ұлы мəдени жаңалықтар жасалды.

Сұлтан Хосейн Байқараның ойшыл әрі өнерсүйгіш уәзірі  Әмір Әлішер Науаи – осындай көрнекті тұлғалардың бірі.

Әмір Низамеддин Әлішер Науаи  х.қ.ж.с.б. 844 жылдың рамазан айының он жетісінде (1441 жылдың ақпан айының тоғызында) Герат қаласында зиялы отбасында дүниеге келген. Осы қалада бастауыш білім алған. Әмір Әлішер Науаидың жанұясы Гератта билікке талас басталғанда Мешхедке, содан соң Самарқандқа қоныс аударуға мәжбүр болған. Әмір Әлішер Самарқандта тұрған кезінде өзінің білімін жетілдірген. Сұлтан Хосейн Байқара билік басына келген соң Әмір Әлішер Науаи Гератқа қайтып оралып, уәзірлер кабинетінің жоғары лауазымына тағайындалып, халыққа көп қызмет етті. Әмір Әлішер Науаи уәзір болған кезінде көрсеткен қырағылығы мен рухани қасиеттерінің арқасында сұлтан Хосейн Байқара оған «Этемад ул‑Мүлк», «Этемад уд‑Доуле» және «Рокн ус‑Салтане» деген лақап аттар берген. Бұл заманда әртүрлі қалалардан шыққан өнер иелерінің барлығы сұлтан Хосейн Байқараның сарайына жиналып, сұлттаның қолдауына ие болып, Иранның өнері мен әдебиеті қазынасына мәңгілік туындылар қосты.

Әмір Әлішер билікке келіп, зұлымдық пен шектен тыс талап етушілікке тосқауыл қойғандықтан, бақталастар, дұшпандар мен сарай маңындағылар оған кектеніп, оны сұлтанға жамандай бастаған соң Әмір Әлішер уәзірліктен бас тартқан. Алайда сарай маңындағылар мұнымен шектелмей, оның жағдайын қызғанып, сұлтан Хосейн Байқарадан Әмір Әлішерге «Астарабад» атты маңызды уәлаятты басқаруды тапсыруды сұрайды. Олар осылайша Әмір Әлішер Науаиды Гераттағы сұлтанның сарайынан алыстата алды. Астарабад жап‑жасыл әрі қарқынды дамыған аймақ болған. Сол кезде Иранның абадтандырылған жерлерінің бірі саналған. Әмір Әлішер х.қ.ж.с.б. 892 жылы Астарабадқа барып, сол уәлаятты басқарып тұрған кезде көптеген лайықты істер атқарып, әділет негізінде қарым-қатынас жасаған. Бұл заманда сейіттер, ғалымдар мен ақсүйектер лайықты орынға ие болып, ерекше құрметтелген. Жалпы халық, әртүрлі кәсіп иелері мен саудагерлер Әмір Әлішердің әділетті басқаруының арқасында тыныштықта өмір сүрген. Екі жыл өткен соң Әмір Әлішердің өтініп сұрауымен және Герат сарайы маңындағылары тарапынан оның уланғаны туралы қауесет тараған соң сұлтан Хосейн Байқара Әмір Әлішерді астанаға қайта шақырды. Алайда бұл шақыру мен жанашырлық Әмір Әлішер үшін кеш болған еді, өйткені оның өмірінің күні санаулы қалған.

Әмір Әлішер Науаи х.қ.ж.с.б. 906 жылы Робат‑Париан деген елді мекенде өзінің әскерімен бірге сұлтан Хосейн Байқараны күтіп тұрған шақта жүрегі қысып, қайтыс болды.

Әмір Әлішер Науаидың мәдени жұмыстары өте жарқын. Ол қабілетті жазушы, талғампаз ақын және шебер өнер иесі. Оның түркі тіліндегі еңбектері бұл тілдің әдеби тіл дәрежесіне дейін жоғарылауына себеп болды. Сондықтан оны шағатай түркі тілінің негізін қалаушы деп санау керек. Иранның бұл дарынды ойшылы әрі ақыны билік қолында болған 30 жылдың ішінде маңызды мәдени қозғалысты  бастады. Әмір Әлішер Науаи Герат сарайында ғалымдар мен өнер иелерін жинау арқылы бұл қаланы сол замандағы ең маңызды орталықтардың біріне айналдырды. Әмір Әлішер әртүрлі тәсілдермен осы қозғалысқа ықпал еткен. Соның ішінде мәдени және ғылыми мақсаттармен ғимараттар салу және ескерткіштер жасауды айтуға болады. Бұл ғимараттарға оқу орталықтары: мектептер, мешіттер мен дәруіштер үйі жатады. Сонымен қатар түркі және парсы тілдерінде кітаптар жазу, ғалымдар мен өнер иелеріне материалдық және рухани қолдау көрсетуді атауға болады. Ол әл‑ауқат пен оқу мүмкіндіктерін жасау арқылы Герат сарайын үлкен өнер ордасына айналдырды. Осылайша өнер иелері мен ғалымдар күнделікті қаражат мәселесінен аулақ жағдайда ғылыми жұмыстар мен өнермен айналысқан.

Әмір Әлішер Науаи өз өмірінде уәзірлік ету және ел басқарумен қатар әдеби еңбектер жазу, қайырымдылық жасау және қоғамдық қызмет атқарумен айналысқан. Ол осы дүниенің істеріне көңіл аудармай,  халықтың әл‑ауқатын жақсартып, абадтандыруды мақсат еткендіктен өз өмірін көптеген мешіттер, медреселер, керуен сарайлар, ғибадатханалар, өткелдер, көпірлер мен мазарлар салып, ескі ғимараттарды  жөндеуге жұмсаған. Ол осы ісі арқылы өзінен кейін шамамен 370 ескерткішті мәңгілікке қалдырды. Сонымен қатар оның заманында Хорасан, Ирак пен Фарс аймақтарында көптеген жерлер вакфқа берілді. Сефевилер билігі кезінде вакфқа беру ісі ерекше дамыды.

Әмір Әлішер Науаи Ислам пайғамбарының ұрпағы әрі шиіттердің сегізінші имамы хазірет Реза (ғ.с.) кесенесінің ескі ауласының негізін қалаған. Бұл аула х.қ.ж.с.б. 872 жылы салынып, осы хазіреттің күмбезімен жалғасып жатыр. Бұл ауладағы ғимараттардың екінші жартысы шах Аббас Сафавидың бұйрығымен х.қ.ж.с.б. 1000 жылы салынып бітті.

Имам Реза (ғ.) кесенесінің солтүстік‑батысындағы Атиқ ауласында орналасқан, жоғарыда 5 бөлмесі, төменгі кіреберіс бөлігінде 4 бөлмесі бар Алтын терассасы Әмір Әлішер Науаидың бұйрығымен х.қ.ж.с.б. 875‑885 жылдары салынған, ал жазба тақташалары Гурканилер заманында жазылған.

Әмір Әлішер Науаи әдебиет пен өнер сүйер саясаткер, қос тілді (парсы және түркі тілінде өлең шығарған) ақын болған. Оның заманында Герат ақындар мен каллиграфтардың, өнер сүйер қауымның, музыканттар мен ертегішілер және батырлар жиналатын орталық болған.

Әмір Әлішер Науаидың өз заманындағы мәдени тұлғаларымен жасаған қатынас түрі оның елді басқаруының шынайы дәлелі болып табылады. Ол қоғамдағы зиялыларға қатысты ешқашан жоғары құдіретке ие саяси билеуші ретінде қатынас көрсетпеген. Ол әрдайым өзін олардың қызметшісі санап, олардың алдында өзін шәкірт сынды ұстаған. Әмір Әлішер Науаидың заманындағы Джами, Бахзад пен Ваез Кашеми сияқты ақындар мен өнер иелері және мистиктермен қатынасына шолу жасағанда бұл адамдардың Әмір Әлішер Науаидың демеушілігі мен қолдауына ие болғандықтан дамып, осындай дәрежеге жеткенін көреміз.  Эдуард Браун Әмір Әлішер Науаиды римдік Мелинос Селинофқа теңеген, өйткені оны да ғалымдар мен данышпандар қоршаған болатын.

Әмір Әлішер Науаи өте сирек кездесетін әрі танымал каллиграфтардың қолымен жазылған кітаптары бар маңызды кітапханаға ие болған. Сол кітапхананы Моулана Хадж Мұхаммад Зуфунун атты ойшыл әрі каллиграф басқарған. Низамие медресесінің кітапханасын да Низамеддин Әмір Әлішер Науаи ашқан болатын. Оның заманында талантты каллиграфтар мен өнер иелерінің қолымен сирек кездесетін әдемі нұсқалар жазылған. Осылайша тың да құнды кітаптарды топтамасы қалыптасқан. Олардың көбі әлі де әлемнің бірегей көркем туындыларының қатарында саналады. Осындай құнды еңбектердің бірі – осы алтын дәуірге тиесілі Байсұңқардың «Шахнамасы».

Тегтер