Жел 31, 2016 20:50 Asia/Almaty

Бақара сүресі, 283-286 аяты


Мейірімді де рақымды Алланың атымен бастаймын.

 

 

وَإِن كُنتُمْ عَلَى سَفَرٍ وَلَمْ تَجِدُواْ كَاتِبًا فَرِهَانٌ مَّقْبُوضَةٌ فَإِنْ أَمِنَ بَعْضُكُم بَعْضًا فَلْيُؤَدِّ الَّذِي اؤْتُمِنَ أَمَانَتَهُ وَلْيَتَّقِ اللّهَ رَبَّهُ وَلاَ تَكْتُمُواْ الشَّهَادَةَ وَمَن يَكْتُمْهَا فَإِنَّهُ آثِمٌ قَلْبُهُ وَاللّهُ بِمَا تَعْمَلُونَ عَلِيمٌ ﴿۲۸۳﴾

 

"Егер сапар үстінде (қарыз алып), жазатын адам таба алмасаңдар, (қол хаттың орнына) заттай кепіл берсеңдер де болады. Егер біріңе бірің сеніп, аманат қойсаңдар, аманат қойылған адам аманатты тапсырсын (қарыз беруші адам борыштыға сеніп, онан қарыздың орнына бір нәрсе алмаса, борышты кісі қарызын белгіленген уағында қайтарсын), (қарыздар аманатты қайтаруда) Алладан қорықсын. Куәні жасырмаңдар, кімде-кім куәні жасырады екен, оның жүрегі қылмыста болады. Алла не істегендеріңді толық біледі. (2:283)"

Ислам халықтың қаржы құқықтары орындалуы үшін кез-келген ақшасыз мәміле жасаған және несие берген кезде, тараптардың қателесуі, ұмытшақтығы немесе мойындамауы секілді түйткілдерге ұшырамауы үшін екі куәгердің қатысуымен жазуды өсиет етеді. Исламның бұл мәселеге көңіл аударғандығы сонша, тіпті сапарда да осылай істеңдер дейді. Егер жазатын адам табылмаса, борышкер кісіден кепілге бір нәрсе алып, мәмілені растаңдар. Бірақ несие беруші де, борыштар да кепілге алынған нәрсенің мерзімі келгенде иесіне қайтарылатын аманат екенін білсін. Несие берушінің қолындағы кепіл зат "аманат" болғандықтан, оны кері мақсатта пайдалануға болмайды. Оны сақтап, борышкер несиені қайтарған кезде, сау күйінде иесіне тапсыруы тиіс. Борышкерге де аманат жүгі жүктеледі. Ол несие беруші адамның оған сенім артып, кепілге еш нәрсе алмаса да, зиянға ұшырамауы үшін несиені уақытында қайтаруы тиіс. Аллаға жүгініп, біреудің құқығын аяққа баспағаны жөн. Аяттың соңы барша мүміндерді халықтың хақын баяндаудан жалтармауға шақырады. Өйткені Алла тағала жүректеріңдегіні біледі. Ақиқатты жасыру сырттай қарағанда үндемегендік және адам күнә болатындай ештеңе істемегендей болып көрінгенмен, зор күнә жасағандық болып табылады. Өйткені бұл адамның рухын ластайды. Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, қолма-қол ақшасыз мәмілені ауызша емес, қайта куәлардың көзінше хатқа түсіріп, ал қажетті жағдайда кепілдік алу арқылы жасап, растаңдар.

Екіншіден, жұрттың қарыздары мен алашақтарын уақытында қайтару арқылы арада сенімнің жойылуы мен қоғамның экономикалық қауіпсіздігіне нұқсан келуіне жол бермеуіміз керек.

 

 

لِّلَّهِ ما فِي السَّمَاواتِ وَمَا فِي الأَرْضِ وَإِن تُبْدُواْ مَا فِي أَنفُسِكُمْ أَوْ تُخْفُوهُ يُحَاسِبْكُم بِهِ اللّهُ فَيَغْفِرُ لِمَن يَشَاءُ وَيُعَذِّبُ مَن يَشَاءُ وَاللّهُ عَلَى كُلِّ شَيْءٍ قَدِيرٌ ﴿۲۸۴﴾

 

"Аспандағы, жер жүзіндегі күллі зат Аллаға тән. Көңілдегілеріңді жария істесеңдер де, жасырын істесеңдер де, Алла сендерден оның есебін алады. Алла кешіргісі келгенін кешіреді, жазалағысы келгенін жазалайды. Алланың барлық нәрсеге құдіреті жетеді. (2:284)"

Бұл аят мүміндерге: "Көз, құлақ және қол секілді дене мүшелерімен ғана жасалған күнәлар үшін жауапқа тартыламыз деп ойламаңдар, Алла тағала көңілдеріңде не болып жатқанын да біледі. Сендерді рухани күнәларың үшін де жауапқа тартады",-деп ескертеді. Аяттың мақсаты күпірлік нанымдар мен осыдан бұрынғы аяттарда талқыланған адамдардың құқығын жасыру тәрізді адамның ойында жасалатын күнәлар. Алайда шайтанның азғырулары адамның ойына әсер етсе немесе күнә жасауды ойластырып, бірақ орындамаса жазаланбайды. Дегенмен күнәні ойлау әлсін-әлсін адамның жүрегін қарайтып, оны күнә жасауға итереді. Осы аяттан үйренетініміз:

Адам өзінің көзі мен құлағына ие болумен қатар, жүрегі мен рухына жын-шайтан қонбауына да абай болуы тиіс.

 

 

آمَنَ الرَّسُولُ بِمَا أُنزِلَ إِلَيْهِ مِن رَّبِّهِ وَالْمُؤْمِنُونَ كُلٌّ آمَنَ بِاللّهِ وَمَلآئِكَتِهِ وَكُتُبِهِ وَرُسُلِهِ لاَ نُفَرِّقُ بَيْنَ أَحَدٍ مِّن رُّسُلِهِ وَقَالُواْ سَمِعْنَا وَأَطَعْنَا غُفْرَانَكَ رَبَّنَا وَإِلَيْكَ الْمَصِيرُ ﴿۲۸۵﴾

 

"Пайғамбар өзіне Раббы тарапынан түсірілген кітапқа сенді, мүміндер де сенді. Олардың барлығы Аллаға, Алланың періштелеріне, кітаптарына, пайғамбарларына сенді. Олар: "Алланың пайғамбарларын алаламаймыз. Біз (үндеуіңді) естідік және (әміріңе) бойсұндық. О Раббымыз, сенен кешірім тілейміз, соңғы барар таянағымыз да өз дәргәһің",-дейді. (2:285)"

Исламның көзқарасы бойынша әлем мектеп тәрізді. Оның тұрғындарын тура жолға салу үшін Алла тағала тарих бойында мұғалімдер жіберген. Сол пайғамбарлардың әрқайсысы бұл мектептің сабақтарында адамды дамытып, жоғарылатты. Сонан соң адамның ақылы мен ойы ең толыққанды илаһи бағдарламаны түсініп, қабылдау қабілетіне ие болды. Алла тағала ең соңғы пайғамбар ретінде хазіреті Мұхаммедті (с) жіберді. Сол себепті мұсылман Алла тарапынан келген барлық пайғамбарларға, періштелер түсірген барлық илаһи кітаптарға сеніп, Алла елшілерінің арасында ешқандай кемсітушілікті қабылдамайды.

 

 

لاَ يُكَلِّفُ اللّهُ نَفْسًا إِلاَّ وُسْعَهَا لَهَا مَا كَسَبَتْ وَعَلَيْهَا مَا اكْتَسَبَتْ رَبَّنَا لاَ تُؤَاخِذْنَا إِن نَّسِينَا أَوْ أَخْطَأْنَا رَبَّنَا وَلاَ تَحْمِلْ عَلَيْنَا إِصْرًا كَمَا حَمَلْتَهُ عَلَى الَّذِينَ مِن قَبْلِنَا رَبَّنَا وَلاَ تُحَمِّلْنَا مَا لاَ طَاقَةَ لَنَا بِهِ وَاعْفُ عَنَّا وَاغْفِرْ لَنَا وَارْحَمْنَآ أَنتَ مَوْلاَنَا فَانصُرْنَا عَلَى الْقَوْمِ الْكَافِرِينَ ﴿۲۸۶﴾

 

"Алла ешкімді шамасы жетпейтін іске зорламайды. Кімде-кім жақсылық істесе, сауабын өзі көреді, жамандық қылса, сазайын өзі тартады. (Олар былай дейді): "Раббымыз, біз ұмытсақ немесе жаза бассақ, жазаламағайсың! Раббымыз, бізден бұрынғыларға жүктегендей ауыр жүк жүктемегейсің! Раббымыз, үддемізге ала алмайтындай ауыр жүк (міндет) артпағайсың! Бізді кешіргейсің, жарылқағайсың! Бізді мүсіркегейсің! Сен біздің иемізсің, кәпірлер қауымымен қарсыласқанда бізге медет бергейсің!". (2:286)"

Алла тағала адамдарды әртүрлі етіп жаратқан. Біреуін ақылды әрі қабілеті жоғары, біреуін ақылды емес әрі қабілеті аз, біреуін мықты әрі денелі, біреуін әлсіз және арық, біреуін ақ, біреуін қара және ақырында біреуін еркек біреуін әйел етіп жаратқан. Бірақ осы өзгешеліктердің кейбірі адамның жаратылысы мен тіршілікті жалғастыруының қажеттілігі екенін мойындауымыз керек. Ал кейбір айырмашылықтар адамдардың бір-біріне жасаған зұлымдығы мен әлеуметтік әділетсіздіктен туындайды. Бұл айырмашылықтар әділ болсын, әділ болмасын адамдардың дене және ой-пікір қабілеттеріне зор ықпал етеді. Сондықтан егер Алла тағала осыншама айырмашылығы бар барша адамдарға бірдей талап қойса, әрине зұлымдық болып саналады. Сол себепті бұл аят Алла тағаланың маңызды сипаттарының бірі, яғни әділетіне меңзеп былай дейді: "Алла тағала ешкімге шамасынан тыс міндет жүктемейді және одан артық күтпейді". Міндеттің мөлшеріне байланысты болғандықтан жаза мен сауапта да айырмашылық болады. Алла тағала қияметте әр адамды оның діни нұсқаулар тұрғысындағы түсінігі мен білім деңгейіне қарап тергейді. Осылайша Алла тағала өзінің әділдігі бойынша, міндетті бұйрығын орындауды ұмытып кеткен немесе әдейі емес, қателесіп күнә жасаған адамды жазаламайды. Әдейі және саналы түрде жасалған күнәға ғана жаза беріледі. Осы аяттан үйренетініміз:

Біріншіден, Ислам оңай дін және оның тапсырмалары шамадан артық емес. Ислам пайғамбары (с) айтқандай: "Мен оңай және жеңіл дінге пайғамбар болып таңдалдым".

Екіншіден, жаза мен сый амал негізінде беріледі. Амал ниетке бағынады. Сондықтан қателіктен немесе ұмытудың салдарынан жасалған қандай да бір іс жауапқа тартылмайды.

Үшіншіден, Алла тағала адамға рақымшылық, мейірімділік және кешіріммен қарайды. Сондықтан егер адам тәубе етсе, оның күнәлары кешіріліп, жүрегі сол күнәлардың кірінен тазарады.