Қаң 07, 2017 16:19 Asia/Almaty
  • Иранның танымал тұлғалары (98)

Бұл бағдарламада шейх Абдурахман Джамиді таныстыратын боламыз.

Өткен бағдарламада х.қ.ж.с.б. 9 ғасырда өмір сүрген ирандық ойшыл, ақын, әдебиетші, жазушы әрі көрнекті саясаткер Әмір Әлішер Науаи жайлы сөз қозғадық. Ол – әртүрлі салаларда құнды қызмет атқарған әлемдік тұлға. Ол өзінен кейін мәңгілік туындылар қалдырған.

Айтып өткеніміздей, Тимурилер заманы Иранда билік еткен əулеттердің ең салтанатты дəуірі болды. Тимурилер əулетінің өнер мен мәдениетті  қолдауының арқасында Иранның мәдениет пен өркениет тарихында жарқын дәуір қалыптасты. Бұл дәуірдің маңызды ерекшелігі мәдени тұлғалардың билік иелері орнында болуында. Сұлтан Хосейн Байқараның  дана әрі өнерсүйгіш уәзірі Әмір Низамеддин Әлішер Науаи осы дәуірдегі көрнекті тұлғалардың бірі саналады. Ол х.қ.ж.с.б. 844 жылы 17 рамазанда (1441 жылдың ақпан айының тоғызы) Герат қаласында зиялы отбасында дүниеге келген. Білімін жетілдіргеннен кейін Сұлтан Хосейн Байқара билік басына келген соң уәзірлердің басшысы болып тағайындалып, халыққа айтарлықтай қызмет етті. Бұл заманда басқа қалалар мен ауылдардағы өнер иелері сұлтан Хосейн Байқараның сарайына ағылған. Олар Әмір Әлішер Науаидың қолдауына ие болып, Иранның өнер мен әдебиет қорына мәңгілік туындылар қосқан. Әмір Әлішер Науаи сарай маңындағылардың кекшілдігі мен қызғанышы салдарынан уәзірліктен бас тартып, сұлтан Хосейн Байқараның бұйрығымен екі жыл бойы Астарабад уәлаятының билеушісі болып, х.қ.ж.с.б. 906 жылы сол жерде қайтыс болған. Сонымен қатар, Әмір Әлішер Науаидың Тимурилер заманында өнердің демеушісі болып, осы салада құнды қызмет атқарған адамдардың бірі болғанын айттық. Ол өзінің барлық күш-жігерін өнер мен мәдениетті дамытып, Иранның өнер иелерін қолдау жолына арнаған. Тимурилер заманының өнер тарихындағы оның маңыздылығы соншалықты, егер бұл кезеңде одан басқа ешкім өнерге көңіл аудармаса, бұл тұлғаның болуы осы дәуірді Иранның өнер тарихындағы ең жарқын кезеңге айналдыру үшін жеткілікті еді. Әмір Әлішер Науаидың өнер мен өнер иелеріне қызығушылығы мен шаршаусыз талпынысы оны бірегей тұлғаға айналдырды.

Әмір Әлішер Науаи

Ирандық дана уәзірдің маңызды мәдени шараларының бірі өнер иелерін қолдауы болған. Әмір Әлішер Науаи Гераттың әдеби-өнер мектебін шарықтау шегіне жеткізіп, бұл қаланы поэзия, проза, музыка, сурет салу, каллиграфия мен алтынмен аптау орталығына айналдырды. Оның қолдауының саясында көптеген өнер иелері – әдебиетшілер, сәулетшілер, музыканттар, суретшілер мен каллиграфтар тәрбиеленіп, дамыды.

Өзі ақын әрі өлеңтанушы болған Әмір Әлішер Науаи әдебиетшілер мен ақындарға қолдау көрсетуді өзінің басты бағдары етіп алған. Ол екі тілде – парсы және түрік тілдерінде өлең жазған. Оның өлең жинақтары жайлы уақыты келгенде айтатын боламыз.

Әмір Әлішер Науаи көркем сөзге шебер ақын болумен қатар, өз заманындағы ақындар, ғалымдар мен өнер иелеріне материалдық және рухани тұрғыдан қолдау көрсетіп отырған. Ол әл-ауқат және білім алу мүмкіндіктерін жасау арқылы сарай маңын үлкен өнер үйіне айналдырды. Осылайша өнер иелері мен ойшылдар тұрмыс қиындығын көрмей, өнер және ғылыммен айналысқан.

Осы сөзіміздің дәлелі Әмір Әлішер Науаидың өз заманындағы мәдени  тұлғалармен қатынасының түрі болды.  Әмір Әлішер Науаи өнер иелерімен қарым-қатынаста әрдайым құдіретті саяси билеуші ретінде емес, әрқашан өзін олардың қызметшісі санап, шәкірт ретінде қатынас жасаған. Егер оның сол замандағы поэзия, өнер мен мистиканың көрнекті өкілдері болған Джами, Бехзад және Ваез Кашани сияқты адамдармен  қатынасына шолу жасасақ, бұл адамдардың Әмір Әлішердің қолдауының арқасында дамып, осындай дәрежеге жеткенін көруге болады.

Джами – Тимурилер  заманындағы ғылым мен мәдениеттің ең маңызды тұлғаларының бірі. Джамидің құнды еңбектері мен туындылары оның ғылыми қарым-қабілетін көрсетеді. Джамидің өз заманындағы сұлтандармен, әсіресе сұлтан Хосейн Байқарамен, одан да маңыздырақ Әмір Әлішер Науаимен қарым-қатынасы оның саяси аппаратта жақсы орынға ие болғанын және тимурилік билеушілердің өз заманындағы мәдени өкілдермен қатынасының ұстаз бен шәкірттің қатынасындай болғанын көрсетеді. 

Шейх Абдурахман Джами

Әмір Әлішер Науаи заманындағы мәдени өкілдер Әмірдің жанында, сарай маңында өмір сүрген. Олардың Әмір Әлішермен ұдайы қатынаста болуы сол замандағы мәдениеттің дамуында маңызды рөл атқарған. Джамидің өмірбаянындағы маңызды мәселе оның Әмір Әлішер Науаимен тығыз достық қатынасы болды. Джамидің Әмірмен достығы мен оған құрметінің зор болғандығы соншалықты,  оның туындыларының көбінен Әмірге арналған мадақты көруге болады.  Зерттеушілер ақындар мен өнер иелерінің сарай маңына тартылуының себептері туралы мынадай пікірде: мәдени өкілдер сарайға келмегенде олардың қабілеті мен таланттары дамымай, нәтиже бермейтін еді. Джами заманындағы саяси‑экономикалық жағдай мен тұрмыс қажеттілігі өнер иелері мен ойшылдардың сарайдың ресми аясынан тыс жерде өздерінің мәдени  өмірін жалғастыруға мүмкіндік бермейтін еді. Джами заманындағы ақындардың бірі Масуд Құми Гератқа келген кезде сарай маңының қолдауынсыз белсенділік жасауға көп күш салған. Алайда жұмыс жасай алмай, ақырында «Пышақтың жүзі мен қалам» атты поэма жазып, осылайша қалам пышақтың жүзінің арқасында ғана қозғалысқа түседі деген ойды айтқысы келген.

Самарқандтың алаңдарының біріндегі Әмір Әлішер Науаи мен Абдурахман Джамидің ескерткіші

Джамидың ирандық уәзір әрі Тимури сарайының данагөйі Әмір Әлішермен терең қатынасының куәсі – осы екі тұлғаның арасында жіберілген көптеген хаттар. Осы хаттардың мазмұны Әмірдің Джамимен жақындығын көрсететіні тұрғысынан да, Джамидің ойлау жүйесі мен оны толғандырған мәселелерді баяндау тұрғысынан да өте маңызды. Бұл хаттардың мазмұны тарихи оқиғалар, еңбектердің жазылған уақыты, саяси және мәдени жағдай, ғылым, әдебиет пен өнердің жағдайы және олардың жеке қатынасын қамтиды. Бір қызығы, бұл хаттарда Джами ешқашан жеке сипатта өтініш жасамаған. Джами тұлғасының әлеуметтік қыры ерекше. Оның барлық мақсаты мен сөздері халықтың әл-ауқатын жақсартуға көмектесу және залымдардың зомбылығын тию болған. Джами өзінің билеушілерге жақын орнын тек халық үшін пайдаланған.  Ол сұлтанның оның сөзіне құлақ асатынын және кеңестерін қабылдайтынын білген, сондықтан әрдайым сұлтанға ақыл-кеңес беріп отырған.

Джами Әмір Әлішермен қарым-қатынаста оны билік басында сақтап қалуға талпыныс жасаған, осылайша халықтың әл-ауқатын түзеуге көмектесуді көздеген. Әмір Әлішер мен Джамидің әдеби байланысы да болған. Олардың әрқайсысы өз кітаптарын жарияламас  бұрын олардың бір нұсқасын сын-пікір білдіру үшін бір-біріне жіберіп отырған.

Джами кітаптарының көбін  Әмір Әлішердің өтінішімен жазған немесе  оған сыйлаған. Ол «Ләйлі-Мәжнүн» поэмасында Әмір Әлішер Науаиды жеңіліс тапқандардың демеушісі әрі өзінің ең жақсы досы деп атаған.  Әмір Әлішер де өзінің туындыларының көбінде Джамиды өзінің ардақты ұстазы деп атап, өзінің көптеген еңбектерін онымен кеңесе отырып жазған. Әмір Әлішер Науаи мен Джами арасында жіберілген хаттарға шолу жасағанда Әмірдің бүкіл қам-қайғысының мәдениет өкілдерінің жанында өмір сүру болғанын, олармен дос болып, еңбектеріне қолдау көрсету арқылы сол заманның мәдени ағымына көбірек қарқындылық сыйлау болғанын түсінуге болады.

Джами қайтыс болған соң Әмір Әлішер Науаи оған деген құрметін білдіру үшін жоқтау айтып, Гератта қарапайым халық, ғалымдар мен әдебиетшілерді шақырып аза тұту рәсімін өткізіп, оның қабірінің басына күмбезі, аркасы мен жабық галереясы бар кесене салған.

Гераттағы Абдурахман Джамидің кесенесі
Джамидің қабірі

 

Тегтер