Иранның танымал тұлғалары (99)
Бұл бағдарламада сейіт Рухолла Мирак пен Камаледдин Бехзадты таныстырамыз.
Айтып өткеніміздей, Тимурилер заманы Иранда билік еткен əулеттердің ең салтанатты дəуірі болды. Тимурилер əулетінің өнер мен мәдениетті қолдауының арқасында Иранның мәдениет пен өркениет тарихында жарқын дәуір қалыптасты. Бұл дәуірдің маңызды ерекшелігі – мәдени тұлғалардың билік иелері болуында. Сұлтан Хосейн Байқараның дана әрі өнерсүйгіш уәзірі Әмір Низамеддин Әлішер Науаи осы дәуірдегі көрнекті тұлғалардың бірі саналады. Ол х.қ.ж.с.б. 844 жылы 17 рамазанда (1441 жылдың 9 ақпанында) Герат қаласында зиялы отбасыда дүниеге келген. Білімін жетілдіргеннен кейін Сұлтан Хосейн Байқара билік басына келген соң уәзірлердің басшысы болып тағайындалып, халыққа айтарлықтай қызмет етті. Бұл заманда басқа қалалар мен ауылдардағы өнер иелері сұлтан Хосейн Байқараның сарайына ағылған. Олар Әмір Әлішер Науаидың қолдауына ие болып, Иранның өнер мен әдебиет қорына мәңгілік туындылар қосқан. Әмір Әлішер Науаи сарай маңындағылардың кекшілдігі мен қызғанышы салдарынан уәзірліктен бас тартып, сұлтан Хосейн Байқараның бұйрығымен екі жыл бойы Астарабад уәлаятының билеушісі болған. Ол х.қ.ж.с.б. 906 жылы сол жерде қайтыс болған. Сонымен қатар, Әмір Әлішер Науаи – өзі өнер мен әдебиеттің адамы бола тұра, өнер иелері мен әдебиетшілерге ерекше көңіл аударған уәзірлердің бірі.
Тимурилер заманының өнер тарихындағы оның маңыздылығы соншалықты, егер бұл кезеңде одан басқа ешкім өнерге көңіл аудармаса, бұл тұлғаның болуы осы дәуірді Иранның өнер тарихындағы ең жарқын кезеңге айналдыру үшін жеткілікті еді.
Әмір Әлішер барлық салалардағы өнер иелерімен тікелей қатынаста болып, оларға қолдау көрсетіп, олардың қабілеттерінің ашылуына септігін тигізген. Әмір Әлішер мәдени саладағы тұлғалармен ешқашан күші басым саяси билеушілердің бірі ретінде қатынас жасамаған. Егер оның сол замандағы поэзия, өнер мен мистиканың көрнекті өкілдері болған Джами, Бехзад және Ваез Кашани сияқты адамдармен қатынасына шолу жасасақ, бұл адамдардың Әмір Әлішердің қолдауының арқасында дамып, осындай дәрежеге жеткенін көруге болады.
Әмір Әлішер Науаи суретшілердің ең ірі демеушілерінің бірі болған. Оның жіті бақылауымен сурет салу және кітапты әрлеу шеберханалары қайтадан қарқындап, даму жолында қадамдар жасап, кейбір өнер иелерінің талпыныстарының арқасында гүлдену мен салтанаттың жоғары дәрежесіне жетті.
Сейіт Рухолла Мирак – Әмір Әлішердің қолдауына ие болған алғашқы суретшілердің бірі. Ол сұлтан Хосейннің кітапханасы мен салтанатты шеберханасын басқарған. Мирак сурет салу және алтынмен аптауда теңдессіз қабілетке ие болумен қоса, қыш тақташаларды әрлеуде де шебер болған. Тіпті осы дәуірде Гераттағы ғимараттардың көбінде қолданылған қыш тақташаларын осы суретші дайындаған.
Мирактың қыш тақташаларын әрлеу өнері мен оның осы салада Әмір Әлішермен қарым-қатынасы туралы «Макарем ул-Ақлақ» атты кітапта былай деп жазылған: «Х.қ.ж.с.б. 904 жылы Әмір Әлішер Гераттың жамағат мешітін қайта жөндеуден өткізуге бұйрық берген кезде мешіттегі қыш тақташаларға сурет салу Миракка тапсырылды. Алайда суретші Мирак жұмысын кешеуілдетіп, қыш тақташаларды кесушілерді бөгеген екен. Ақыл-кеңес нәтиже бермей, оның сылбырлығы шектен шыққан соң Әмір Әлішер шара ойластырып, оны жұмысты 15 күнде аяқтауға сыпайы түрде көндірген». Осындай рауаяттар Әмір Әлішердің өнер саласындағы істердің дұрыс әрі дер уақытында орындалуына зор маңыз бергенін көрсетеді. Тіпті ол суретші Мирак сияқты танымал өнер иесін жұмыс жасауға көндірген.
Әмір Әлішердің қолдауымен қабілеті ашылған суретшілердің бірі – Камаледдин Бехзад. Ол х.қ.ж.с.б. 9 ғасырдағы сурет салу өнерінің ең жарқын тұлғасы әрі Иран тарихындағы ең көрнекті суретшілердің бірі. Сұлтан Хосейн Байқараның сарайында сурет салу өнерінің дамуы көп жағдайда Бехзадтың жұмысына байланысты болды. Бехзад өзінің өсіп, дамығаны үшін Әмір Әлішерге қарыздар. Көкірек көзі ояу осы уәзірдің көңіл аударуы Бехзаттың Гераттың өнер ортасынан мүмкіндігінше пайдалануына себеп болды. Ол Әмір мен сұлтан Хосейн Байқараның кітапханасын пайдаланып, Иранның сурет өнерінде жаңа ағым тудырды. Әмір Әлішер Камаледдин Бехзадтың материалдық және рухани демеушісі болған.
Камаледдин Бехзад х.қ.ж.с.б. 854-864 жылдар аралығында Гератта дүниеге келген. Бехзадтың туған жылы туралы рауаяттар өте көп. Балалық шағында ата-анасынан айырылған. «Мирак» деген атпен танымал ұлы суретші Әмір Рухолла оны өз қарауына алған.
Мирак сол заманда сұлтан Хосейн Байқараның кітапханасы мен шеберханасын басқарған. Сол себепті Бехзад жастайынан сурет салу өнерімен таныс болып, осы өнер шеберханасына жол тапқан. Бехзад өзінің өнер саласындағы жұмысын Гератта бастап, көптеген ұлы тұлғалармен танысқан. Сурет салудағы оның ең үлкен ынталандырушысы Әмір Әлішер болды. Әмір Бехзадтың қабілетін анықтап, оны сұлтанға таныстырып, оған қолдау көрсетті.
Әмір Әлішер сурет салу өнерінде де талғамы мол дарын иесі болған. Хантемір осы сөздің дәлелін келтірген. Хантемір өз кітабында мына жайтқа тоқталған: Әмір алтынмен аптау және сурет салу өнерінде өзіндік пікірге ие мықты тұлға болған. Сол замандағы суретшілер мен инженерлер оның жетекшілігімен осы өнерді үйренген.
Камаледдин Бехзадтың сурет салу өнеріндегі Мирактан басқа келесі ұстазы сейіт Ахмад Табризи болған. Ол Бехзадтың қарым-қабілетінің ашылуында басты рөл атқарған. Бехзад сұлтан Хосейн Байқара мен Әмір Әлішердің сарайында ерекше орынға ие болған.
Әмір Әлішер ғалымдар мен өнер иелерінің қатысуымен жиындар өткізіп тұрған. Бұл жиындарда ғылыми пікірталастар болып, өнер туындылары таныстырылып, оларға сын-пікірлер айтылған. Осындай жиындардың біріне Бехзад бір картина алып келген. Онда гүл мен ағаштарға толы бақша, әдемі құстар мен арықтар бейнеленген еді. Бехзад картинаны Әмір Әлішерге сыйлаған. Әмір Әлішер жиындағылардан картина жайлы пікір білдіруді сұраған. Өздері де өнер иелері болып табылатын қауым ұстаз Бехзадтың туындысының әдемі әрі жанды бейнеленгенін айтқан.
Әмір Әлішер Герат мектебінің дамуына айтарлықтай ықпал етті. Көркем өнер түрлері және басқа да өнерлермен айналысатындар Әмір Әлішермен кездесіп, оның мейіріміне бөлену үшін Гератқа аттанып, оның қолдауының арқасында өздерінің өнерлерімен айналысуды көздеген. Шах Мұзаффар, Ғасем Әли Чехрегоша, суретші Хаджи Мұхаммад, Молла Йари Мұзаххеб пен Мола Дарвиш Мұхаммад Әмір Әлішердің қолдауымен тәрбиеленген суретшілердің қатарын құрайды.