Қаң 15, 2017 21:16 Asia/Almaty
  • Иранның танымал тұлғалары (100)

Бұл бағдарламада Әмір Әлішер Науаидың сіңірген еңбегімен таныстыруды жалғастырамыз.

Айтып өткеніміздей, Тимурилер заманы Иранда билік еткен əулеттердің ең салтанатты дəуірі болды. Тимурилер əулетінің өнер мен мәдениетті  қолдауының арқасында Иранның мәдениет пен өркениет тарихында жарқын дәуір қалыптасты. Бұл дәуірдің маңызды ерекшелігі мәдени тұлғалардың билік иелері болуында. Сұлтан Хосейн Байқараның  дана әрі өнерсүйгіш уәзірі Әмір Низамеддин Әлішер Науаи осы дәуірдегі көрнекті тұлғалардың бірі саналады. Ол х.қ.ж.с.б. 844 жылы 17 рамазанда (1441 жылдың 9 ақпанында) Герат қаласында зиялы отбасында дүниеге келген. Білімін жетілдіргеннен кейін Сұлтан Хосейн Байқара билік басына келген соң уәзірлердің басшысы болып тағайындалып, халыққа айтарлықтай қызмет етті. Бұл заманда басқа қалалар мен ауылдардағы өнер иелері сұлтан Хосейн Байқараның сарайына ағылған. Олар Әмір Әлішер Науаидың қолдауына ие болып, Иранның өнер мен әдебиет қорына мәңгілік туындылар қосқан. Әмір Әлішер Науаи сарай маңындағылардың кекшілдігі мен қызғанышы салдарынан уәзірліктен бас тартып, сұлтан Хосейн Байқараның бұйрығымен екі жыл бойы Астарабад уәлаятының билеушісі болған. Ол х.қ.ж.с.б. 906 жылы сол жерде дүние салды. Сонымен қатар, Әмір Әлішер Науаидың өзі өнер мен әдебиеттің адамы бола тұра, өнер иелері мен әдебиетшілерге ерекше көңіл аударған уәзірлердің бірі болған.

Әмір Әлішер Науаи

Тимурилер заманының өнер тарихындағы оның маңыздылығы соншалықты, егер бұл кезеңде одан басқа ешкім өнерге көңіл аудармаса, бұл тұлғаның болуы осы дәуірді Иранның өнер тарихындағы ең жарқын кезеңге айналдыру үшін жеткілікті еді. 

Тимурилер сарайының кескіндеме, сәулет өнері, алтынмен аптау, кітап әрлеу және музыка сынды өнерлер гүлденген орталық болғанын және осы дәуірдегі  өнер түрлері арасында каллиграфияның ерекше маңызды болғанын айттық. Сол себепті бұл заманнан әртүрлі стильде жазатын каллиграфтардың талпынысымен көптеген кітаптар мен жазба тақташалары қалған. Бұл заманда каллиграфияның кең таралғаны соншалықты, тимурилік сұлтандар мен әмірлер де осы өнерге ерекше ықылас танытқан. Шахрух Тимуридің ұлдары Байсұңқар мырза мен сұлтан Ибрахимнің каллиграфия саласында шеберлікке жеткендігі соншалықты, олар Тимурилер заманындағы үздік каллиграфтардың бірі саналған. Олар каллиграфтарды ынталандыру және көркем жазудың таралуында айтарлықтай рөл атқарған. Байсұңқар мырза «сұлс» жазуының шебері болған және кітап жинап, олардың нұсқасын жасауға қызыққан.  

Байсұңқар мырзаға телінетін жазба нұсқасы

Байсұңқар мырзаның кітапханасы мен шеберханасында Джафар Байсұңқаридың жетекшілігімен 40 көрнекті каллиграф діни, ғылыми, тарихи және әдеби кітаптардың нұсқасын жасаумен айналысқан. Фердоуси «Шахнамасының» нұсқасын жасау осы топтың ең маңызды жұмыстарының бірі болған көрінеді. Сұлтан Ибрахим де кітапқа қатысты істерде аса шебер болған. Ол х.қ.ж.с.б. 8 ғасырда өмір сүрген бағдадтық каллиграф Яқут Мұстасамидың тәсілімен жазған. Тіпті оның жазуын Яқуттың жазуынан айыру қиын болған.

Әмір Әлішер Науаи – Тимурилер дәуірінде каллиграфия өнерінің дамып, өркендеуінде ең маңызды әрі әсерлі рөл атқарған адам. Өзі алтынмен аптау, кескіндеме және кітап жазуда аса шебер болған ол өз заманындағы мәдени және көркемдік ағымдарға әртүрлі тұрғыдан ықпал етіп отырған. Ол Гератты поэзия, әдебиет, музыка, кескіндеме, алтынмен аптау және каллиграфияның орталығына айналдырып, өнер иелерінің жан-жақтан Гератқа келуіне себеп болды. Герат мектебінің дамығаны соншалықты, талапкерлер өнер үйрену, мүмкіндіктерді пайдалану және осы мектеп ұстаздарынан дәріс алуда бір-бірімен жарысқа түсіп, Гераттан білім алып шығуды мақтаныш санаған. Осы өнерлі әрі өнерсүйгіш уәзірдің өнерпаздарды тәрбиелеуінің нәтижесінде өнердің түр-түрі, соның ішінде каллиграфия дамып, Герат мектебіндегі өнерлердің, әсіресе каллиграфияның басқа қалалар мен аймақтарға таралуына себеп болды.

Әмір көптеген оқу орталықтарын, соның ішінде Гератта Эхласие, Шафаие және Низамие медреселерін, Мервте Хосравие медресесін ашты. Бұл басқа ғылымдар және өнерлермен бірге каллиграфияның оқытылуы мен таралуына себеп болды. Сонымен қатар оның кітапханасы өз заманындағы ең маңызды кітапханалардың бірі саналған. Онда каллиграфтар, суретшілер мен басқа да өнер иелері жұмыс істеген. Ол сирек кездесетін кітаптарды жазуға көп қаражат жұмсаған. Бұл кітаптарды ең шебер каллиграфтар мен алтынмен аптаушылар жазып, әрлеген. Әмір Әлішердің бұл қатынасы ғылым, тарих пен дін салаларындағы кітаптар мен нұсқалардың, әсіресе Құран Кәрімнің таралуына септігін тигізді. Бұл кітаптар осы күнге дейін сақталып қалды. Әмір Әлішер Науаи каллиграфтар мен кітап нұсқасын жасаушыларды тәрбиелеуге көп күш салып, әрдайым олардың демалысы мен әл-ауқат жағдайын қамтамасыз етуге талпыныс жасады. Сол себепті бұл заманда каллиграфтар өнер туындыларын жасауға шақырылған.  

Шахрухтың билік құрған заманында тәрбиеленген Мирәли Табризи, Джафар Байсұңқари мен Асхар Табризи сияқты танымал каллиграфтар Әмір Әлішер Науаидың қолдауымен осы дәуірде көптеген айтулы туынды тудырды. Әмір Әлішердің кітапханасында Моулана Сұлтанәли, Қажы Мұхаммад Хафиз, Моулана Сұлтанәли Қаени сынды атақты каллиграфтар кітаптардың нұсқаларын жасаумен айналысқан. Олар әдетте кітап жазуда қолданылатын насталиқ жазуымен қоса, сұлс, рейхан, мұхаққақ, насх, тоуқи, рақа мен куфа сияқты жазу түрлерін де жетік білген. Бұл каллиграфтар құнды мәдени еңбектер жазды. Бүгінде аталмыш туындылар Иран мен әлемнің мұражайларының көркіне айналған.

«Сұлтан ул-хаттатин» (Каллиграфтардың сұлтаны) деген атпен танымал болған Сұлтанәли Машхади – насталиқ жазуымен жазған атақты каллиграф. Ол сұлтан Абусаид мырзаның шақыруымен Гератқа келіп, сұлтан Хосейн Байқара мен Әмір Әлішер Науаидың назарына іліккен өнер иелерінің бірі болған. Ол салтанатты кітапханада жұмыс істеп, өзі жазған нұсқаларда атын «Катеб ус-султан» (Сұлтанның көркем жазушысы) деп атаған. Әмір Әлішер өзінің «Маджалес ун-Нафаес» атты еңбегінде оны ерекше мадақтаған. Бұл ұлы өнер иесі Әмір Әлішердің «Маджалес ун-Нафаес» атты еңбегін Әмірдің үйіндегі хауызда орнатылған мәрмәр тасқа жазған. Тимурилер дәуірінің соңғы кезеңінде өмір сүрген шахзадалар мен сарай маңындағылардың құлпытастарының көбін Сұлтанәли Машхади жазған. Бір рауаятта бір күні сұлтан Хосейннің одан құлпытас жасауды сұрағаны, бірақ Сұлтанәлидің бұл істен бас тартып, оны қабылдауға көп уақыттың кететінін айтқаны бар. Артынан сұлтанның жауабына қанағаттанып, сұлтан үшін көрген адамды таңқалдыратын теңдессіз құлпытас жасады.

Сұлтанәли Машхади жасаған сұлтан Хосейннің ұлының құлпытасы

Сұлтанәлидің танымалдығы соншалықты, оның нұсқаларын өнерсүйер қауым жинастырып отырған. Осы арада өзі де каллиграф болған сұлтан Яқуб Аққойынлыға тоқталуға болады. Ол Сұлтанәлидің қолымен жазылған нұсқаларды жинаған. Сұлтанәли сұлтан Хасан Байқара мен Әмір Әлішер Науаидың кітаптарының нұсқасын жазумен қатар, басқа әдебиетшілер мен ғалымдардың кітаптарының нұсқаларын да жасаған. Солардың ішінде Голхани Астарабадидің өлеңдер жинағы мен Халил Нейзе моншасының тақташасын атауға болады. Сұлтан Хосейн Байқара мен Әмір Әлішер Науаидың қолдауының аясында Сұлтанәлидің қолымен жазылған туындылардан қалған дүниелерді тақташалар, кітаптар және «мораққаат» (каллиграфия мен сурет туындыларының жиынтығы) деп үшке бөлуге болады. Қажы Абдулла Ансаридің мазарындағы тақташа мен Мұхаммад бен Байқараның құлпытасы  Герат қаласынан тыс жерде орналасқан тақташалардың қатарына жатады.

«Гуй мен чуган» кітабы, Хайямның төрттағандары, Джамидің «Тохфе әл-Ахрар» еңбегі, Низамидың «Махзан ул-Асрар» кітабы, Хафиздің өлеңдер жинағы, қажы Абдулла Ансаридың «Мінәжатнамасы» мен Саадидың «Бустаны» Әмір Әлішер Науаидың қолдауымен Сұлтанәлидың қолымен жазылған ондаған том кітаптың бірқатары ғана. Бахрам мырза,  шах Исмаил, шах Тахмасп, шах Аббас Сефеви «мораққааты» және басқа да «мораққааттың» шамамен 470 бөлімі Сұлтанәлидің көркем жазу өнерінен қалған туындылардың бірі болып табылады. Олар қазір Иран мен әлем мұражайларының көркіне айналған.

Тегтер