Иранның танымал тұлғалары (102)
Бұл бағдарламаны Әмір Әлішер Науаидың туындыларын таныстыруға арнаймыз.
Айтып өткеніміздей, Тимурилер заманы Иранда билік еткен əулеттердің ең салтанатты дəуірі болды. Тимурилер əулетінің өнер мен мәдениетті қолдауының арқасында Иранның мәдениет пен өркениет тарихында жарқын дәуір қалыптасты. Бұл дәуірдің маңызды ерекшелігі – мәдени тұлғалардың билік иелері болуында. Сұлтан Хосейн Байқараның дана әрі өнерсүйгіш уәзірі Әмір Низамеддин Әлішер Науаи осы дәуірдегі көрнекті тұлғалардың бірі саналады.
Өткен бағдарламада айтып өткеніміздей, тарихшылар осы әдебиет пен өнерсүйгіш уәзірдің парсы және түрік тілдеріндегі туындыларының санын отыздан асады деп есептеген. Олардың кейбіреулері қолымызда бар, кейбіреулері сирек кездеседі немесе нұсқасы сақталмаған. Төрт ғазалдар жинағы, Хамсе, «Лесан ат-Тейр» поэмасы, «Маджалес ун-Нафаес» өмірбаяндар жинағы, парсы және түрік тілдеріндегі «моншаат»-әдеби туындылар және парсы тіліндегі өлеңдер жинағы Әмір Әлішер Науаидың көптеген шығармаларының бірсыпырасы ғана.
Әрбір ақын мен әлеуметтік белсендінің тұлғасы мен туындылары өз заманындағы саяси-әлеуметтік шындықтар мен мәдениетпен тығыз байланысты болады. Осыған орай Әмір Әлішер Науаидың ақындық тұрғыдан жарқырап көрінуі жайлы сөз қозғағанда оның өз заманындағы әдеби оқиғаларға жақындығын және ерекше үндестігін назардан тыс қалдырмау қажет. Сонымен қатар, оның өз заманындағы көрнекті әлеуметтік тұлғалардың бірі болғанын да естен шығармау керек. Әмір Әлішердің туындыларын талдағанда оның 15 ғасырдың екінші жартысындағы тарихи жағдай мен Тимурилер билігімен байланысын назарға алу қажет. Өйткені, Әмір Әлішер әдебиет, поэзия, философия мен ғылымда ерекше қабілетке ие болумен қатар, сәулет өнері, кескіндеме мен музыка саласында да ұстаз болған әрі Гераттың мәдени өмірінің өзегі саналған. Ол осы қаланың әртүрлі әлеуметтік топтары арасында айрықша танымал болған.
Хорасанда ирандық тұрғындар арасында, сондай-ақ, бірнеше тіл қолданылған Мәуереннахрда парсы тілі ақсүйектерге арналған әдеби тіл болған және мәдениет пен әлеуметтік өмірге қатысты барлық байланыстарда қолданылған. Сондай жағдайда тарихи тұрғыдан кемелденіп, діннің маңыздылығымен көркемделген араб тілінің ықпалы сол заманда тек нақты ғылымдарда, әсіресе діни ғылымдарда қолданылған. Тимурилер мемлекетіндегі тілдердің үшінші тобы моңғол және түркі тілдері болған. Олар осы аймақтың тұрғындарына тиесілі еді. Жалпы тілтану ғылымы бойынша, тілдердің бұл тобы «ортаазиялық түркі тілі» немесе «шағатай тілі», ал орыс зерттеушілерінің термині бойынша «көне өзбек тілі» деп аталады. Зерттеушілердің пайымдауынша, бұл тіл Әмір Әлішер Науаи келгенге дейін әдеби тіл ретіндегі кеңдік пен құрметке ие болмаған.
Орыс зерттеушісі А. К. Боровков Әмір Әлішер Науаиды көне өзбек тілінің негізін қалаушы деп атап, көптеген тарихи деректер келтіру арқылы Әмір Әлішер Науаи тілінің Тимурилер заманында Ферғана алқабы мен Ауғанстанның солтүстігіндегі Самарқанд уәлаятында өмір сүрген өзбек тайпаларының қолданысындағы әртүрлі диалектілермен тығыз байланыста қалыптасқанына, көптеген парсы сөздерінің, тіпті оның кейбір ерекше тіркестері мен грамматикалық ерекшеліктерінің осы тілдің құрамына еніп кеткендігіне сенім білдірген.
А. К. Боровков Әмір Әлішер тілінің көне өзбектің әдеби тілі болғанына тоқталып: «Замандастары ұлы ақын, ойшыл ұстаз деп танитын Әмір Әлішер Науаидың бүкіл өмірінің ең үлкен қызметі ретінде санайтын дүниесі мынада: парсы тілі уақыт өте келе кемеліне жетіп, ұлы ойшылдардың арқасында бәсекесі жоқ, дамыған тілге айналғанда парсы прозасы еліктеу үшін жақсы үлгі болды. Сол кезде ол көне өзбек әдебиетін нығайтты»,-дейді.
Әмір Әлішер түркі-шағатай тілінің негізін қалаушы саналады. Оның өзі бұл тілді түркі тілі деп атайды. Алайда еуропалық жазушылар осы түркі диалектісі мен оның әдебиетін Мәуереннахрда билік құрған Шыңғысханның екінші ұлы Шағатайдың атымен атаған. Бұл тіл Ақсақ Темір Гурканның кезінен бастап қолданысқа еніп, оның ізбасарлары кезінде кемеліне жетті. Басқа рауаяттар бойынша, Мәуереннахр түріктерінің әдеби тілі моңғолдардың заманынан 13 ғасырға дейін түркі-шағатай тілі ретінде танылған. Орыс тілтанушылары 8 ғасырдан 12 ғасырға дейінгі Мәуереннахр мен Хорезмнің әдеби туындыларына «көне өзбек тілі» деген атау берген. Шағатай диалектісі басқа да әдеби тілдер сияқты кейбір жергілікті диалектілер немесе халықтың ортақ тілі негізінде қалыптаспаған, керісінше Орта Азияның кейбір жергілікті әдеби түркі тілдерінің қосындысынан пайда құралған. Бұл диалектіде оңтүстік түркі тілінің, әсіресе қателікпен «азари» деп аталатын тілдің әсері көп болған. Бұл ықпалдың себебі мынада: сол заманда Табриз, Ширван мен Герат сияқты мәдени орталықтар арасындағы байланыс өте мықты болған. Әзірбайжандық ақындар, жазушылар мен кәсіпшілер Гератта жиналған болатын.
Науаиден бұрын «Түркигуй» деген атпен танымал Мир Хейдар Хорезми, Юсеф Амири, Саккаки, Атайи, Яқини және Гедаи сынды ақындар Самарқандта, Лүтфи Гератта шағатай әдебиеті саласында талпыныстар жасап, осы әдебиеттің кемелденуі үшін қолайлы жағдай туғызған. Түркияның көрнекті зерттеушісі Тоғанның пікірі бойынша, «Моңғолдар келгенге дейінгі, әсіресе Қарахандар билігі кезінде Шығыс Түркістан мен Жетісу аймағынан бастап Сырдария өзенінің орта және оңтүстік бөлігіне дейінгі аралықта өмір сүрген түрік мұсылмандары арасында жүргізілген әдеби белсенділіктерді дамыту және кеңейту үшін моңғолдар заманында арнайы шаралар қолға алынған. Бұл белсенділік кейін Тимурилер заманында ерекше дамыды. Абылқасым Бабыр мен сұлтан Хосейн Байқараның билігі кезінде түркі-шағатай тілі Хорасанда, әсіресе Гератта кең таралды. Науаи осы әдеби қозғалыстың дамуының ең үлкен факторы саналды». Үндістаннан Стамбұлға дейін, Самарқандтан Мысырға дейінгі аралықта оның өлеңдерін түсіндіріп, тәпсір жазатын жүздеген жазушы пайда болды. Оның сөздерін анықтау үшін көптеген сөздіктер жасалған. Бұл осы ұлы тұлғаның әдеби ықпалының кеңдігін көрсетеді.
Науаидан кейін әртүрлі аймақтардан Гератқа келіп, оның қасына жиналған шәкірттері оның өлеңі мен әдеби диалектісін өз жерлеріне алып барды. Көп ұзамай Науаидың өлеңдері басқа жерлерге таралды. Анатолия мен Әзірбайжан ақындары шағатай диалектісінде өлең жазды. Әзірбайжанда Казем Салек Нишат, Ходжат пен басқа да ақындар, Анатолияда Ахмад паша Бурсаи, шейх Ғалеб, Надим мен Мир Әлішер Сани (Катеби) шағатай диалектісінде өлең жазып, бұл тілдің өз аймағындағы әдебиетке әсерін арттырды.