Қаң 23, 2017 17:14 Asia/Almaty

Егер естеріңізде болса, өткен бағдарламада Дамаванд ауданының тарихи және табиғи тартымдылықтарымен таныстырдық. «Дамаванд» атауы Иран халқының, тіпті әлемде табиғи тартымдылықтарға қызығатындардың көбіне Альборз таулы сілемінің ең биік те салтанатты шыңы Дамавандты еске түсіреді. Бұл шың Теһранның солтүстік-шығысынан 75 шақырым жерде орналасқан.

Дамаванд қарлы шыңының панорамасы табиғи, маусымдық және тұрақты көлдер, минералды бұлақтар, хош иісті өсімдіктер, жабайы гүлдер мен жанға жайлы тыныштығымен бұл ауданда жәннаттың жайлылығындай кеңістік тудырып, таңғажайып табиғаттың сұлулықтарын көрсетеді. Дамаванд шыңы Иранның солтүстігіндегі Мазандеран облысында орналасса да, осы шыңға шығатын жолдарының көбі Теһран облысынан өтетін болғандықтан, бүгінгі бағдарламаны салтанатты Дамаванд шыңы мен оның айналасындағы теңдессіз табиғи тартымдылықтармен таныстыруға арнаймыз. 

Альборз таулы сілемі Иранның солтүстігінде орналасқан. Ол елдің солтүстік-батысындағы Сефидруд сайынан Каспий теңізінің оңтүстік жағалауын бойлай, елдің солтүстік-шығысындағы Горган сайына дейін созылып жатыр. Мазандеран алқабы мен Иранның орталық үстірті арасында үлкен доға түрінде орналасқан. Каспий теңізінің жағасынан оңтүстікке жақындаған сайын таулар биіктей түседі. Сол себепті таулар Каспий теңізінің барлық ылғалдылығын өзінің солтүстік етегінде сақтап қалады. Сондықтан Альборз таулы сілемінің солтүстік бөлігінде биіктікке сәйкес әртүрлі өсімдік жамылғысы байқалады. Альборз тауларының негізгі сілемі географиялық тұрғыдан солтүстік сілем, орталық сілем және оңтүстік сілем болып үшке бөлінеді. Орталық сілеміне Кандуван, Лар мен Фирузкух таулары жатады. Олар  Хараз өзенінің тармағы Нур өзені арқылы солтүстіктегі таулардан бөлініп, Дамаванд шыңы мен Лар сайына дейін ілгерілейді. Бұл таулар Альборз таулы сілемінің ең қысқа әрі ең биік бөлігі болып табылады. Тіпті көптеген шыңдарының биіктігі 4000 метрден асады. Альборз таулы сілемінің ең биік нүктесі саналатын Дамаванд шыңының теңіз деңгейінен биіктігі 5671 метр. Бұл шың оның етегінде орналасқан Рине үстіртінен 4000 метрге биігірек. Бұл үстірт Дамавандтың конусты тұғыры сынды.

Дамаванд шыңы Иранның көне аңыздарында айтарлықтай рөл атқарып, бағзы замандардан бері назарда болған. Фердоуси сияқты Иранның эпостық жырлар жазған ақындары осы шың жайлы да өлеңдер жазған.

Иранға сапар шеккен саяхатшылар да өздерінің сапарнамаларында көбінесе Дамаванд шыңына тоқталған. Осы шыңның сұлулығы мен салтанаты көрген адамды қызықтырып, өзіне тартатындықтан  бір жарым ғасыр бұрын  Еуропа, Мысыр, Түркияға сапардан соң Иранға сапар шеккен неміс дәрігері әрі дипломаты Генриш Брукшен «Сұлтан Сахебқұран сарайына сапар» атты кітабының бір бөлігінде өзі мен серіктерінің Дамаванд шыңына көтерілуін сипаттап, аймақтың сұлулығына таңғалғанын айтып: «Иран тауларының Германия мен бүкіл еуропалық елдердегі таулардан әлдеқайда әдемі әрі жақсырақ екенін мойындауым керек»,-деп жазды.

Дамаванд шыңына шыққан басқа шетелдік альпинистерден Морис Броуед пен Кристал Пукиені айтуға болады. Олар да ирандықтардың тауға шығуға ерекше қызығатынын, Иранның көптеген шыңдарының толығымен бөлек климаты мен жер қыртысының ерекшеліктеріне көңіл аударып, Дамаванд тауы туралы: «Батыстан шығысқа қарай баратын жолда Дамаванд ең үлкен шың саналады. Бұл тау Гималай таулы сілемдеріне кіреберісте орналасқандықтан шетелдік туристер үшін өте тартымды»,-деді.

Атақты Дамаванд шыңы – Альборз таулы сілемінің ең биік шыңы әрі Азиядағы ең биік жанартау. Ол Лариджан ауданының аумағындағы Дамаванд қаласынан 35 шақырым жерде орналасқан. Бұл шың конусты пішініне байланысты бүкіл әлемде бірегей болып табылады. Әлемнің екі биік тауларының арасында Жапониядағы Фудзияма шыңы (биіктігі 3770 метр) мен Армениядағы Арарат шыңы (биіктігі 5000 метр) да конустық пішінге ие болғанымен бұл екі таудың биіктігі Дамавандтан төменірек.

Дамаванд жанартауы  шамамен 100 мың жыл бұрын өшіп қалған деген болжам бар. Жанартаудың ауызы күкірт қоспасынан түзілген.  Бұл жанартаудың б.з.д дәуірлерге тиесілі екенін білдіретін белгілер ретінде 4000 метр биіктіктен жоғарыда күкірті бар тастар мен таза күкірт бөлшектерінің болуы және шың басында радиусы 100 метр, ал тереңдігі 30 метрді құрайтын көлшіктің болуын айтуға болады. Онда әдетте қардың суы қатып жатады.

Дамаванд шыңындағы ауа температурасы жаздың орта шенінде сағат түскі төртке дейін шамамен минус 4 градус. Дамаванд шыңына шығудың әртүрлі жолдары бар.  Қолайлы жолдардың бірі – Хараз күре жолының бойындағы Палур ауылы. Шыңға шығудың 16 белгілі жолы бар. Олардың төртеуі негізгі жол ретінде танылған. Дамавандтың көп қатынайтын бағыттары – оңтүстік, батыс, солтүстік және шығыс жолдар. Хараз жолының оңтүстігіндегі бағыт Палур мен Рине ауылдарынан өтеді. Хараз жолының батысындағы бағыт  Палур, Лар бөгетінің жолы мен Лор алқабынан өтеді. Хараз жолының солтүстік бағыты Лариджанның гейзерлік суы, Дехнан дел және Чаман ауданынан өтеді, ал Хараз жолының шығыс бағыты Палур, Лариджанның гейзерлік суы мен Гязанак ауылынан өтеді.

Дамаванд ауданы Альборз таулы сілемінің солтүстік жағындағы жасыл ауданға керісінше жаз кезінде құрғақ. Сондықтан альпинистер әдетте су алу үшін таудағы қар мен мұздықтарды пайдаланады. 4000 метр биіктіктегі таудың солтүстік және солтүстік-шығыс жағы күннің тікелей нұрына шалынбайды.  Онда көптеген мұздықтар бар. Дамавандтың солтүстік-шығыс жағындағы «Бам-е барфи» (Қар төбе) деген атпен танымал мұздықтардың айналасында тауға шығу өте ауыр. Тек тәжірибелі альпинистер ғана бұл жолмен шыға алады. Ал Дамавандтың оңтүстік жағы күнгейлі. Сондықтан ауа тауға шығуға қолайлырақ. Жолда қар мен мұздық азырақ кездеседі. Альпинистер шыңға баратын 4100 метр биіктіктегі соңғы базадан қозғалу сағатын түн жарымында Гугерди төбесіне күннің нұры толық түспес бұрын белгілейді. Өйткені күн Дамаванд шыңындағы Гугерди төбесіне түскенде күкірт газы шығады, бұл альпинистердің хал жағдайының  нашарлауына себеп болады.

Дамавандтың 2000-3500 метрлік биіктіктегі етегі көкнәр гүлдеріне толы. Бұл гүлдер көктем мен жаз мезгілдерінде гүлдеп, тауға ерекше сұлулық сыйлайды. Дамаванд тауының бөктерінде сондай-ақ, өсімдіктердің құнды  түрлері  өседі. Олар Дамавандтың айналасын хош иіске бөлейді. Дамаванд бөктерінің тартымды  аймақтарынан Кабутарлы, Аск және Гүлзәрдты атауға болады. Гүлзәрд үңгірінің Иран табиғатындағы ең әдемі тартымдылықтардың бірі екендігі күмәнсіз. Лар әдемі алқабында орналасқан бұл үңгірге жыл сайын Дамаванд шыңына шығуды көздеп, жанынан өтетін альпинистер келеді. Үңгірдің іші сталактит пен сталагмиттерге толы. Олар оның  едені мен төбесінен сүңгілердей салбырап көрінеді. Үңгірдің іші кальций карбонатқа толы. Альпинистердің қолдарындағы шамдардың жарығы ерекше көрініс тударды. Үңгірдің ішінде әртүрлі арақашықтықта суы суық хауыздар бар. Үңгірдің жазық беті қатты еңіс, алайда оның бетімен жүру өте жеңіл. Гүлзәрд үңгірі мен Лар алқабының аумағы альпинистер үшін ғана емес, табиғатты сүюшілер үшін де тартымдылыққа ие жерлер болып табылады.

Тағы бір көруге тұрарлық аймақ – Лариджан. Тартымды ауылдық кеңістігі бар жерде минералды және гейзерлік су көздері бар. Лариджандағы екі гейзерлік су бұлағының бірінде күкірт бар. Ол теңіз деңгейінен 2380 метр биіктікте  орналасқан. Ал екінші бұлақта темір көп. Ол Лариджаннан 3 шақырым жерде 2450 метр биіктікте орналасқан. Бұл аймақта монша мен бассейн сияқты санитарлық орындардың болуы ревматизм, тері, тыныс жолдары мен жүйке жүйесі ауруларына шалдыққандарды тартады.  

Абалиден 35 шақырым, ал Амольдан 80 шақырым жерде орналасқан таудағы «Аск» суық ауылында минералды су көздері жердің бетіне дейін шығып жатыр. Оған қызығатын адамдардың саны көп.

Аск бұлағы кейбір минералды элементтерден, соның ішінде  карбонат, әктас, магний тұзы, натрий хлориді, екі калий хлориді мен натрий карбонатынан  тұрады.

Лар алқабы да Дамавандтың көрнекті жерлерінің бірі. Мұнда қыста 8 метр қар жауып, рекорд жасалған. Бұл аймақ жаз кезінде демалыс уақытын өткізу үшін  қолайлы жер болып табылады.

Дамаванд тауының оңтүстік жағында қатып қалған әлемдегі теңдессіз сарқырама бар. Оның биіктігі 7 метр, ал диаметрі 3 метр. Сарқыраманың мұзы ешқашан ерімейді. Жаз кезінде күн сайын түсте және түстен кейін 1 сағаттан соң ауа температурасы нөлден жоғарылайды. Соның салдарынан аз ғана су ағады. Түстен кейін сағат түскі төрттен кейін ауа температурасы нөлден төмендейді. Сөйтіп тағы да еріген су қатып қалады. Осылайша ұдайы қатып тұратын сарқырама пайда болады. Осы сарқыраманың үстінде жыл бойы  қар басып жататын шұңқыр бар. Дамаванд тауының мұзды сарқырамасы 5100 метр биіктікте орналасып, теңіз деңгейінен биіктік тұрғысынан Таяу Шығыстағы ең биік орналасқан сарқырама болып табылады.

Ардақты ағайын, Дамаванд тауының х.ш.ж.с.б. 1387 жылы тир айының отызында (2008 жылы) Иранның алғашқы табиғи тартымдылығы ретінде Иранның ұлттық мұра тізіміне тіркелгенін біліп жүргендеріңіз жақты. Сонымен қатар Дамаванд тауы х.ш.ж.с.б.1381 жылдан бастап (2002 жыл) «Ұлттық табиғи ескерткіш» ретінде Қоршаған ортаны қорғау ұйымы тарапынан 4 құнды аймақтың қатарына қосылды.

Тегтер