Нау 08, 2016 17:58 Asia/Almaty

«Низами Гянджави» деген атпен танымал хакім Абумұхаммад Илияс – х.қ.ж.с.б. 6 ғасырда (12 ғасырда) өмір сүрген Иранның атақты ақыны.

Низами х.қ.ж.с.б. 530-540 жылдар (1135-1145) аралығында Гянджеде дүниеге келіп, 70 жыл өмір сүріп, 599 жылы осы қалада қайтыс болды. Сондай-ақ, айтқанымыздай, ол өз заманында кең таралған ғылымдармен таныс болып, дәулетті жанұядан шыққандықтан кәсіп табу немесе кәсіби ақындық арқылы өміріне азық табуды қажет етпеген. Сондықтан оқшауланып, оқу және зерттеумен айналысып, тәпсір, хадис пен калам ғылымдарын оқып, философия мен мистиканы үйренген.

Низами х.қ.ж.с.б. 6 ғасырдағы (12 ғасырдағы) әдеби ағымды  ұстанушылардың бірі саналады. Парсы поэзиясының құрылымы мен тілі саласында ол тудырған өзгерістер ешбір зерттеуші мен ғалым үшін жасырын емес. Ол жаңалық пен жаңашылдықты қалаған санаулы ақындардың бірі саналады. Низами сөз жасам мен жаңа өзгерістер тудыруда ерекше қабілетке ие болған. Поэтикалық қиял саласындағы жаңалық пен бастамашылық, сондай-ақ, ғазал мен эпос деген екі әдеби түрдің қосындысын жасау Низамиді Иранның мәңгілікке қалар әдеби тұлғарының біріне айналдырды. Низамидің тілінің нәзік ойға толы болуы мен сөзінің төгілмелілігі кез-келген оқушының назарын аударады. Бұл жағдай оның сөзін қарапайым халықтың тілі деңгейінде сақтап қалып, ұзақ ғасырлар бойы жалқы мен жалпының мадағы мен марапатына бөленуге  себеп болды.

Кісіден алып, уақытша қолдануды қабылдамадым,

Жүрегім нені айт деді, соны айттым.

Жаңа ойын тәсілін шығардым,

Жаңа қалыптан бір дене жасап шығардым.

Низами өз заманындағы барлық танымдардан, әдеби техникалардан бастап, медицина, хикмет, музыка және астрономия салаларынан хабардар болғандықтан өзінің өлеңдерінде солардың барлығын пайдаланған. Сондықтан оның өлеңдері х.қ.ж.с.б. 5-6 ғасырлардағы (11-12 ғасырлардағы) Иран мәдениетінің айнасы болып табылады. Сонымен қатар ол өзінің өлеңдерінде ондаған мақалды мысал ретінде, ал ондаған халық ауыз және діни ертегілерді тұспал ретінде келтірген.

Тіл тұрғысынан Низамидің өлеңдерінде бәрінен бұрын маңызды әрі көңілді аударуға тұрарлық, өлеңдеріне нәрлілік сыйлаған нәрсе – оның тиісті сөздер мен сөз тіркестерін дұрыс таңдау қабілетіне ие болуы. Оның өлеңдерінде сөздер мақсатты түрде қолданылып, тілдің көркемдеу қабілетіне байланысты таңдалынған. Низами сөздерінің халық арасында таралуына себеп болған нәрсе – оның қарапайымдығы мен төгілмелілігі. Бұл қарапайымдық пен төгілмелілікті оның барлық поэмаларынан көруге болады. Низамидің өлеңдерінде құрани ұғымдар көптеп кездеседі. Ол мүмкіндік болған жердің барлығында әдемі поэтикалық перделер түрінде уәһи арқылы түскен келген тақырыптарды жырлаған. Хакім Низамиді біздің заманымызға жеткізген нәрсе – оның құдіретті ақындық тілі, әдемі қиялдары, баяндаудың тартымды да тиімді қалыбы.

Низамидің өлеңдері қалып тұрғысынан да, маңыздылық тұрғысынан да ақындық өнердің шыңы болған. Ол үнемі ең жақсы сөздерді таңдауды көздеген. Әдемі сөздер мен сөз тіркестері қалыбындағы ізгі баяндау, мықты қияли күш пен сол замандағы ғылымдар мен наным-сенімдерден хабардар болуы оның өлеңдерін нәрлендіре түсті.

Низами өлең шығаруда мазмұн тудыру мен бұрын-соңды болмаған сөз тіркестерін ұсынуға ерекше мән берген. Бұл мәселе ақыннан айналадағы әлемге тереңірек үңіліп, нақтылап қарауды талап етеді. Ақынның өлеңдер жинағына шолу жасағанда оның жаңа мазмұндар табуға тырысқанын, осы жолда сәттілікке қол жеткізгенін көруге болады. Ол қайталамалы ескірген мазмұндарды алмай, өз өлеңдерінде жаңа да тың мазмұндарды жырлаған.

Осы перде не көрсетсе де,

Егер алмасаң, одан да жақсысын береді.

Низами өлеңдерінде сипаттама жасау үшін қолданған тәсіл мен құралдардың   оған дейінгі ақындар пайдаланған тәсіл мен құралдардан еш айырмашылығы жоқ. Бірақ ол бұларға басқа реңк бере алды. Әдетте өлеңде әртүрлі бейнелер мен теңеу, метафора және сипаттауды қолдануға болады. Ақын солар арқылы қиялдың пердесінен шындықты баяндаған. Низами осы поэтикалық өрнектерді пайданалу арқылы өзінің сөзіне ерекше мейірімділік пен балғындық сыйлады. Сондықтан бұл бейнелер әдетте тың, әлуан түсті және жарқын болып көрінеді. Қазіргі заманғы көрнекті зерттеуші әрі әдебиетші доктор Абдулхосейн Зарринкуб Низамидің ақындық ерекшеліктері мен өнері туралы мынадай пікір білдірген: «Оның сөздері мен сөз тіркестері құрылысы бойынша жарқыраған жауһарға ұқсайды, олардың ұйқасы маржандай тізілген».

Низамидің сипаттамалары өте табиғи, сезімге толы әрі төгілмелі. Ол әдетте әртүрлі тақырыптарды ерекше нақтылықпен сипаттаған. Низамидің еңбектерін зерттеушілер ақынның табиғат көріністері, соның ішінде көктем, күз, түн туралы сипаттамалары керемет көркем әрі теңдессіз деп санайды. Оның адамдар мен табиғи көріністерді сипаттау қабілетінің күшті болғандығы соншалықты, қазіргі заманғы көрнекті зерттеуші әрі әдебиетші ұстаз Ғұламхосейн Юсефидің айтуынша, ол ең сұрықсыз панорамаларды әдемі жеткізкен.

Низамидің декорация жасаудағы таланы таң қалдырады. Мысалы, ол «Жеті сұлу» атты поэмасындағы «Айдаһар мен Бахрамның қазынасы» деген қиссада сұлу биені көркемдеп сипаттағаны соншалықты, оқырман бір мезетте өзін кинотеатрда отырғандай сезінеді. Ертегілердегі кейіпкерлер мен адамдардың психологиялық жағдайларын сипаттауда да оның сирек кездесетін осы дарыны  жақсы байқалады.

Болмыс құбылыстары мен жансыз дүниелерді жандандыра сипаттау – Низамидің тілдік және көркемдік ерекшеліктерінің бірі. Бұл тәсіл ақынның поэтикалық бейнелеріне көбірек күш пен нақтылық сыйлады. Ол осы тәсілді пайдалану арқылы әдетте рухсыз ғарыш пен өмірді сөйлеу қабілеті бар, сана мен түсінікке ие деп сипаттап, оқырманға өзінің барлық туындыларында, тіпті ең қияли ертегілерде тірі, қозғалмалы және жанды әлемде саяхат жасатады.

Низами өзінің бай қиялының арқасында өлең қалыбында жансыз элменттерді тірілте алған.  Ол бір өлеңінде күзгі желді өте көркем тілмен сипаттап берген. Онда күзгі жел талан-таражбен айналысатын бір қарақшы ретінде бейнеленген. Қарақшы бұл өлеңде тірі жандай сипатталған лала гүліне тап береді.  

Низами «Жеті сұлу» поэмасының бір бөлімінде былай дейді: жел мен бұлт қызметші мен нөкер ретінде сахнаға шығып, бақ пен көгалды суарады және олар да поэмадағы басқа кейіпкерлер сияқты өзінше жоспарға ие.

Бұл ерекшелік Низамидің кейбір сипаттамаларында, әсіресе жұлдыздар мен түнгі аспанды сипаттауда барлық әлемді жанды, қозғалыстағы және ойлайтындай көрсеткенде айқын байқалады.  

Түнгі аспан күндей жарық, 

Таза аспан балғын шөптей.

Планета әдемі білезіктей,

Қараңғылық кілемінде билейді.

Доктор Абдулхосейн Зарринкуб «Гяндженің пірі белгісіз жерді іздеуде» деген кітабында Низамидің ойлары мен өлеңдерін талдап, осы ирандық ақынның тілі және ақындық өнері туралы мынадай пікір білдіреді: «Жалпы оның сипаттамалары ұзақ, көп қайталанады және әдетте алуан түрге ие. Ертегілердің кейіпкерлерінің жан-дүниесінде болатын сезімдер, мысалы жалғыздық, дерт, айырылысу, ынтызарлықты сипаттауда ерекше қабілетке ие болған. Ол «Ләйлі-Мәжнүн» мен «Хосроу-Шырын» поэмаларының бірқатар жерінде оқушыны осындай сезімдерге қатысты сипаттамаларымен сиқырлап, таң қалдырады».