Нау 01, 2017 16:16 Asia/Almaty
  •  Жетекшілік хадисі 107

Жеке адам мен отбасына, қоғамға, тіпті саяси және экономикалық өмірге көптеген әсерін тигізетін ең маңызды ахлақи ерекшеліктердің қатарына сабыр сақтау мен байсалдылық жатады.

Құран Кәрімде асықпау деген сөз тікелей айтылмаған. Бірақ асығыстықты айыптағанына байланысты оған керісінше сабыр сақтау мен байсалдылықтың жақсы әрі жағымды сипат екенін түсінуге болады. Алланың елшісі: «Жұмыстарды асықпай, ойланып орындау Алланың, асығу – шайтанның ерекшеліктерінің бірі»,- деп айтқан болатын. Яғни, адам сөйлегісі немесе сұраққа жауап бергісі келгенде асықпағаны жөн. Сондықтан, бір істі орындағысы келген кезде алдымен оның барлық тұрғыларын бағамдап, содан кейін ғана оны орындауға асықпай кірісу керек. Имам Әли (ғ.с.)-ның рауаяттарының бірінде: «Егер, Алла қалағанда, аспандар мен жерді көзді ашып-жұмғанша жарата алатын еді»,- деген. Сондай-ақ, «Ясин» сүресінің 82-ші аятында: «Шын мәнінде Ол бір істің болуын қаласа, Оның бұйрығы оған “бол” деу. Сонда ол бола қалады»,- деп айтылған. Бірақ Алла Тағала өз пенделеріне сабыр сақтап, асықпаудың сабағын беру үшін аспандар мен жерді алты күнде немесе алты кезеңде жаратты. Сабыр сақтау мен байсалдылық сөз бен істе ойланып, ықтият сақтауға себеп болады. Сабыр сақтау мен байсалдылықтың арасынан шамалы айырмашылық байқалады. Сабыр сақтап, асықпау жұмысты бастамастан бұрын,  байсалдылық істі бастағаннан кейінгі ойлану. Имам Әли (ғ.с.) сөзінің бірінде: «Істі асықпай орындап, асығудан бойды аулақ салу мүмінді мазасыздық пен алаңдаушылықтан сақтайды»,- деген болатын. Хазірет сонымен бірге келесі бір сөзінде: «Тыныштық ақылдың, байсалдылық жомарттық, абырой мен ойдың тереңдігінің белгісі»,- деп айтқан. Яғни, егер адам тыныштықтан мақұрым болса, шын мәнінде осы уақытқа дейін балалық кезеңнен шықпаған және ақылы жеткілікті түрде дамымаған. Әр адам балалық кезеңнен алыстағаны сынды балалық іс-қылықтардан да алыстауы керек. Сол себепті адамның ісіне қарап, оның ақыл-өрісінің дамуын түсінуге болады. Байсалдылық  та сабыр сақтаумен бірге жүріп,  тыныштыққа себеп болады. Байсалдылық исламдық ахлақта ерекше маңыздылыққа ие. Алланың елшісі бұл сипаттың рөлі туралы: «Адамның жақсылығы оның киімі мен сыртқы сипаттарында емес, тыныштығы пен сабырлығында»,- деген («Мастадрак әл-Васаель» 1-ші том). Сабыр сақтап, асықпау – мүмін, Аллаға иман келтірген адамдардың ерекшеліктерінің бірі. Алланың елшісі бұл ерекшелік туралы: «Алла Тағала жанұяның жақсылығын қаласа, оның мүшелеріне сабыр береді»,- деген. Имам Садық (ғ.с.)-нан адамның ең көрке ерекшеліктері туралы сұрағанда ол: «Қорықпай, сабыр сақтау, сый талап етпей, жомарт болу және дүниенің ләззаттарына қызықпау»,- деп жауап берген. («Бихар әл-Анвар», 71-ші том). Құран Кәрім «Фұрқан» сүресінің 63-ші аятында Алланың пенделерін: «Рахманның құлдары жерде сыпайы түрде жүріп, оларға білместер тіл тигізсе де: “Сәлеметшілік” деп, дұрыс жауап береді»,- деп сипаттаған. Яғни, мүмін – тәкаппар және асығыстық білдіретін адам емес, керісінше қарапайым әрі сабырлы адам. Ол тіпті надандармен бетпе-бет келген кезде де асықпай, ашуланбай сөйлеседі.  Байсалдылыққа қарсы жеңілтектік тұрады. Рауаяттарда жеңілтектік жаман сипат әрі надандықтың белгісі ретінде көрсетілген. Жеңілтектікпен, ойланбай жасаған жұмыстар  адамды басқалардың алдында жексұрын етіп көрсетеді. Сондықтан мүмін адам басқалардың алдында беделінен айырылатын іс жасамауы керек. Имам Әли (ғ.с.): "Байсалды болу керек, өйткені асығыстықпен, ойланбай әрекет ететін  адам жексұрын болып көрінеді»,- деген болатын. Алайда, кейде сырт көзге баланың ісі болып көрінетін іс-әрекет шын мәнінде, дана әрекет болуы мүмкін. Мұндай істерге баланы мейірімділіктен кенде етпеу мақсатында  онымен ойнау немесе оған тәлім-тәрбие беру жатады. Исламның ұлық пайғамбары мен хазірет Әли (ғ.с.)-ның балалармен ойнауы еш уақытта олардың қоғамдағы беделін төмендеткен емес. Илаһи пайғамбарлар әрқашан халықтың ой-өрісіне көңіл бөлетін. Алланың елшісі: «Біз, илаһи пайғамбарлар халықпен олардың ақылдарына сай сөйлесуге міндеттелгенбіз»,- деп айтқан.  («Усул Кафи» 1-ші том). Бұл – ымыраға келу және үмбетке тәлім-тәрбие беру үшін қажет сипаттардың бірі.                                                                                                                                                                                                                                                                                                     

                                                                                                                                     

 

 

 

Тегтер