Иранның танымал тұлғалары (106)
Бүгінгі бағдарламада х.қ.ж.с.б. 9 ғасырда өмірде сүрген ирандық көрнекті жазушы, ғалым, астроном, математик әрі Құран тәпсіршісі Моулана Хосейн Ваез Кашефимен таныстырамыз. Бұл ирандық ойшыл әртүрлі салаларда құнды қызмет атқарып, өзінен кейін мәңгілік туындылар қалдырған.
«Моулана Хосейн Ваез Кашефи» деген атпен танымал Камаледдин Хосейн бен Әли Сабзевари Тимурилер дәуіріндегі ирандықкөрнекті жазушы, діни ғылымдардың білгірі, астроном, математик әрі Құран тәпсіршісі болған. Ол өзінің өлеңдерінде «Кашефи» деген лақап атты қолданған. Ол халыққа уағыз бен ақыл‑кеңес айтатын болғандықтан «Ваез» (уағыздаушы) деген атпен танымал болған. Ваез Кашефи Сабзевардағы Бейхақ ауданында дүниеге келген. Оның туған жылы туралы нақты мәлімет болмағанымен, туған жылы х.қ.ж.с.б. 835-840 жылдардың арасы деп айтылған. Кашефи өзінің бастапқы білімін сол заманда ғылымның ордасы болған Сабзевар қаласында алған. Табарси «Маджма ул‑Байян» кітабында: «Сабзевар сол заманда ислам, шариғат пен ғылымның бесігі болған»,‑деп жазған. Онда өте әдемі медреселер мен мешіттер бар. Бұл аймақтың ғалымдары бағзы заманнан бері шариғат ұстанып, дәріс беріп, уағыз айтумен айналысқан. Сондықтан бұл орта бүкіл ислам әлеміне атағы жайылған уағызшыны тәрбиелеуге дайын еді.
Кашефи Тимурилер дәуірінің соңында сұлтан Хосейн Байқара мен оның білікті уәзірі Әмір Әлішер Науаидың кезінде өмір сүрген.Кашефи діни ғылымдар, математика мен каллиграфияны жастық шағынан бастап үйреніп, содан соң сопылыққа бет бұрған. Ол сол заманда кең таралған ғылымдардың барлығында қатарының алды болған.
Молла Хосейн Ваез Кашефи әртүрлі ғылымдар, соның ішінде тәпсір, хадис, шешендік өнер, әдебиет, математика, оккульттық ғылымдар, астрономия және т.б. ғылымдар бойынша ерекше шеберлікке ие болған. Ол ұзақ жылдар бойы Сабзевар, Нишапур, Мешхед, әсіресе Герат қалаларында уағыз айтып, діни тағылымдар мен ақлақтық құндылықтарды насихаттаумен айналысқан. Ол әдемі де тартымды тілімен халыққа жетекшілік еткен. «Роузат ус‑Сафа» еңбегі авторының айтуы бойынша, ол жанға жайлы дауысымен уағыз бен насихат айтып, қолайлы сөздер және ишараттармен аяттардың мағынасы, илаһи сөздер, ұлы пайғамбардың хадистеріндегі құпиялар мен қиындықтарды түсіндірген.
Кашефи Сабзевардағы ұлы ұстаздардан білім алғаннан кейін өзі көрген түс бойынша Саадеддин Қашқариді іздеп табу үшін Нишапур мен Мешхед қалаларына аттанған. Алайда бұл ұлы ғалымның Герат қаласында қайтыс болғанын түсінген. Содан оның мазарын көру үшін Гератқа аттанған. Кашефи Моулананың кесенесінің басында Иранның атақты ақыны Нуреддин Абдуррахман Джамимен танысқан. Джами Кашефиді Нақшбандия тариқатының принциптері және негіздерімен таныстырған. Сол кісінің жетекшілігімен Кашефи Нақшбандия тариқатына бет бұрған.
Кашефи өз заманындағы ғылымдармен таныс болып, осы салаларда қызмет атқаруымен қатар, өз өмірінің көп бөлігін халық пенбилеушілерге уағыз айтып, жетекшілік жасаға арнаған. Ол уағыз айту мен шешендік өнерде өз заманындағы теңдессіз адам болған. Оның уағыз айту жиынына халық көп жиналатын болған. Мұнымен қоса, ізгі сөз бен баяндау стиліне ие болған Кашефи әнді жақсы айтатын болған. Ол осы илаһи нығметті сөз сөйлегенде қолданған. Осындай ерекше тәсілі тыңдарманды тарта түсуге көмектескен. Ол әдемі дауыспен Құран аяттары мен пайғамбардың хадистерін тыңдарманның жағдайына қолайлы сөйлемдер мен ишараттармен баяндаған.
Сұлтан Хосейн мырза Байқара х.қ.ж.с.б. 873 жылы билік басына келген соң Кашефидің орны мен танымалдығы арта түсті. Сұлтан Хосейн мырза Байқараның данышпан уәзірі Әмір Әлішер Науаи Кашефиді парсы тілінде көптеген кітаптар жазуға ынталандырған адамдардың бірі болды. Сондықтан оның еңбектерінің көбі осы екі адамға арналған. Осы дәуірде хадисшілер мен ұлы ғұламалардың ғана ықтиярында болған уағызшы мен құтпагер лауазымы Гератта Кашефиге берілген болатын. Ол жұма күндері таңертең сұлтанның Сайаде үйінде Әлішер Науаидің қатысуымен жұма намазы оқылған соң және әрбір сейсенбіде сұлтан медресесінде, әрбір сәрсенбі сайын қажы Абулуалидтің мазарында уағыз айтқан.
Кашефидің уағыз айту жиындарына Сұлтан Хосейн Байқара мен сарай маңындағылардың барлығы қатысатын болған. Әмір Әлішер Науаи оның уағыз айту жиындары жайлы өзінің «Маджалес ун‑Нафаес» атты кітабында былай деген: «Баршаға мәлім болғандай, ол өте жақсы уағызшы болған. Әлемде адамзат баласының арасында одан жақсы уағызшы болған жоқ, болмайды да. Уағыз айту жиындарында ол қаншалықты шебер тіл қолданса, соншалықты адам көп жиналатын. Халықтың көптігі соншалықты кейбір адамдар кептелісте өліп қалудан қорқатын. Халықтың көп жиналуының себебі моулана Кашефидің әуезді үнмен ғибратты әңгіме айтуында болатын. Оның дауысы сондай жағымды да жұмсақ еді. Шын мәнінде, хазірет Дәуіттің (ғ.) дауысы Кашефидің дауысынан көрініс тапқандай. Мұхаммедтің (с.ғ.с.) үмбетінде Дәуіттің сипаттарына толық ие болған адам болса, ол Кашефиден басқа ешкім емес. Ол ғалымдығымен қоса, әлемде шешендік өнерімен танылған. Уағыз айту жиындарында моулана Кашефидің уағыздарын түгел қағаз бетіне түсіріп отырған адам болған. Уағыз аяқталғанда ол проза тілімен жазылған уағызды халыққа оқып беретін».
Тазкаре жазушылардың уағыздан кейін Кашефиге қатысты атаған келесі бір қасиеті оның астрономия мен оккульттық ғылымдарды меңгеруі болды. Әмір Әлішер Науаи өзінің «Маджалес ун‑Нафаес» атты кітабында, басқалар да өз еңбектерінде осы жайтқа тоқталған. Кашефидің заманында өмір сүрген тарихшы Хантемір «Роузат ус‑сафа» атты еңбегінде былай деп жазған: «Ол астрономия ғылымында өз заманындағы теңдессіз маман болды. Басқа ғылымдарда да қатарластарымен тең түскен. Оның «Асар‑е сабае» атты еңбегі астраномияға арналған. Кашефидің тәпсірлері де оның Құран Кәрімге қызығушылығы мен Құран тәпсірлерімен таныс болғанын көрсетеді. Бұлармен қоса, оның әдебиет пен тарихтағы білгірлігі мақтауға тұрарлық. Осы мамандықтың арқасында ол өзінің тарихи еңбектерін тарихи‑әдеби қосынды түрінде жазып, тарих ғылымының нақтылығына жүгінуден бұрын әдемі де тартымды прозаға көңіл аударған.
Тарихшылар мен тазкаре жазушылардың көбі Кашефидің қайтыс болған жылын х.қ.ж.с.б. 910 жыл, қайтыс болған мекені деп Гератты жазған. Одан Фахреддин Сафа Әли деген ұл қалды. Ол да әкесі сияқты атақты уағызшы болып, әртүрлі еңбектер жазып қалдырған. Ол да Нақшбандия тариқатын ұстанып, х.қ.ж.с.б. 930 жылы қайтыс болған. Әкесінің «Асрар‑е Қасеми» кітабын түзетуден басқа бірнеше еңбегі бар. Соның ішінде х.қ.ж.с.б. 909 жылы аяқтаған Нақшбандия шейхтерінің өмірін баяндауға арналған «Рашахат ейн ул‑хайят» еңбегін, әртүрлі әңгімелерден тұратын «Латаеф ут‑Таваеф» атты еңбегін, Құран әріптерінің қасиеттері мен сырлары туралы жазылған «Хезр ул‑аман мән фатан ахер уз‑заман» мен «Махмұд пен Айяз» атты поэмасын атауға болады.