Сәу 06, 2017 17:06 Asia/Almaty
  • Иранға сапар (218)

Қала тұрғындары санының күн сайын артып отырғанына байланысты үлкен қалалар тұрғындардың бос уақыттарының бір бөлігін өткізуі үшін арнайы мәдени және ойын-сауық орталықтардың болуын қажет етеді. Мәдени және ойын-сауық орталықтарын салудағы мақсат салауатты ойын-сауық пен халықтың көркем шығармалық талғамын жан-жақты тәрбиелеу үшін қоғамдық орындар қалыптастыру болып табылады. Басқа сөзбен айтқанда, мұндай орталықтар адамдарды өз қабілеттерін көрсетуге ынталандыру үшін салынады.

Теһран облысындағы қалаларда, соның ішінде Теһран қаласында тұрғындардың демалыс уақыттарын өткізуінде әсерлі рөл атқаратын мәдени және ойын-сауық орталықтарының бірі – мәдениет үйлері.  Мәдениет үйлерінің ең маңызды функциясы жасөспірімдер мен жастарды дұрыс жолда тәрбиелеу, білім беру мен ойын-сауықты қатар алып жүру.

Иранда Ислам революциясы жеңіске жеткеннен кейін халықтың әртүрлі әлеуметтік топтарының демалыс уақытын жақсырақ ұйымдастыру және балалар, жасөспірімдер мен жастардың мәдени-көркемдік белсенділіктерін дамыту мақсатында Теһранның әртүрлі аудандарында көптеген мәдениет үйлері салынды. Көзделген мақсаттарға орай, Теһранның мәдениет үйлері бірнеше бөліктен – кітапхана, оқу залы, қойылым залы, амфитеатр, білім беруге арналған көптеген бөлмелер мен галереядан тұрады. Кейбір мәдениет үйлері орналасқан жері мен арнайы бағдарламасына байланысты кинотеатр, спорт кешені, баспахана, сауда орталығы мен басқа да бөлімдермен жарақталған. Мына мәселені айтқан жөн: кейбір мәдениет үйлері халықтың қажеттілігі мен қолдауын ескере отырып, белгілі бір салаларда жарақталған. Мысалы, «Құран» мәдениет үйі осы қасиетті кітапқа қатысты әдеби-көркемдік жұмыстарды атқару, өнер иелеріне Құранға қатысты көркем туындылар жазуға қолдау көрсету және қоғамдағы әртүрлі әлеуметтік топтардың Құран мәдениетімен танысуы мақсатында х.ш.ж.с.б. 1379 жылы (2000 жылы) ашылды. «Құран» мәдениет үйі бұл қасиетті кітапты ой мен амал салаларына тереңдей енгізіп, қоғамның әртүрлі сатыларында Құран мәдениетін негіздеуге талпыныс жасайды. Бұл мәдениет үйі баяндама жасау залдарымен қоса, кинотеатр, театр, мамандандырылған кітапхана мен Құранды зерттеуге және жаттауға арналған компьютерлері бар зертханалар мен үлкен Құран мұражайынан тұрады. Бұл мұражайға сирек кездесетін Құран кітаптары қойылған.

«Өнер» немесе «Арасбаран» мәдениет үйі – Теһран қаласында жұмыс істейтін мәдениет үйлерінің бірі. Ол х.ш.ж.с.б. 1374 жылы (1995 жылы) ашылған. «Арасбаран» мәдениет үйі өнер мен мәдениет саласында маңызды әрі әсерлі орталықтардың бірі ретінде әйгілі өнер майталмандары, ұстаздар, зерттеушілер мен өнер сүйер қауымды қабылдайды.

«Арасбаран» мәдениет үйіндегі ұлттық және халықаралық салалардағы әралуан бағдарламалар мен көптеген шаралар кино, музыка, театр, көркем сурет, әдебиет және сәулет өнері клубтары арқылы қоғамдық қатынастар мен білім беру бөлімдері, мамандандырылған кітапхана мен галереямен қоса Теһран тұрғындарына қызмет етеді.

«Өнер» мәдениет үйі Иранның дәстүрлі өнер түрлерінен, соның ішінде кескіндеме, кілем тоқу, алтынмен аптау, каллиграфия, шайханаларға арналған суреттер салу, шығарма жазу, мәтінді түзету, әртүрлі материалдардың бетіне сурет пен жоба салу бойынша сабақ беретіндіктен, жастарды тәрбиелеп, өсірудің орталығы саналады.  Мәдениет үйінің ең маңызды бөліктерінің бірі – 300 шаршы метр ауданды алып жатқан мамандандырылған кітапхана. Онда әйелдер мен ер адамдарға арналған екі бөлек зал бар.  Бұл кітапханада парсы және латын тілдерінде әртүрлі өнер салаларына (сәулет өнері, кескіндеме, графика, кинотеатр, театр, мүсіндеу және қыштан бұйым жасау және т.б.), әдебиет, тарих, психологияға арналған 17 мың томға жуық кітап бар. Сонымен қатар ол әртүрлі мәдени-көркемдік басылымдарды (газеттер мен журналдар) оқырмандарға ұсынады. Мәдениет үйінің келесі бір бөлігі – қойылым залы мен өнер галереясы. Мұнда әртүрлі қолөнер бұйымдары ұсынылады. Мәдениет үйінің фотогалереясы да әртүрлі көрмелер өткізу арқылы осы орталықта жұмыс істейді.

«Қанун» немесе «Ибн Сина» мәдениет үйі х.ш.ж.с.б. 1373 жылы (1994 жылы) ашылды.  Бұл мәдениет үйін ашудағы ең маңызды мақсаттар төмендегідей: мәдениет пен өнерді тарату мақсатында мәдени-көркемдік жұмыстарды ұйымдастыру және өткізу, өнер иелері мен зиялыларды тарту және оларға қолдау көрсету, мәдени-көркемдік қабілеттерге ие адамдарды табу және оларды тәрбиелеу, жанұялардың қатысуына қолайлы кеңістік қалыптастыру. Бұл мәдениет үйі алғашында «Ибн Сина» атымен өз жұмысын бастады.

Х.ш.ж.с.б. 1379 жылдың бахман айынан бастап  (2000 жылы) Теһранның мәдениет үйлеріне өзіндік болмыс беру жобасын орындау барысында бұл орталықтың аты «Қанун» (Ибн Синаның медицина саласынадғы ең танымал еңбегінің аты) деп өзгертілді. Х.ш.ж.с.б. 1385 жылы (2006 жылы) ол қайтадан «Ибн Сина» деп атауын өзгертті. Қазіргі таңда бұл мәдениет үйі  өзгерістер жасалып, кеңістіктер қосылған соң 1250 шаршы метр ауданды алып жатқан екі қабатты ғимаратта жұмыс істеп жатыр. Онда амфитеатр, 50-60 көркем туындыны сыйдыра алатын галерея, оқу бөлмелері, әкімшілік бөлімдер мен қолөнер бұйымдарын сататын дүкен бар.

«Ибн Сина» мәдениет үйінің қоғамдық және аймақтық салалардағы басты жұмыстары әртүрлі білім беру, мәдени-көркемдік және кәсіби шеберлікке ие болу курстарын өткізу болып табылады. Балалар мен ересектерге арналған қойылымдар мен музыкалық концерттер өткізу, фильм көрсету, мәдени-көркемдік фестивальдер өткізу, ерікті қоғамдар құру, әртүрлі конференциялар мен форумдар өткізу, діни, ғылыми және мәдени бағдарламалар, жазға арналған бағдарламалар, мәдени-көркемдік көрмелер өткізу – осының барлығы «Ибн Сина» мәдениет үйінде атқарылатын шаралардың қатарына жатады. Осы мәдениет үйінде өткен жылдарда атқарылған ең көрнекті шаралардан Теһран қаласының танымал тұлғаларын марапаттау рәсімдері тізбегін атауға болады. Мұнда белгілі бір оқиғаға арналған мерекелік және қайырымдылық шаралары, мейрамдар, аза тұту рәсімдері, фестивальдер мен тағы басқа бағдарламалар өткізіледі.

«Бахман» мәдениет үйі Иранда Ислам революциясы жеңіске жеткеннен кейін салынған алғашқы ең үлкен мәдениет үйі ретінде ерекше маңызды.  Бұл мәдениет үйі х.ш.ж.с.б. 1370 жылы (1991 жылы) Теһран қаласының оңтүстігінде 50 мыңнан астам шаршы метр ауданда салынып, әсерлі мәдени орталықтардың бірі ретінде әртүрлі ұйымдар мен мекемелердің көптеген ірі мәдени-көркемдік бағдарламаларын орындап келеді. «Бахман» мәдениет үйі – ең алғашқы жергілікті емес өнер ордасы болып табылады. Ол қысқа уақыттың ішінде басты мәдениет үйінің үздік орнына ие болып, Теһран мен басқа қалалардағы мәдениет үйлерінің үлгісіне айналды.

Мәдени-көркемдік, спорттық, діни шаралар өткізіп, білім беруге толық мүмкіндік жасау кез-келген жастағы топтардың мәдениет үйінің әртүрлі бағдарламаларын қолдана алуына жағдай жасады. Бұл мәдениет үйі күніне өте көп қала тұрғындарын қабылдайды. Олар алуан түрлі мүмкіндіктерді пайдалану үшін осы орталыққа келеді. Бірегей ерекшеліктеріне байланысты мәдениет үйінің әрбір бөлігі кеңістігінің кеңдігі мен бағдарламаларының сапасы тұрғысынан үлкен мәдени орталықпен бірдей.

Бұл мәдениет үйінің визуалдық кеңістіктері ауқымдылық тұрғысынан әдетте Иранның әйгілі өнер иелері мен әлем елдерінің майталмандарын қабылдауға мүмкіндік береді. Бұл оған халықаралық мәртебе сыйлады.

Мәдениет үйінің оқу бөлімі Теһрандағы мәдениет үйлерінің ең үлкен оқу орталықтарының бірі болып табылады. Білім салаларын қайта жаңырту және қайта тану, қоғамның мәдени-ғылыми деңгейін жоғарылату мақсатын көздейтін бұл орталық тәжірибелі ұстаздардың көмегімен Құран, өнер, ғылым, спорт салаларындағы 100-ден астам пән бойынша дәріс беріп, қызмет көрсетеді. Бұл оқу бөлімі 20 жылдан астам тәжірибесімен Теһран әкімшілігінің Өнер және мәдениет ұйымының ең көне оқу орталықтарының бірі саналып, ең көп оқушысы бар оқу орталығы болып табылады. Бұл мәдениет үйінде әрбір семестрде 5-7 мың оқушы білім алады. Мұнда қолөнер түрлері, декорация жасау, бейнелеу өнерлері, музыка, тіл, компьютер, Құран, ғылым мен әдебиет салалары бойынша көптеген курс өткізіледі.   

Бұл мәдениет үйінде жастар мен жасөспірімдер арасында ғылыми-техникалық ұғымдарды тарату мақсатында Зиракзаде ғылыми қоғамының әріптестігімен Қажы Насыреддин Туси атындағы ғылыми-техникалық зертхана жұмыс істейді. Бұл залды күніне жүздеген адам тамашалайды. Онда электр, тербеліс, нұр мен оптикаға қатысты әртүрлі ғылыми құралдар, геология мен пайдалы қазбалар, әуе-ғарыш, планетарийге қатысты нақпішіндер 600 шаршы метр  аудандағы кеңістікте орналастырылған. Бұл залда 300-ден астам ғылыми құрал әртүрлі сынақтан өткізу үшін қойылған. Бұлар әрбір көрерменді кіреберістен-ақ таңдандырып, қошемет білдіруге ынталандырады.

Айтылған жайттармен қатар, әртүрлі қойылымдар, классикалық музыка концерттері, ұлттық және халықаралық спорттық жарыстар мен өнер көрмелерін өткізу де осы мәдениет үйінде атқарылған  шаралардың қатарын құрайды.

«Ғылымдар» мәдениет үйі х.ш.ж.с.б. 1381 жылдың ордибехешт айында (2002 жылы) Теһранның барлық тұрғындарына мәдени-көркемдік қызметтердің саны мен сапасын жоғарылату қалыбында қалалық мәдениетті дамыту мақсатында өз қызметін бастады. Бұл мәдени үйдің негізгі мақсаттары қала тұрғындарының күнделікті өмірінде ғылыми көзқарасты тарату, ғылымды қарапайым тілмен жеткізу, ғылыми-практикалық  оқулар арқылы қоғамның әртүрлі топтарына тиімді ғылыми жағдай жасау, қала тұрғындарының қарым-қабілетіне сәйкес ғылыми кеңістікке қатысу мүмкіндігін тудыру, қабілеттерді дамыту үшін білім мен тәжірибені ұштастырып, ғылыми-техникалық қабілеттерді ашу болып табылады.

«Ғылымдар» мәдениет үйі қоғамдағы қоғамға қажет дүниелерді анықтап, дарынды жастарды тауып, оларды тәрбиелеу арқылы жастар мен жасөспірімдерді ғылым мен білім үйренуге ынталандырып,  ғылым мен таным саласындағы ойшылдар, көнекөз тұлғалар мен ғылымға қызмет етушілерді марапаттау мақсатында әртүрлі форумдар өткізу арқылы жастардың ардагерлердің өмір жолын өз өмірлеріне үлгі етіп алуына жағдай жасауға талпыныс жасайды.  

 

Тегтер