Иранның танымал тұлғалары (108)
Моулана Хосейн Ваез Кашефидің «Роузат уш Шохада» атты еңбегі ғасырлар бойы аза тұту рәсімдерінде, әсіресе мұхаррам айында оқылатын ең маңызды мәтіндердің бірі болған. Бұл кітап жоқтаушылар арқылы халық арасында өзінің ықпалын сақтап қалды. Бұл кітап имам Хосейнді (ғ.с.) жоқтаушылар арасында қолдан қолға өтіп, нұсқа жазушылар одан мыңдаған нұсқа жазған. Бүгінгі бағдарламада Моулана Хосейн Ваез Кашефидің осы еңбегімен таныстырамыз.
Өткен екі бағдарламадағы тақырыпты жалғастырып, х.қ.ж.с.б. 9 ғасырда өмір сүрген ирандық көрнекті жазушы, ғалым, астроном, математик әрі Құран тәпсіршісі Моулана Хосейн Ваез Кашефи жайлы сөз қозғаймыз. Бұл ирандық ойшыл әртүрлі салаларда құнды қызмет атқарып, өзінен кейін мәңгілік туындылар қалдырған. Бағдарлама көңілдеріңізден шығады деп үміттенеміз.
Айтып өткеніміздей, Тимурилер дәуірінде (х.қ.ж.с.б. 9 ғасырда / Григориан күнтізбесі бойынша 15 ғасырда) өмір сүрген ирандық еңбекқор жазушы, діни ғылымдардың білгірі, астроном, Құран тәпсіршісі, математик, ықпалды әрі көрнекті уағыздаушы «Моулана Хосейн Ваез Кашефи» деген атпен танымал Камаледдин Хосейн бен Әли Сабзевари бастауыш білімін сол заманда ғылым-білімнің ордасы болған Сабзевар қаласында алып, содан соң Мешхед пен Герат қалаларына аттанған. Ол ұзақ жылдар бойы діни тағылымдар мен ақлақтық қасиеттерді уағыздап, үгіт‑насихат жасаумен айналысқан. Сұлтан Хосейн Байқара билік басына келіп, оның білікті уәзірі Әмір Әлішер Науаи өнер мен әдебиет майталмандарына қолдау көрсеткен соң Кашефидің орны мен танымалдығы арта түсті. Ұлы хадисшілер мен ғұламаларға берілетін уағыз бен құтпа айту орны Гератта Кашефиге берілді. Кашефи Джами арқылы Нақшбандия тариқатымен танысқан. Сонымен қатар айтып өткеніміздей, Кашефиден проза мен поэзия саласында көптеген еңбектер қалған. Бүгінгі бағдарламада осы қадірменді ғалымның «Роузат уш‑Шохада» атты еңбегін талдаймыз.
Моулана Хосейн Ваез Кашефидің «Роузат уш‑Шохада» атты еңбегі ғасырлар бойы аза тұту рәсімдерінде, әсіресе мұхаррам айында оқылатын ең маңызды мәтіндердің бірі болған. Бұл кітап жоқтаушылар арқылы халық арасында өзінің ықпалын сақтап қалды. Кітап имам Хосейнді (ғ.с.) жоқтаушылар арасында қолдан қолға өтіп, нұсқа жазушылар одан мыңдаған нұсқа жазған.
Ваез Кашефи Тимурилер заманында көптеген діни және тарихи еңбектер жазған. Алайда оның пікірталас тудыратын ең маңызды еңбегі – «Роузат уш‑Шохада». Бұл туынды Ислам тарихындағы ең маңызды тақырыптардың бірі, яғни Кербала оқиғасы мен Ашураға тоқталғандықтан Иран тарихы мен әдебиетінде өте маңызды саналады. Бұл еңбектің маңыздылығы соншалықты, кейбіреулердің пайымдауынша, шиіттердің аза тұту рәсімдерін «Роузе» деп атаудың өзі осы кітаптың атауынан алынған деседі.
«Роузат уш‑Шохада» жазылған Тимурилер заманының соңғы кезіндегі саяси және діни жағдай бұл еңбекке қатты ықпал еткен. Тимурилердің билікке келген кезіне қысқаша шолу жасай келіп, Тимурилер әулеті билігінің басталумен бір мезгілде Иранның қалаларындағы саяси және діни жағдайдың шиіттердің мүддесіне сай болғанын және Тимурилердің бұдан хабардар болғанын көруге болады. Тимурилер әулетінің бірінші әмірі Ақсақ Темір өз мүддесін ескере отырып, сонымен қатар діни қақтығыстардан бас тарту үшін Иран шиіттерінің қолдауына ие болуға тырысты. Көптеген тарихшылар мен зерттеушілердің сенімінше, Ақсақ Темірдің ирандық шиіттерге көңіл аударуы оның жүрек қалауы мен сенімінен туындамаған. Тарихшылар шиіттердің залым билеушілермен күресуші рухын осы көңіл аударудың басты себебі санаған. Тимурилер Иранға кірген алғашқы кезде ирандық шиіттер, әсіресе Гилян мен Мазандеран аймақтарында оларға қарсылық көрсеткен. Шиіттердің күннен күнге артып келе жатқан күш-қуатынан хабардар Тимурилер кек алуға емес, шиіттердің қолдауына ие болуға талпыныс жасады.
Бұл заманда шиіттердің сейіттері ғана Тимурилер үкіметі мен Ақсақ Темірдің қолдауына ие болып қана қойған жоқ, осы мазхабтың ұлы тұлғалары да шиіттік ағымды ұстанатындардың саяси және діни жағдайын сақтауды мақсат тұтып, осылайша билеушілердің халыққа зорлық-зомбылығын азайтуды көздеген. Тимурилер заманының кейбір жылдарында шиіттік идеология ықпалының зор болғандығы соншалықты, тиындардың бетіне имамдардың аттары жазылатын болған, шиіттер сұлтан сарайына еніп, министр дәрежесіне дейін көтерілген. Шиіттер сұлтан Хосейн Байқараның кезінде, яғни Ваез Кашефи өмір сүрген тұста Тимурилердің Гераттағы орталық билігін өз қолдарына алып, орасан зор ықпал мен маңыздылыққа ие болған. Бұл ықпалдың зор болғаны соншалықты, тарихшылардың сенімінше, сұлтан Хосейн Байқараны шиіттік мазхабты ресми түрде тануға итермелеген. Алайда ақсүйектер мен ықпалды тұлғалар оған қарсы шыққан соң сұлтан шешімінен қайтқан. Жалпы алғанда Тимурилер заманының соңғы жылдарын саяси және діни тұрғыдан шиіттік мазхабтың басқа мазхабтарға ықпалы мен үстемдігінің дәуірі деп атауға болады. Бұл заманда шиіттік мазхабтың әртүрлі әдеби, көркемдік және тарихи салалардағы рәсімдері пайда болып, осы саяси-діни жағдайдың әсерімен толығымен шиіттік болмыстағы туындылар жазылды.
Моулана Хосейн Ваез Кашефидің «Роузат уш‑Шохада» атты еңбегі Тимурилер заманының соңғы жылдарындағы ең маңызды әдеби және тарихи кітап болып табылады. Бұл кітап Иран халқы арасында танымалдыққа ие болды. Сондай-ақ, өзінен кейінгі жазушыларға, әсіресе Сефевилер заманынан Қаджарлар заманына дейінгі жазушылар арасында әйгілі болған. Автордың мойындауынша, оның қартайған шағында жазылған бұл еңбек 10 тараудан тұрады. Бұл кітапта автор алдымен пайғамбарлардың тарихын баяндап, содан соң ислам пайғамбарының өмірін баяндаған. Сосын басқа имамдардың өмірлері жайлы сөз қозғаған. Бұл кітапта автордың негізгі мақсаты болған Кербалаға қатысты бөлімі бәрінен көлемдірек жазылған.
Ваез Кашефи шебер уағызшы ретінде көптеген ғылымдармен таныс болған. Уағызшы үшін өте қажет ғылымдардың бірі – тарих. Ол әсіресе діни тарихтан – пайғамбарлар, имамдар мен сахабалар тарихынан хабардар болуы керек. Кашефидің еңбектері оның бұл салада жақсы танымының болғанын және сол заманда қолжетімді болған кітаптарды бірнеше қайтара оқығанын көрсетеді. Тіпті, егер Кашефиді Гераттағы жамағат алдында уағыздан кейін «роузе»-жоқтау айтпады деп есептесек те, оның заманында Сабзевар мен Гератта аза тұту рәсімдерінің өткізіліп тұрғанын білеміз. Тарихшылардың сенімінше, бұл аза тұту рәсімдері әдетте жоқтаумен қатар жүрген, яғни соған қажетті дайын мәтіндер де болған. Ваез Кашефи «Роузат уш‑Шохада» атты еңбегінің бір бөлігінде мұхаррам айына тоқталып, сол айда оқылатын кітаптарды талқылап, оларды имамдардың өмірлері мен Ашура оқиғасын толық баяндамайды деп санаған.
Кашефи сырттай алғанда Гераттағы «Сейіт Мырза» деген атпен танымал «Моршед ад-Доуле» есімді бір ақсүйектің тапсырысымен аза тұту рәсімдеріне арналған мәтін дайындауға шешім қабылдаған. Ол имам Хосейн (ғ.с.) үшін жас төгудің маңыздылығын айтқан соң, жыл сайын мұхаррам айы келіп жеткенде пайғамбар әулетін сүюшілер шәһидтердің көрген тауқыметін еске түсіріп, пайғамбардың балаларын жоқтайды. Жүректер осы оқиғаға байланысты ауырып, көздер қан жылайды:
Ей, ғазиздер, пайғамбар ұрпағының қайғысына налыңдар.
Кеудені Кербала шахының қасіретіне орай өртеңдер.
Шөл қысқан жанды жоқтап, көзден жас ағызыңдар.
Жылай отырып, күлімдеген жүзді еске алыңдар.
Кашефи сөзінің жалғасында осы рәсімдерде оқылатын мәтіндердің қысқалығына тоқталып: «Сол себепті сейіт Мырза маған «Тауқымет көрген әулет, пайғамбарлар, таңдаулылар, шәһидтер және басқа да Алланың жолында жан қиғандардың жағдайын егжей-тегжейлі баяндайтын» мәтіннің толық нұсқасын жазып шығуға бұйрық берді»,-деді. Кашефи өз кітабында 72 адамның қалай шәһид болғанын егжей-тегжейлі баяндауға тырысқан, өйткені оның сенімінше, Ашура оқиғасы туралы жазылған еңбектердің көбінде осы күрескерлердің майдандағы жағдайы толық баяндалмаған, олардың аттары ғана аталып, олар жайлы шығарылған өлеңдер ғана келтірілген.