Maм 04, 2017 12:07 Asia/Almaty
  • Иран базары (1)

«Иран базары» атты бағдарлама қарсыласу қозғалысы мәдениетін тарату және экспортты ұлғайту мақсатында Иранның ауыл шаруашылығы, ғылымы мен өнеркәсібі салаларында өндірілген ең маңызды өнімдеріне қысқаша шолу жасауға арналған. Бағдарламаның бірінші бөлімінде Иранның пістесін таныстырамыз.

Иран базары

Иран жерінің ұлан-ғайырлығы мен оның географиялық жағдайының ерекшелігі бағзы замандардан бері осы елдің халқына көптеген экономикалық мүмкіндік сыйлады. Тіпті ирандықтардың ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп саласындағы көптеген  өнімдерінің тарихы мен әлемдік орны бар. Қолайлы климат және географиялық жағдаймен бірге Иранның оқыған білікті мамандары іргелі ғылымға негізделген компаниялар құрып, соңғы жылдары36 өздерінің көптеген өнертабыстары, жаңалықтары мен инновацияларын тіркеу арқылы әлемге айтуға тұрарлық сөздерінің барлығын көрсетті. «Иран базары» атты бағдарламада ирандықтардың талпыныстарының бір бөлігі мен экономиканың әртүрлі салаларындағы өнімдерімен таныстыратын боламыз.

Егін шаруашылығы немесе өсімдікті мақсатты түрде егу тарихы адамзат баласы өркениетінің тарихымен бір кезде басталған. Иран әлемде егін шаруашылығы басталған алғашқы жерлердің бірі көрінеді. Вавилов сияқты ғалымның пікіріне сәйкес, Иран егілетін өсімдіктердің негізгі орталықтарының бірі әрі бастауы болып табылады. Иранның әртүрлі жерлерінен, соның ішінде Чағаглан (Элам облысының Мехран алқабы), Кашандағы Сиалк төбесі мен Шуш қаласынан табылған тарихи және археологиялық заттар ирандықтардың ғасырлар бойы жабайы өсімдіктердің арасынан егілетін негізгі түрлерді сұрыптап алғанын көрсетеді. Олар жер асты су желісі қаннат қазу және әртүрлі суландыру тәсілдерін қолдану арқылы дамыған егіс жүйесінің негізін қалаған. Орыс шығыстанушысы Петрушевский (1898-1977) Сасанилер дәуірі тарихына (224-651жж) қатысты еңбектерінің бірінде Иранда әртүрлі миуа ағаштары, көк шөптер мен гүлдердің егілетіндігіне тоқталған. Осындай ағаштардың бірі – пісте ағашы.

Пісте

Адамдар ерте замандардан бері пістені дәмді, пайдалы әрі қуат беретін азық түрі ретінде пайдаланған. Кейбір көне діни кітаптарда да бұл жаңғақ жайлы сөз қозғалған. Мұхаммад бен Джарир Табари (х.қ.ж.с.б. 3 ғасыр)  пістенің пайда болуын хазірет Адамның (ғ.с.) жерге түсуімен байланыстырып: «Құдай  Адамды (ғ.с.) жерге түсірген кезде берген жемістері 30 түрлі болған. Соның 10-ы қабығы бар жеміс, 10-ы дәні бар жеміс, қалған 10-ы қабығы мен дәні жоқ жеміс болған. Қабығы бар жемістердің арасында жаңғақ, миндаль мен пісте және т.б. бар»,-деп жазған.  

Пісте ағашы

Тауратта да пісте жайлы айтылған. «43 сапар» тарауында пістенің пайда болуы жайлы былай деп жазылған: «Жақып ұлдарын Жүсіптің сарайына жіберер кезде сыйлық ретінде өз жерінің өнімдерін апаруға кеңес береді». Осы сыйлықтардың арасында бал, шайыр (трагаканта) мен пісте аталған.

Пісте

Пісте ағашының пайда болған жері туралы әртүрлі көзқарас бар. Бұл зерттеушілердің пістенің белгілі бір түрі жайлы сөз қозғамай, пісте беретін әртүрлі ағаштарға көңіл аударуы себебінен туындауы мүмкін. Сондықтан әртүрлі жерлер пісте ағашының өсетін жері ретінде аталған. BRITANICA сияқты әртүрлі энциклопедиялар пістені Иранның жергілікті ағашы деп атаса, Americana энциклопедиясы Батыс Азияны пісте ағашының пайда болған жері деп санайды. «Ирандық пісте» атты кітаптың авторы Мұхаммад Хасан  Абришами пістенің пайда болған жері жайлы: «Алдымен Парттар, содан соң Хорасан деп аталған жер – пісте ағашының ең алғаш өскен жері. Бұл ағаштың таралым аумағы батыста Нишапур аймағына дейін, ал шығыста Балх пен Амудария өзенінің екі жағалауы болған. Жоғарыда аталған аумақтан басқа ешбір жерде пісте ағашы өспеген. Сондықтан ежелгі замандардан бері Иранның пістесі тура осы аумақтан экспортталып отырған»,-деп жазды.

Ирандық пісте

Америкалық ирантанушы Бартольд Луфер 1926 жылы Иранның кейбір жергілікті жемістері мен өсімдіктері туралы зерттеулерін жариялап, пісте туралы: «Бұл жаңғақтың бір түрі ежелгі замандардан-ақ ирандықтардың өмірінде айрықша маңызды болған»,-деді. Оның ойынша, грек пен латын сияқты еуропалық тілдер мен араб, түрік, орыс және жапон тілдеріндегі пісте ағашының атауы ирандық атаудан алынған. Ол әртүрлі замандарда басқа халықтарға таныстырылған. Бұл ағаштың атауы ежелгі парсы тілінде «пистака», ал орта парсы тілі – пәхләви тілінде «пистак» деп айтылса, жаңа парсы тілінде «песте» деп айтылады.

Ирандық пісте

Ирандық жазушы әрі тілтанушы марқұм Парвиз Нател Ханлари (х.ш.ж.с.б.1292-1396) да өзінің бір еңбегінде осы сөзді растап, пісте ағашының Ираннан бастау алған өсімдіктердің бірі екенін және оның атауының аздаған өзгеріспен басқа елдердің халқына таралғанын жазды. Оның пайымдауынша, пісте – Соғдиана мен Хорасанның солтүстігіне тән ағаш әрі әлі күнге дейін негізгі өсімдіктердің бірі саналады. Бүгінде пісте АҚШ, Түркия, Тунис пен кейбір еуропалық елдерде де өндіріледі, алайда Иранның пістесі басқа елдерге қарағанда өте жоғары сапаға ие.

Ирандағы пісте бағы

Иранда пістенің 90 түрі анықталған. Олардың бірқатары ауқымды түрде өндіріледі. Мысалы, Аухеди (немесе фәндуқи, коммерциялық атауы – Round), Ахмади (коммерциялық атауы – Super Long), Кәлле қучи (ең ірі пісте, коммерциялық атауы – Jumbo), Ахмад Ағаи (коммерциялық атауы – Long). Ал қалғандары шектеулі түрде шашырай егіледі.

Ирандық пістенің ең маңызды түрлері

Бүгінде бұл өнім елдің облыстарының көбінде, соның ішінде Керман, Йезд, Оңтүстік Хорасан және Орталық Хорасан, Фарс, Семнан, Систан мен Белучистан, Исфахан, Қазвин мен Теһран облыстарында егіледі. Иран осы өнімді әлемге шығаратын ең маңызды мемлекет саналады.

Пісте – Иранның «күлімдеген» байлығы

Пістеде көптеген емдік қасиеттер бар. Соның ішінде осы дәмді дәнектің пайдасы ондағы тағамдық құндылықтың жоғарылығына байланысты. Пістеде темір мол. Адам денесі темірді тез сіңіре алатын болған соң пісте қан аздық пен темірдің аздығын толтыру үшін қолайлы дән саналады. Пістеде мыс, калий, кальций, фосфор, магний мен В дәруменінің түрлері мол. Бұлар адамның иммундық жүйесін  нығайтуға өте қажет. Ми мен сананы нығайту, жүйкені тыныштандыру, асқазанның жұмысын жақсарту, зиянды холестерин мөлшерін азайту, жүректің жұмысын реттеу, көру қабілетін жақсарту, дененің асқорыту жүйесіне қажетті қоспалармен қамтамыз ету және т.б. пістені қолдану үшін айтылатын қасиеттердің қатарына жатады. Зерттеулер көрсеткендей, пісте жеу диабетке ұшыраған адамдардың күйзелісін бақылауға көмектеседі. Егер балғын да сау теріге ие болғыңыз келсе, күнде пісте жеуді ұмытпаңыз. Өйткені пістеде Е дәрумені бар. Ол сіздің теріңізді ультракүлгін сәулелердің зиянынан сақтайды. Иранның ежелгі медицинасы дененің жалпы денсаулығын нығайту үшін пістені белгілі бір мөлшерде жеуге кеңес береді.

Пістенің дәні  

Пісте әлемдік нарықта сұранысы жоғары ирандық өнімдердің қатарына жатады. Иранның пістесі әлемнің ондаған еліне экспортталады. Еуропа, Азия мен Америкадағы әлемнің көптеген елдері Иранның пістесін сатып алады. Германия, Испания, Италия, Швеция, Швейцария, Жапония, Ресей, БАӘ, Түркия, Қазақстан, Тунис, Канада, Чили мен Бразилия осындай елдердің қатарына жатады. Иран пістесінің сапасы мен дәмі пісте өндіретін басқа елдердің өз өнімдерін ирандық пістемен араластырып, басқа елдерге экспорттауына себеп болды. Немесе АҚШ сияқты елдер ирандық пістеге бірнеше жүз пайыздық тариф қою арқылы осы дәмді өнімнің өз еліне кіруінің алдын алады. «Bloomberg» экономикалық орталығының жазуынша, осылайша үкімет АҚШ-та пісте өндірушілердің алаңдаушылығын азайтуға талпынуда.

Әлемде пісте егетін ең маңызды аймақтар сары түспен белгіленген.