Maм 14, 2017 11:17 Asia/Almaty
  • Имам Реза (ғ.с) және өмір салты (5)

Разавилік өмір салтынына тән ерекшеліктердің бірі – Құранға құштар болу. Құрметті тыңдармандар, бүгінгі бағдарламамызда Құранның имам Реза (ғ.с)-ның өмірінде алатын орны мен рөлі жайлы сөз қозғаймыз.

Разавилік өмір салты

Алдыңғы бағдарламаларда айтып өткендей, әрбір адам мен қоғамға белгілі бір сенімдер немесе дүниетаным және құндылықтар әсер етеді. Материалдық игіліктерге негізделген дүниетаным және ләззат алуға бейімділік пен пайда көруге бағытталған құндылықтар әдетте ерекше өмір салтын қалыптастырады. Илаһи дүниетаным, кәмілдікке жету мен бақытқа қол жеткізуге бағытталған құндылықтар да өмір сүрудің ерекше салтын тудырады. Исламдық өмір салты бойынша, Құранға деген құштарлық және соның негізінде амал ету осы өмір салтының негізгі әрі маңызды тіректерінің бірі саналады.

Құран – Құдайдың өзі жаратқан тіршілік иелеріне жолдаған жазбаша міндеттемесі. Сондықтан, әрбір мұсылман осы илаһи міндетті назарға алып, күн сайын оның аяттарын оқып тұруы қажет. Құран – Құдайдың берік арқаны әрі оның сенімді тұтқасы, сондай-ақ, жаннатқа жеткізіп, тозақ отынан сақтайтын үлгі жолы. Имам Реза (ғ.с) Құранды көбірек оқудың маңыздылығын қуаттап, баршаны Құран оқуға ынталандырып отырған.

Имам Реза (ғ.с) Құранның көрнекті бейнесі болған, ал ол хазіреттің ахлақы Құран Кәрімнің элементтерінен құралған. Ол – Құранның сөз және іс жүзіндегі көрінісі, илаһи уәһи аяттардың бейнесі. Себебі, Құран мен оның аяттарына құштарлық оның тұла бойын жаулап, ол кісінің барлық сөзі Құран ұғымдарының тәпсірі мен түсіндірмелеріне арналған болатын.

Имам Реза (ғ.с)-ның өмір салты мен оның Құранға деген құштарлығына байланысты былай деп рауаят етілген: имам Реза (ғ.с) таң намазынан кейін Құранды ашып, оны дауыстап оқып, түнде ұйықтар алдында да Құран аяттарын оқып жататын. Құранда жаннат пен тозақ жайлы аятты оқыған сәтте ол кісінің көзіне жас келіп, Құдайдан өзін жаннатқа жіберуді сұрайтын. Риян бин Салат: "Хазірет Реза (ғ.с)-дан Құран жайлы пікірін сұрадым. Ол кісі: "Құран – Құдайдың сөзі. Оны оқудан қапы қалмаңдар, одан басқа жерден жол мен бағыт іздемеңдер. Себебі жолдарыңнан адасасыңдар",- деді.

Имам Реза (ғ.с) Ислам шариғаттары туралы хадисінде: "Ислам – одан басқа Құдай жоқ жалғыз Аллаға иман келтіру, яғни шындық пен қымбат кітабын растау болып табылады. Бұл кітапта ешбір бос әрі жалған нәрсе мүлдем кездеспейді. Бұл кітапты Құдайдың өзі жіберген. Құран оған дейін түсірілген аспандық кітаптардың барлық мазмұнын қамтыған. Онда басынан аяғына дейін тек ақиқат пен шындық айтылған. Біз оның берік әрі ұқсас, ерекше және жалпы нәрселер, уәде мен ескертулері, күшін жоюшы және күші жойылған нәрселер туралы аяаттары мен барлық қиссалары мен хабарларына иман келтіреміз. Құдай жаратқан мақұлықтарының ешқайсысы Құран секілді кітап әкеле алмайды (Аюн ахбар ар-Реза, 1: 262).

Құран Кәрім

Имамның серіктерінің бірі Хосейн бин Ахмад: "Имам Реза (ғ.с) бір күні Құран жайлы сөз сөйлеп, ондағы ұғымдардың ұлылығы, келтірілген дәлелдерінің айқындығы мен оның жүйесінің кереметі туралы: "Құран – Құдайдың берік арқаны, мықты тұтқасы және адамды жаннатқа бағыттап отыратын айқын әрі түзу жол. Құран құндылық пен өркендеу жолында тоқтамайды, себебі ол нақты бір заманға ғана арналмаған. Құдайдың дәлелдері барлық заманда өмір сүретін барша адам баласына арналған. Бұл дәлелдер ешбір өзгеріске түспеген, өйткені хакім Алла тарапынан түсірілген» (Аюн ахбар ар-Реза, 2: 282).

Құран Кәрімнің атауларының бірі «хадис» (жаңа, таза) болып табылады. Имам Реза (ғ.с) Құран Кәрімнің жаңа болуының, яғни ескірмеуінің себебі жайлы сөзінде: "Бір кісі имам Садық (ғ.с)-тан сұрапты: "Құранды тарату және үйрету кезінде жаңалық пен шаттықтан басқа ешнәрсе арттырмайтындығының себебі неде?"

Ол кісі: "Себебі Құдай Құранды нақты бір кезеңге байланысты түсірген жоқ нақты бір халыққа немесе ұлтқа арнап жібермеді. Құран кез келген жаңа заманда және кез келген қауым үшін қиямет күніне дейін тек жаңашылдық пен шаттық әкеледі",- деп жауап берген (Аюн ахбар ар-Реза, 2: 167).

Имам Реза (ғ.с) Құранның адамзат баласының рухани және материалдық өміріндегі адам мен қоғамның барлық қажеттіліктерін қамтамасыз ете алатынын айтып: "Құдай Пайғамбарын өзіне шақырды. Оған дінді толығымен түсіндіріп, Құранды түсіріп, Құранда халал, харам, шектеулер мен ахкамдар және адамға қажет басқа кез келген нәрсе толығымен баян етіліп, түсіндірілген",- деген.

Имам Реза (ғ.с) өзінің қозғаған тақырыптарын, жауаптары мен дәлелдерінің барлығын Құранға сүйеніп айтқан. Ол кісі үш тәулікте бір рет қатым Құран түсіріп: "Егер бұл уақыттан аз уақытта аяқтағым келсе, қолымнан келеді. Себебі, үш күндік қатымда ешбір аятты тастамаймын. Тек оның мақсаты мен неге байланысты және қашан түсірлгені жайлы ойланатыным болмаса. Сол үшін осындай Құран қатым түсірілу үдерісі үш тәулікке дейін созылады» деген.

Имам Реза (ғ.с) жан-жақтылық жайлы кеңес беріп, ислам Пайғамбары (с.ғ.с)-ның сөздеріне сілтеме жасайды: "Өз үйлеріңде  Құранды дауыстап оқыңдар. Себебі, әр адам өз үйінде Құран оқитын болса, сол үйдің тұрғындарының істері жеңілдей түсіп, ол үй жақсылық пен берекеге толады. Ал Құран оқылмайтын үйдің тұрғындарының істері қиындай түсіп, ол үйден ырыс пен береке кетіп, тұрғындары зиян шегеді",- деп айтқан.

Моамар бин Халад: "Имам Реза (ғ.с)-дан: "Таң намазынан кейін адам Қасиетті Құранның елу аятын дауыстап оқығаны абзал",-деп айтқанын естігем» деген. (Моснад ар-Реза: 2, 699).

Имам Реза (ғ.с) Алланың елшісінің айтқан сөзін рауаят еткен: "Әл-Күрси аятын жүз рет оқыған адамға бүкіл өмірін Құдайға ғибадат еткенмен тең сауап жазылады".

Ибраһим бин Махзем хазірет Реза (ғ.с) былай деген екен: "Ұйықтар алдында әл-Күрси аятын оқып жатқан адам Құдайдың қалауымен шалдыққан сырқатынан айығып, тез жазылады. Ал әрбір намаздан кейін сол аятты оқыған адам ешбір азап шекпейді".

Имам Реза (ғ.с): "Құран кез келген дерттің шипасы болып табылады. Құраннан шипа сұраңдар! Құран шипасын бермеген адамға ешқандай шипа жоқ",- депті.

Тегтер