Имам Реза (ғ.с)-ның өмір салты (26)
"Имам Реза (ғ.с)-ның өмір салты" атты топтамамыздың соңғы бөлімінде разавилік өмір салтын қорытындылаймыз.
Өмір сүру салты деп мінез-құлқымыз, жүріс-тұрысымыз, өзара әрекеттестік пен өміріміздегі әртүрлі оқиғаларға қатысты реакцияларымыздың жиынтығын айтамыз. Бұл анықтамаға айналамыздағы адамдармен күнделікті өзара әрекеттестігімізді де жатқызуға болады. Бірақ біздің өмір сүру салтымыз басқа қоғамдастықтың халықтарымен салыстырғанда өзгеше болып келеді. Бұл өзгешелік біздің мұсылман ретіндегі дінге негізделген көзқарасымызбен байланысты. Себебі, біз – ислам Пайғамбары (с.ғ.с) мен пәк имамдардың (ғ.с) жолын қуушылармыз. Ұлы тұлғалардың өмір жолы барлық тұрғыдан біздің өмір сүруіміз үшін жан-жақты үлгі саналады.
Имам Реза (ғ.с)-ның өмірге деген жан-жақты көзқарасы өзіне дейінгі пәк имамдардың (ғ.с) көзқарастары негізінде қалыптасқан. Сол себепті ол хазіреттің мінез-құлқы, әрекеттестігі мен көзқарастары діни және илаһи өмір салтына қол жеткізудің үлгісі саналады. Біз оны өмірімізде үлгі тұтып ақырғы және илаһи мақсатымызға жете аламыз. Хазіреттің өмірбаянының бір бөлігінде осыған байланысты: "Имам Реза (ғ.с) ешкімді ісі немесе сөзбен ренжіткен емес. Адам ойын айтып бітпейінше, оның сөзін бөлген емес. Ол бірде-бір мұқтаж адамның көңілін қалдырмаған. Хазірет түндерде аз ұйықтап, Құранды көп оқитын",- деп жазылған.
Разавилік өмір салтына қол жеткізу үшін бәрінен бұрын осы батыл имамды ой-санасы, жеке тұлғасы мен наным-сенімі тұрғысынан толық танып-білу қажет. Бірақ айта кететін жайт, разавилік өмір салты жайлы сөз қозғағанда басқа пәк имамдардың (ғ.с) өмір салты имам Реза (ғ.с)-ның өмір салтынан өзгеше болғанын білдірмейді. Қайта керісінше, олардың барлығы нұр секілді болып, өмірге қатысты бір көзқарасты ұстанған.
Разавилік өмір салты – имам Реза (ғ.с)-ның әртүрлі адамдар мен жағдайлармен кездескенде көрсеткен қатынасы мен қабылдаған шешімдері және өзара әрекеттестігі.
Хазіреттің өмір сүру салты ешқашан оның сенім мәселелерінен бөлек болмаған. Өз өмірін уәһи мектебінен бастау алатын исламның жоғары тағылымдарына негіздеп, қалыптастырған. Имамның мінез-құлқы мен отбасы, қоғам мүшелерімен, көмекшілері және қызметшілерімен, тіпті мемлекеттік басшылармен өзара әрекеттестігі ерекше үлгі ретінде талданып, біздің өмірімізде қолданылуы тиіс.
Имам Резаның (ғ.с) Мединедегі немесе Иранға көшіп келгенде өткізген өмірі кез-келген сән-салтанаттан аулақ, өте қарапайым болған. Қарапайым өмір деген өмірлік құндылықтар мен қажеттіліктерді, әл-ауқат туралы сенім мен иманға берік негізделген ахлақтық жағдай мен мінез-құлықты қамтиды. Сол себепті имам Реза (ғ.с) Құдайдың жер бетіндегі дәлелі ретінде ешқашан билікке қол жеткізу, шексіз мал-мүлік жинауды көздеген емес. Керісінше, өз мал-мүлкін халықтың қиындықтарын шешу үшін жұмсаған.
Хазірет қарапайым өмір салтын ұстанғанда халықты алдауды көздеген емес. Хазірет өзі мен халықтың арасында алшақтық пайда болмас үшін әрдайым қоғамның деңгейімен тең өмір сүрген. Себебі имамның ғұмырнамасында былай деп жазылған: "Хазірет жаз мезгілінде ши кілемшенің, қыста ескі кілемшенің үстінде отырған. Халық кілемшені байқамас үшін оның үстін киімімен жауып отырған. Имам Реза (ғ.с) жоғары дәрежеге ие болуына байланысты ең жақсы жағдайда өмір сүре алатын болғанымен, дүниенің әшекейлері мен жылтырақтарынан бойын аулақ салған. Халықтың алдында қарапайым болып көріну үшін және халық оны екіжүзді деп ойлап қалмас үшін сырт келбетін жақсы күтетін.
Имам Реза (ғ.с) мінез-құлқы және халықпен қатынас жасағда оларды азапқа салмауға талпыныс жасаған. Мұхаммад ибн Фазл осы жайында былай деді: "Имам Реза (ғ.с) Ораза айт күні барлығы дұға етіп жатқанда достарының біріне: «Пәленше, Құдай сізден де, бізден де қабыл етсін!»-дейді. Содан кейін Құрбан айт келіп жеткенде ол хазірет: «Құдай бізден де, сізден де қабыл етсін!», - деген екен. Сонда хазіретке: «Пайғамбардың ұрпағы! Ораза айт күні басқаша құттықтайсың, Құрбан айт күні мүлдем басқа құттықтау айтасың!», - дегенде: «Иә, Ораза айт күні оған: «Құдай сізден де, бізден де қабыл етсін» - дедім. Себебі, ол да мен секілді еңбек етті. Сондықтан, өзімді және оны осы іске серіктес көрдім. Құрбай айтта оған: «Құдай бізден де, сізден де қабыл етсін!» - дедім. Себебі, менің құрбандық шалуға шамам келді, оның шамасы келмеді. Сол себепті, біз оның ісінен бөлек істі жүзеге асырдық» деді.
Ол сондай-ақ, көрші-қоланның құқықтарын сақтау қажеттігін баса айтып, оны мұсылманның ең маңызды ахлақтық міндеттерінің бірі деп атап: «Мүмін – ізгі іс жасап, қуанышқа бөлеп, қателік жасағанда кешірім сұрайтын адам. Мұсылман басқа мұсылмандардың оның ісі мен сөзінің арқасында аманшылықта болатын адам саналады. Көршісі оның азаптауы мен қинауынан аман қалмаған адам бізден емес», - деді.
Имам Резаның (ғ.с) өмір салтынан біз үшін қалған өсиет – өмірде бір-біріміздің адами құқықтарымызды сақтау керектігі. Имам Резаның (ғ.с) өмірлік салты илаһи тақуалық, сыйластық және адамның абыройы мен құрметін сақтауға негізделген. Егер дәл осы қағидаларды күнделікті өмірімізде сақтайтын болсақ, міндетті түрде біздің өміріміз де осы имамның өмір жолына жақындай түседі.