Maм 27, 2017 13:52 Asia/Almaty
  • Имам Реза (ғ.с) және өмір салты (7)

Бүгінгі бағдарламамызды разавилік өмір салтындағы қарапайым өмір тақырыбына арнаймыз.

Разавилік өмір салты

Адамзат қоғамы үнемі салтанатты өмір мен қарапайым өмір сүрудің арасынан таңдау жасау салдарынан өз бағытын жоғалтып, көптеген жағдайларда осы мәселеге байланысты шектен шығады. Бұл мәселе ислам дінінде де маңызды сауалдардың бірі саналады. Бүгінгі бағдарламамыздың барысында осы ұғымды Пайғамбардың (с.ғ.с) пәк ұрпағы имам Резаның (ғ.с) көзқарасы тұрғысынан қарастырамыз. Сіздерді осы тақырыпқа арналған бағдарламамызды тыңдауға шақырамыз.

Имам Әли бин Мұса ар-Реза (ғ.с) барлық ахлақтық ізгілі қасиеттерді бойына жинаған тұлға болған. Имам Резаның (ғ.с) бойындағы шарапатты қасиеттері илаһи пайғамбарлардың таңдаулысы – Құдайдың ең ұлы пайғамбары хазірет Мұхаммедтің (с.ғ.с), яғни өз бабасының бойындағы қасиеттердің бір бөлігі ғана. Ол кісі өз ата-бабаларының сөздеріне жүгініп, сопылық туралы: "Сопы – есеп-қисаптан қорқып дүниедегі халалдан, жазалардан қорқып дүниенің харамынан бас тартатын адам",- деп айтқан.

Имам Резаның (ғ.с) серіктері мен замандастарының бірі Мұхаммад бин Эбад ол хазіреттің сопылық өмірі жайлы: "Абулхасан (ғ.с) жаз мезгілінде үнемі ши кілемшенің үстінде отыратын. Өзінің үлкендігі мен маңыздылығына қарамастан, қыста өте қарапайым киінетін. Ол кісі қандай да бір белгісі бар немесе ерекше түске боялған киім киюден аулақ болып, үстіне қатты матадан тігілген киім киген. Ол тек халықпен кездесіп, олармен әңгімелесу үшін барғанда ғана үстіне тәуір киімін киген",- деп айтқан.

Имам: "Киім – адамның сыртқы көрінісі. Сол себепті оған көңіл аудармау мүмкін емес. Адам біреумен кездескен кезде өзі мен келесі тараптың абыройын сақтайтын болғандықтан, адам таза әрі жақсы киім киюі тиіс",- деді. Имам Резаның (ғ.с) халықтың алдында жақсы киім кию себептерінің бірі мынада: Егер адамның сыртқы келбеті таза болатын болса, басқалар оны көргенде сол адамға тамсанып, тазалықты құрметтейтін болады. Ал, үсті-басы лас әрі ұқыпсыз адамды көрген кезде адамдардың көңіл-күйі бұзылады. Сол себепті ол кісі таза әрі әсем киінген. Имам сол әрекетімен  мүміннің халал мал-мүлікті бұл дүниенің мүмкіндіктеріне сәйкес пайдалана алатынын көрсеткісі келген.

Имам Резаның (ғ.с) үйінде ақсүйектерге тән заттар мен бұйымдар болмаған және сәнді әшекейлер пайдаланылған емес. Дүниеден оқшаулану мен қарапайым өмір сүру имам Резаның (ғ.с) ең көрнекті қасиеттерінің бірі болған.

Барлық хадистер ол хазіреттің Мамунның мұрагері болған кезде ол мансаптың күші мен ұлылығына мүлдем көңіл аудармағанын растайды. Осы хадистерге сәйкес, имам Реза (ғ.с) мұрагерлікті қабылдауға мәжбүр болған кезде мереке басталған күні Мамун имамды намаз оқуға шақырған еді. Сол кезде ол айт намазына арналған, бірақ өте қарапайым киіммен келеді. Ол киімінің үстіне екі жамылғы киіп, басына зығыр матадан жасалған ақ түсті сәлде тағады. Сәлденің бір ұшы кеудесін, келесі ұшы екі иығының арасын жауып, қолына аса таяқ ұстап, жалаңаяқ келген. Оның жанындағылар хазіреттің мұндай киім киісіне көңіл аударып, имам секілді киініп жүреді.

Имам Резаның (ғ.с) мінез-құлқына қатысты келесі бір мысалға ол кісінің мұрагер болған және Ислам үкіметінің ең жоғарғы шеніне жеткен кезеңдерінде өзінің ешбір құлына өзінің ісін орындауға бұйырмағаны жатады. Тіпті бір хадисте ол кісіге жуыну керек болған жағдайда біреуге оған моншаны дайындауға бұйрық бергенді жек көргені де айтылған. Ол хазірет өзіне қажет істі өзі жасаған. Тіпті халыққа тілектестік білдіру үшін қаланың қоғамдық моншасына барып, сонда халықпен жақын араласқан екен.

Ғибадат ету – яғни Құдайдың алдында қарапайым болу. Кәміл адам Құдайға жақындай түскен сайын оның қарапайымдылығы мен құлшылығы да сонша есе арта түседі. Мұндай адамдардың ғибадат етудегі мақсаты Құдайдың берген нығметтері үшін алғыс айтып, мәңгілік өмірге жақындай түсу болып табылады. Бұл – илаһи ерлердің Құдаймен байланыстарындағы ең үлкен артықшылықтары. Ол кісілердің өмірдегі негізгі бағыты Алла Тағала мен Құдайға деген махаббат болды. Құдайға бар жан-тәнімен көңіл аудару олардың ақиқат сәтінен қапы қалмауына себеп болды. Олар ұйқыда немесе ояу кездерінде қапылдыққа салынатын болса, мұндай істі өздері үшін күнә деп есептеген.

Сол себепті олардың үнемі Аллаға шүкіршілік етіп, Құдайдан қорқып, оған жалбарынып жатқанын көреміз. Бұл олардың Құдайдың алдындағы қарапайымдығы мен кішіпейілдігінің белгісі.

Имам Резаның (ғ.с) нәпсіден тыйылушылығы мен тақуалығының берік болғаны соншалықты, қарапайым халық қана емес, тіпті дұшпандары да оны мойындайтын. Ол кісінің бар ойы Құдайдың дінін сақтап, илаһи міндеттерді орындау болды. Өзі мен халықты құтқарудың жолын тақуалық, нәпсіден тыйылушылық пен ғибадатта деп білді.

Бұл өмірдің қызығы оның өз міндеттері мен парыздарын орындауынан қапы қалдырмады. Ол хазіретті бұл дүниенің мал-мүлкі мүлдем қызықтырмағандықтан, оларға әуес болмады. Бұл ұлы тұлғаның сопылығы мен ғибадат етуі теңдессіз еді. Ол әрдайым халықты тақуалыққа, Құдайға ғибадат етуге шақырған. Ол өзінің бауыры Зейдке: "Ей, Зейд! Құдайдан қорық! Біздің қол жеткізгендеріміздің барлығы тақуалыққа қарыздар. Кім де кім діншіл бола тұра, Құдай оны бақыламайды деп ойласа, ол біздің адам емес, біздің оған қатысымыз жоқ",- деген екен. Имам өмірінде карапайым және кішіпейіл адам болды. Ол хазірет ас ішкенде де жеңіл әрі аз мөлшердегі аспен  шектелетін.

Тегтер