Нау 15, 2016 17:55 Asia/Almaty

Өткен бағдарламада Низамидің алғашқы поэзиялық туындысы болып табылатын «Махзан ул-Асрар» жайлы сөз қозғап, бұл туындының ақлақтық поэма екендігін айттық. Низами бұл поэмасында адамның нәпсісіне қаратып сөйлеп, адамға ақиқатты таныстырып, танымға жетудің жолын көрсетуге тырысады.

«Махзан ул-Асрарды» жазып бітіргеннен кейін Низамидің басқа туындылардағы тәсілі өзгеріп, шын мәнінде «Махзан ул-Асрардағы» сөйлеу тәсілінен мүлдем алшақтайды. «Ләйлі-Мәжнүн», «Хосроу-Шырын», «Жеті сұлу» мен «Ескендірнама» поэмаларынп шолу жасай отырып, олардың «Махзан ул-Асрардан» тіл және форма бойынша қаншалықты айырмашылығы барын түсініп, ақын тікелей оқытудан гөрі жанама түрде тәлім беруді қалайды деген нәтижеге жетуге болады. Низамидің «хамсе-бестігін» мән-мазмұн тұрғысынан зерттеген доктор Камал Ахмаднежадтың сенімінше,  бұл ирандық ақын Низамидің қырағылығы мен жаңашылдығын көрсетеді.

Низами содан былай ең жақсы сөйлеу тәсілін іздеуді бастап, сол арқылы өзінің ойлары мен сенімдерін жеткізуді көздейді. Ақырында өмір мен жаратылыстың басты өзегі ғашықтық деген нәтижеге келеді. Бұл ғашықтық хикмет және философиямен астасып жатыр:

Әлемде ғашықтықтың дертінен қиын не бар?

Онсыз гүл күлмейді, бұлт жыламайды.

Егер көкірек көзімен ойлап қарасаң,

Жаратылыстың ғашықтыққа сүйенгенін ұғынасың.

Егер аспан ғашықтықтан ада болса,

Жер қашан абад болар еді.


Низами «Махзан ул-Асрар» поэмасын жырлағаннан кейін өз өмірін сабырлықпен қайырымды қаланы іздеуге жұмсаған. Осы аралықта ол жырлаған өлеңдерінің әрқайысы ақын үшін өмір мен адам қоғамындағы қиындықтарды надандық пен сол замандағы билеушілердің бейбастақтығынан бөліп алатын саңылаулардай болған.  Осы өлеңдер арқылы ақын өз туындыларында жақсырақ әлемді бейнелеп, оқырманға ұсына алған.

Ол өзінің барлық поэмаларында әділетсіздік пен сергелдеңдіктен арылған әлемді іздейді, шын мәнінде қайырымды қала мен ұждан мекенін іздейді. Ол негізгі мақсатқа жету үшін көптеген кезеңдерден өткен. Шынтуайтында, оның әрбір поэмасын ақындық ізденісі мен зерттеуінің бір кезеңі деп санауға болады.  Олардың әрқайсысында ақын өзінің арман қоғамын сипаттау деген мақсатына бір қадам жақындай түседі.

Низами өз жолын дәлел мен ақыл, яғни «Махзан ул-Асрардағы» дастандармен бастап, ғашықтықпен жалғастырады. Ол осы кезде екі поэма «Хосроу-Шырын» мен «Ләйлі-Мәжнүнді» жазып шыққан. Олардың екеуі де ғашықтық пен махаббатқа арналған. Олардың біреуі қос ғашықтың қосылуымен, ал екіншісі айырылысуымен аяқталады. Бірақ екі поэманың да соңы басты кейіпкердің қайтыс болуымен бітеді. «Хосроу-Шырында» бұл екеуі бір-бірімен үйленгеннен кейін Хосроу өзінің ұлы Шируйе тарапынан өлтіріледі, сөйтіп поэма дастанның басты кейіпкерлері Хосроу мен Шырынның қайтыс болуымен аяқталады. «Ләйлі-Мәжнүнде» де Низами ешқашан қосылуға ұласпаған қос ғашықтың махаббат дастанын баяндап, ақырында бұл екеуінің өлімімен оны аяқтайды.

Бұл екі поэмада екі әйел басты кейіпкерлер болады. Бүкіл поэма осы екі адамның өмірі мен ақлақтық ерекшеліктері айналасында өрбиді. Низамидің өз арман қоғамы мен адамдарды сипаттаудағы алғашқы қадамы осы жерде басталады. Низами осы поэмаларда әйелге жоғары орын беріп, оны биік рухты адам санаған. Шын мәнінде әйелдің болмыс-бітімінен адам мен оның кемел қасиеттерін іздестіреді. Низамидің көзқарасы бойынша Шырын – ақын ұнататын әйелдің кәміл үлгісі. Ол жақсы да лайықты қасиетттердің барлығын өзінің бойына жинаған. Низами тіпті Шырынды сипаттағанда ар-намысын сақтап, өлген осы қызға арнап әдемі жоқтау айтуға дейін барады. Ол Шырынның қайтыс болуы туралы аңызды естіген адамның барлығы әсер алып, жоқтайды деп санайды.

Низами осы екі поэмадан кейін өзінің мақсатына жету үшін қиял әлеміне аяқ басып, біраз уақыт «Жеті сұлу» поэмасының қалыбында өзінің үміт-тілектерін баяндайды. «Жеті сұлу» – Сасанилердің патшасы Бахрам Гурдың өмір дастаны. Поэма оның билік құра бастаған кезінен қайтыс болған уақытына дейінгі аралықты қамтиды. «Жеті сұлу» поэмасында Бахрамның әйелдері оған ертегі айтып береді, солардың барлығы кітаптың басты ертегілерін құрайды.

Қазіргі заман зерттеушісі әрі ойшылы доктор Абдулхосейн Зарринкубтың сенімінше, осы ирандық шайырдың ақындық құдіреті мен қисса айту талабы «Жеті сұлуда» өзінің шарықтау шегіне жеткен. Низами «Жеті сұлуда» сипаттаған әлем – тірі әлем, онда адам әрекет етеді. Бірақ осы белсенді адамның кемелдікке жету үшін белгілі бір жоспары мен болашағы жоқ. Низами адамның кемелденген әлемін іздеу үшін және шын мәнінде адамдық кемелдікті табу үшін Ескендірдің әлеміне бет бұрады. Сондықтан «Ескендірнама» поэмасында адамды кемелдік пен армандаған әлеміне жақындата түсуге тырысады.

«Ескендірнама» – бір Шығыс шайырының көзқарасы тұрғысынан баяндалған Александр Македонскийдің өмірі дастаны. Низами сипаттайтын Ескендір гректердің Ескендірінен қатты ерекшеленеді.  Низами жасаған Ескендір тек әлемді жаулау мен соғысты ғана ойламаған, ол ойшыл болған, тақуалар және хакімдермен сөйлесіп отырған, дінмен таныс болған, қажылық рәсімдерін орындап тұрған. Ол жаһанды айналып, әлем мен ондағы нәрселерден ақыл үйренеді, ақырында хаят суын табу үмітімен ізденісін бастап, Низамидің айтуынша, қайырымды қаласына жетеді.

Шын мәнінде Низамидің арман әлемі мен сол қайырымды қаласы болып табылатын жерде соғыс, қастандық, өтірік пен алдау деген жоқ, билік басқа да табиғи байлықтар сияқты барлық халыққа тиесілі. Бұл қаланың халқы шындық пен тыныштықта өмір сүреді. 

Низами «Ескендірнамада» өзінің арман қаласын сол қаланың тұрғындарының тілімен баяндайды:

Шындық деп біл, біздің  осы топ

Мына дала мен тауда өмір сүреді,

Бұл әлемде бұрыс жолдың есігін жаптық.

Дұрыстықпен осы дүниеде өстік.

Ешбір нәрседе өтірік айтпаймыз.

Түсімізде теріс түс көрмейміз.


Низами «Ескендірнаманың» қалыбында қайырымды қаланы сипаттау арқылы адамға осындай дүниеге жетудің жолын үйретуге тырысқан. Ол осындай қалаға жетудің шартын ақлақтық тәрбие мен адам болмысының ізгі екендігіне сену деп санайды.