Там 01, 2017 11:38 Asia/Almaty
  • Иран базары (7)

Иранның əлемдік нарықтарға экспорттайтын өнімдерінің бірі – қолөнер бұйымдары. Бүгінгі бағдарламада Иранда бағзы замандардан келе жатқан осы өнеркəсіп жайлы сөз қозғаймыз.

Қолөнер бұйымдары – адамзат баласынан қалған ең көне мұралардың бірі. Бұл өнер адаммен бірге жаралып, адамның эволюциясы жолында өзіндік болмысқа ие болған. Өнер мен қолөнер кəсібі – адамның биік рухының көрінісі; адамның ойы, жасампаздығы мен мəдениетінің айнасы. Осы тұрғыдан қолөнер кəсібін кешегі жəне бүгінгі адамның қолымен жасалған төлтума əрі ең берік нəрселердің бірі деп айтуға болады. Ол осы уақытқа дейін өзінің жоғары орнын сақтап, адамзат мəдениетінің жалғасуына септігін тигізді. Қолөнер кəсібінің орны мен маңыздылығы соншалықты, оны бір қауым мен ұлттың наным-сенімдері мен мінез-құлықтарының көрінісі және дəстүрінің баяндаушысы деп айтуға болады. Сол ұлттың өнерпаз адамдары əртүрлі факторларды, соның ішінде айналасындағы қоршаған орта мен табиғи ресурстарды ескере отырып, өз наным-сенімі, талғамы мен қабілетін осындай көркем туындыларды жасауға  пайдаланған. Басқа сөзбен айтқанда, әрбір географиялық аймақтың қолөнер кәсібі әрбір аймақ халықтарының талғамы, рухани көңіл-күйі, тарихи өткені, өмірге деген көзқарасы мен сол аймақтың тарих бойындағы географиялық, саяси-экономикалық және әлеуметтік ерекшеліктерінің көрінісі болып табылады.  Қазіргі таңда қолөнер бұйымдарынсыз бағзы заманда өмір сүрген көптеген қауымдар мен халықтардың ұлттық болмысы, мәдениеті мен наным-сенімдерін қайта тану қиын, тіпті мүмкін емес десе болады.

Қолөнер кәсібі – әлемдегі ең танымал төрт өнеркәсіптің (ауыр, жеңіл, шағын және қолөнер кәсіптері) бірі. Бұл кәсіппен ауылдағы шағын шеберханалар мен үй жағдайында айналысуға болады. Қолөнер кәсібі дамыған технологияны қажет етпейді, сондықтан үлкен инвестиция да қажет емес. Бұл кәсіптің мамандары – әдетте осы өнерді өздерінің ата-бабаларынан үйренген жергілікті адамдар.

Қолөнер бұйымдары жергілікті шикізаттардан жасалады. Өндірістің негізгі үдерісінің бүкіл немесе бір бөлігі қолмен немесе қол құралдарымен атқарылады. Оның әрқайсысын жасауда өнерпаздың көркемдік талғамы мен интеллектуалдық  жасампаздығы көрініс табады. Бұл – осындай өнімдерді зауыттан шыққан ұқсас өнімдерден ерекшелендіретін негізгі фактор.  

Қолөнерді көркемдік және тұтынушылық ерекшелігінің болуына байланысты «өнер мен өнеркәсіптің» қосындысы деп атауға болады. Қолөнер бұйымдарының бір жағынан мықты тұтынушылық негізі бар, екінші жағынан ол өзін тудырушының дүниетанымы, талғамы, ой-пікірі мен мәдениетіне байланысты көркемдік ерекшеліктерге ие. Осы тұрғыдан қолөнерді әдетте қолданбалы өнерлердің қатарына жатқызады.

Иранның қолөнер кәсібі

Иран елі – өзінің бірнеше мыңжылдық өркениет тарихымен дәстүрлі өнер туындыларын  жасайтын негізгі орталықтардың бірі. Бұл жердің қолөнер бұйымдары Иран мен әлемнің дәстүрлі өнерлері арасында ең айшықты сала болып табылады. Иранның әртүрлі аймақтарындағы археологиялық  қазба жұмыстары кезінде алуан түрлі қолөнер бұйымдарының  табылуы Иранның қолөнер кәсібінің көнеден басталғанын білдіреді. Сиалк төбесі, Шуш,    Хесар-е Дамған төбесі, Рей қаласының Әли бұлағы, өртенген Забул  қаласы мен Әзірбайжанның Хасанлу төбесінде табылған әдемі қыш бұйымдары,  жібек маталар, әдемі мыс ыдыстар, түрлі түсті шыны ыдыстар мен әдемі сырлы кірпіштер бүгінде Иран мен әлемнің танымал мұражайларында сақталған. Бұлардың барлығы Иран үстіртін алғаш қоныстанғандардың ұлттық және мәдени мазмұндар  тудырып, жалғастырудағы жоғары талғамы, өнері мен мәдениетін көрсетеді.  

Ежелгі Иранның кейбір қолөнер түрлері

Ежелгі Иран мұражайы 

Иранның жер-жерінде әртүрлі тайпалар өмір сүреді. Олар өзінің ата-бабаларының өнерін мұраға алып, қолөнер кәсібінің түрлі тармақтарын қалыптастырып, дамытуды жалғастыруда. Бүгінде өндірілетін қолөнер бұйымдарының алуандығы тұрғысынан Иран әлемде үшінші орында тұр. 2 млн-нан астам ирандық өнерпаз осы салада жұмыс істейді. Иранның қолөнер кәсібінде алуандықтың өте көп болуы, соның ішінде текстиль, қалыпқа салып тоқу, киім-кешек тігу, дәстүрлі қыш бұйымдарын жасау, ағаш, ши, металл, былғары, тас пен шыныдан бұйымдар жасау, теңіз өнімдерінен бұйымдар жасау және ондаған басқа түрлердің болуы қорғаушылардың бұл саланы 15 топ пен 360-тан астам тармаққа бөлуіне себеп болды.

Шыны бұйымдарын жасау өнері

Қолөнер түрлерінің бірі – «абгине» немесе шыныдан бұйым жасау. «Абгине – шыныға әртүрлі форма беру өнері. Қолдан жасалған шыны әртүрлі тәсілдермен, соның ішінде 4 мың жылдық тарихы бар үрлеу тәсілімен жасалады. Өнер иесі бұл өнерде алдымен кремнезем минералы, шыны ұнтағы немесе осы екеуінің қосындысынан тұратын шыны материалды қыздырып, ерітеді. Содан соң  оны үрлеп, ерекше үрлегіш түтікше мен шыныға қатысты қол құралдарын – кемпірауыз, қайшы мен басқа құралдарды пайдаланып, қолдан жасалған шыныдан тұрмыста тұтынатын және декоративті ыдыстар сияқты өзі қалаған заттарды жасайды. Шыны құю жұмысы – топтық жұмыс және кәсіби мамандықты қажет етеді. Қалып пен түстің жобасын жасаушы, шыныны үрлеуші, шыныны құюшы, көлем беруші және қалыпқа енгізуші бір шыны бұйымын жасауға атсалысатын адамдар болып табылады.

Шыны бұйымдарын жасау өнері – адам баласы айналысқан ең көне қолөнер түрлерінің бірі. Бұл өнердің ең алғаш қай жерде пайда болғаны жайында пікір қайшылығы бар. Шыныдан бұйым жасау өнері хазірет Сүлейменнің (ғ.) заманынан басталады деседі. Ол кезде Сүлеймен пайғамбардың бұйрығымен диюлар сарайдың кейбір бөліктерін шынымен безендіру үшін шыны құятын пештер салған екен.

Шыны бұйымдарын жасау өнері тарихында оның бастапқы отаны Ежелгі Мысыр, Сирия мен Иран өркениеттері болған деген пікірлер бар. ИИР Өнер академиясы ғылыми кеңесінің мүшесі доктор Мехди Макинежад Ирандағы шыны бұйымдарын жасау өнері туралы: «Қолмен шыны құю өнері – Иранның дәстүрлі өнерлерінің символы. Иранда оның бірнеше мыңжылдық тарихы бар. Иранның солтүстік-батыс аймағы, Луристан мен Шуштан табылған ескерткіштер мен Персеполистен табылған шыны сынықтары бұл жерде ежелден-ақ шыны ыдыстар мен заттардың қолданылғанын көрсетеді»,-дейді.

Ирандағы шыны бұйымдарын жасау өнері

Иранда қолдан жасалған шыны бұйымдардың ең көне үлгісі б.з.дейінгі дәуірлерге тиесілі. Бұл өнердің ең жақсы үлгісі Элам дәуіріне (б.з.д. 3200-640 жылдар аралығына) жатады. Хузистан облысындағы Шушқа жақын жерде орналасқан эламдықтардың ең үлкен сыйыну орны саналатын Чоғозамбиль ғибадатханасынан шыны құтылар табылған. Бұл осы өнер түрінің Иранда көнеден келе жатқанын білдіреді. Иранның солтүстік-батыс өңірінен б.з.д. дейінгі 200 жылдам астам уақытқа тиесілі көк моншақтардан жасалған алқаның табылуы Ежелгі Иранда шыныдан бұйым жасау өнерінің кең таралғанын дәлелдейді. Сасанилер заманындағы (224-651 жылдар) шыны бұйымдарын жасау өнерінің ерекшелігі иіссу құтылары, кеселер, тәрелкелер мен декоративті заттардың бетіне өрнек салуда болды. Осы ескерткіштердің кейбіреулерін «Абгине» және «Ежелгі Иран» мұражайларынан көруге болады.

«Абгине» мұражайы

Әртүрлі ғылымдар, соның ішінде минералогия, медицина мен химия дамыған ислам өркениетінің алтын дәуірінде мұсылман шыны құюшылар мен өнерпаздар, соның ішінде ирандықтар қолда бар ғылыми тәжірибелерді пайдаланып, шыны құю өнеркәсібін өзгертуге мүмкіндік алды. Бұл дәуірде шыны формасын өзгертумен бірге шынының бетіне  сурет салып, сөз жазу, пештен шыққан түрлі түсті бояулармен эмальданған шынылар жасау кең таралды. Арнайы тастардың көмегімен шынының бетіне өрнектер мен терең сызықтар салған.  Қолөнершілер шыныны пеште тиісті дәрежеде бір немесе бірнеше мәрте пісіріп, шыны ыдыстардың бетіне өздері қалаған түстермен нақыштар салған. Шыныны түрлі түске бояу үшін кобальт, мыс, темір, марганец пен күкірт қышқылдары пайдаланылған.  Ашық көк түсті шыны аталмыш өнер тарихының осы кезеңінің өнімі болып табылады.

Уақыт тұрғысынан екі тарихи кезеңді, яғни Селжұқтар мен Сефевилер заманын Иранда шыны бұйымдарын жасау өнерінің шарықтау кезеңі деп атауға болады. Селжұқтар заманына тиесілі ашық көк түсте қашап салынған әртүрлі өрнектері бар өте әдемі шыны ыдыстар Иранның әртүрлі қалаларындағы шыны құю пештерінен табылған. Осы дәуірдегі шыны бұйымдары көбінесе кіші және үлкен  ыдыстар, өте нәзік иіссу құтылары, әртүрлі формалар мен көлемдердегі бокалдар мен гүлдандар және кішкене декоративті заттар, соның ішінде жануарлардың мүсіндерінен тұратын. Сефевилер заманында  бұл өнер түріне ерекше назар аударылды. Шыны бұйымдарын жасау шеберханалары Исфахан, Шираз бен Кашан сияқты қалаларда ашылып, онда шәкірттер де тәрбиеленді.

Бүгінде қолөнер кәсібі Иранның мұнайдан тыс маңызды экспорттық тауарлар өндіретін саласына жатады.  Соңғы жылдары осы салаға тиесілі құны 1 млрд  доллардан асатын өнімдер Азия, Африка, Еуропа және Американың көптеген елдеріне экспортталды. Жапония, Қытай, Индонезия, Оңтүстік Корея, Сингапур Гонконг, Ливан, Ирак, Мысыр, Марокко, Тунис, Оңтүстік Африка, Алжир, Нигерия, Италия, Швеция, Франция, Аустрия, Германия, Испания, Нидерланды, АҚШ, Бразилия Мексика мен Аустралия Иранның қолөнер бұйымдары экспортталатын елдердің қатарына жатады. Соңғы жиырма-отыз жылда осы саладағы қолөнершілер тәжірибелі ұстаздардың жетекшілігімен көне стильдерден шабыт алып, оларды жаңа жобалармен қосып, әртүрлі түстердің психологиясы туралы білімді пайдаланып, қолдан заттар жасады. Халықтың осы әдемі өнерге деген қызығушылығы күн сайын артып келеді.