Иранның танымал тұлғалары (119)
Өткен бағдарламадағы тақырыпты жалғастырып, үнді стилінің көрнекті өкілдерінің бірі саналатын Сефевилер заманындағы танымал ирандық ақын Абуталеб Калим Кашани жайлы сөз қозғап, сол замандағы саяси-әлеуметтік мәселелердің оның өлеңдерінде қалай көрініс тапқанын талдаймыз.
Айтып өткеніміздей, Абуталеб Калим Кашани Аббас шах Сефевидің заманында өмір сүріп, Шахжаһан Гурканидің сарайында «Малек аш-шоара», яғни шайырлардың патшасы болған. Калим Кашанидің өмірбаяны оның туындыларының тасасында қалғандықтан, басым бөлігі әлі де белгісіз. Жас кезінде Сефевилер заманындағы көптеген әдебиетшілер мен ақындар сияқты Үндістанға барып, Шахжаһан Гурканидің сарайына жол тауып, «Малек аш-Шоара» деген лақап атқа ие болып, х.қ.ж.с.б. 1061 жылы Үндістанның Кашмир қаласында дүние салды. Оның қабірі Саринегарда «Кашмир мазарлары» деген атпен танылған жерге қойылған. Сондай-ақ, айтып өткеніміздей, Калим Кашаниден 15000 бәйіттен тұратын бітпеген «Шаһнама» поэмасы мен өлеңдер жинағы естелікке қалды. Ол өлеңнің барлық қалыбында қалам тербеген. Алайда оның шеберлігі мен танымалдығы көбінесе ғазалға қарыздар. Калим үнді стилінің негізін қалаушылардың бірі болды.
Өнер қоғамның жараланған жалаңаш денесі мен өмірдің келеңсіз шындықтарын жауып, шындықтарды адамға астарлап көрсететін жібек матаға ұқсайды. Ал тарих шындықтарды тікелей баяндайды. Туындылары ұлттық сипатқа ие болған өнер иелері ел есінде мәңгіге қалады. Ұлттық өнер – элементтері халықтың өмірінен алынған өнер. Ұлы өнер туындысын қоғам тудырады. Өнерлі адам оны тек көркемдейді. Шешендік өнер өз қоғамының айнасы бола алады. Қазіргі заман жазушысы әрі ойшылы Джалал Але Ахмад: «Кез келген ұлттың ең негізгі тарихи құжаты – әдебиет, қалғаны өтірік» деген. Кез келген тарихи дәуірдің әлеуметтік ерекшеліктерін сол заманда жазылан әдеби туындылардан көруге болады. Өнер иесінің жауапкершілігі қаншалықты жоғары болса, әлеуметтік мәселелер оның туындыларынан соншалықты көбірек орын алады. Ақын, жазушы мен өнер иесі өз заманындағы әлеуметтік кеңістікте өмір сүретіндіктен оның сол қоғамнан әсер алатыны айқын. Олар алған әсерлерін қажет деп тапқан деңгейге дейін өз туындыларында көрсетеді. Өткен замандардағы мәдени-әлеуметтік құбылыстар мен оқиғалардың көбін тарихи, географиялық, экономикалық, наным-сенім, ақлақтық, саяси-әкімшілік салаларда жазылған әдеби туындылардың қойнауынан тікелей және жанама түрде шығарып алуға болады.
Көптеген зерттеушілердің пікіріне сәйкес, бір әдеби туынды қиял немесе мидың бөліністері емес, жазушының заманындағы әдет-ғұрыптар мен мәдени ережелердің көшірмесі болып табылады. Әдебиет – қоғам мәдениетінің шырыны. Оның замана рухымен байланысы бар. Бұл заманда ақын ой-сана, талғам мен мәдениет тұрғысынан тәрбиеленген. Шын мәнінде, өлең қоғамның рухани мәдениетінің бір түрі болып табылады.
Сефевилер әулетінің билігі х.қ.ж.с.б. 907 жылы көптеген соғыстар мен әскери жеңістерден кейін Табризде Исмаил шахқа тәж кигізумен басталды. Оның 8 орынбасары екі ғасырға жуық Иранда билік етті. Сефевилер әулетінің 2 ғасырға жуық уақыт бойы Иранда билік етуінің жағымды әсерлері мен салдарлары болды. Иранда бірлік пен саяси біртұтастық қалыптастырып, мықты орталықтанған үкімет құру бұл әулеттің билігінен қалған оң нәтижелер болып табылады. Бұл әулеттің билеушілері кейбір кездері көптеген қиындықтар тудыру арқылы халықтың өмірін адам төзгісіз етіп, ауырлатты.
Калим Кашанидің өмір сүрген кезі Сефевилер әулетінің алты шахының билік құрған кезімен тұспа-тұс келеді. Калимнің жастық шағы Сұлтан Мұхаммад Ходабанде, шах Аббас I және Сафа шахтың кезінде өтті. Оның балалық шағы мен қартайған кезі шах Тахмасп I мен шах Аббас II заманында өтті. Тарихшылар 11 жастағы Мұхаммад Ходабанде билік құрған кезеңді Сефевилер тарихында бейберекеттік, тұрақсыздық пен бүлік жайлаған заман деп атаған. Бұл кезеңде халыққа зорлық-зомбылық жасау, олардың құқығын бұзу қалыпты жағдай болған. Мұхаммад Ходабанде діндарлық пен дінге арқа сүйеу туралы ұрандар айтып, халыққа шариғат бойынша заңды шек пен шекара айқындап қойғанымен, бүкіл өмірін сауық-сайранмен өткізген. Калим Кашанимен замандас болған Сефевилер әулетінің басқа шахтары да Мұхаммад Ходабанде сияқты діндарлық жайлы уәж айтқандарымен, өмірлерін сауық-сайран құрып, шарап ішіп, халыққа зұлымдық жасаумен өткізген. Үнді стилін зерттеуші ұстаз Амири Фирузкухи: «Сефевилер қоғамында билік діншіл-сымақтардың ұжымдық тұзағы болды. Олар үстеріне діни киім киіп алып, халыққа тиісіп, олардың мал-мүліктерін тартып алып отырған. Мұнымен қоса, бұл кезде қоғамды кедейшілік пен теңсіздік жайлаған еді»,-деді.
Сефевилер заманы парсы тілі мен әдебиетіне көңіл аударылмаған кезең болды. Бұл заманда араб тілі мен әдебиеті мен соған қатысты өнерлер Иранда қайта жанданды. Шиіттік мазхабтың таралуына байланысты араб әдебиетімен айналысу және осы тілде кітап жазу ісі артты. Сефевилер әулеті билеушілерінің діни саясаты салдарынан бұл кезеңдегі поэзияда жоқтау айту мен пайғамбар әулетін мақтауға арналған өлеңдер өте кең таралды.
Сефеви шахтары мақтау айтатын ақындарға аса маңыз бермеген. Сол себепті танымал ирандық ақындардың бір тобы көрші елдерге аттанып, Үндістандағы сұлтандардың сарайының көркіне айналды. Сефевилер заманындағы саясат салдарынан поэзия қоғамның жоғары табына жататын санаулы адамдардың монополиясынан шығып, халық арасында таралды. Сол замандағы ақындардың көбі поэзияға еш қатысы жоқ кәсіптермен айналысатын еді. Бұл жағдай әдеби тілдің өзінің беріктігін жоғалтып, қарапайымдыққа бет бұруы мен оқырманға түсінікті мазмұндардың баяндалуына себеп болды.
Сефевилер заманының ақындары өткеннен өзгешеленетін. Олар өздерінің эстетикалық критерийлеріне сәйкес келетін жаңа мән-мазмұндар мен тақырыптарды пайдаланған. Әдебиетшілер, жазушылар мен зерттеушілердің бір тобы парсы әдебиетінде үнді стилінің пайда болу себебін Сефевилер заманындағы әлеуметтік және экономикалық жағдайдың нәтижесі, сол замандағы оқырмандардың эстетикалық қажеттілігіне берілген жауап деп санайды. Үнді стиліндегі өлеңдердің күрделігі мен қиындығының себептерінің бірі өнердің табиғи қозғалысы, классикалық әдебиеттің қарапайымдығы мен айқындығынан күрделіге қарай бет алуы болды. Ирандық ақындардың Үндістандағы сұлтандардың сарайларына баруын, сол жердегі әдебиет пен талғамнан әсер алуын да Иран ақындары стилінің өзгеруінің факторы деп атау қажет.
Парсы поэзиясындағы стильдер арасында үнді стиліндегі өлеңдердің мықты мәдени тірегі жоқ. Онда ұлттық, мифологиялық, тарихи және наным-сенімдік белгілер өте аз. Мұның себебі үнді стиліндегі ақындар мәдениетінің ирандық әдеби-мәдени дәстүрден ажырап қалуы болды. Мәдени ажыраудың себептерінің бірі Сефевилер заманындағы саяси-әлеуметтік жағдай саналады.