Там 30, 2017 11:07 Asia/Almaty
  • Иран базары (8)

Бүгінгі бағдарламада әлемдегі ең көне кәсіптердің біріне, яғни Ирандағы былғары өнеркәсібіне тоқталамыз.

Иран базары

Былғары өнеркәсібі – әлемдегі ең көне кәсіптердің бірі. Тарихи айғақтар бойынша, алғашқы адамдар ыстық пен суық сияқты табиғи факторлардан сақтану үшін әртүрлі аңдардың терілерін пайдаланған. Уақыт өте келе адамдар илеу мен әрлеу сияқты кейбір физикалық және химиялық амалдарды атқару арқылы теріні «былғары» деген өнімге айналдырып, қолдана бастады. Көне замандардан ежелгі өркениетке ие Иран сияқты елдерден бізге жеткен бұйымдар, соның ішінде мүсіндер, тарихи бедерлі жазулар мен суреттер тері мен былғарының халықтың өмірінде көп қолданылғанын көрсетеді.

Иранның былғары өнеркәсібі

Ирандағы тері мен былғары өнеркәсібінің үш мың жылдық тарихы көрсеткендей, ирандық жұмысшылар мен кәсіпшілер былғарыны киім, әсіресе аяқ киім, жануарлардың әбзелдері мен ыдыс‑аяқ жасау үшін пайдаланған. Кейбір саяхатшылар, соның ішінде Англберт Кемпфер (1651-1716), Сефевилер заманында (1502-1722) Иранға сапар шеккен Жан Шардин (1643-1713) өздерінің сапарнамаларында Иранда былғары базары мен соған қатысты істердің қарқынды дамығанына тоқталған. Француз саяхатшысы Шардин ирандықтарды тері илеу мен былғары жасау өнеркәсібінде басқа ұлттарға қарағанда шебер деп атаған. Ол  сапарнамасында сол заманда (1665 жылы) Ираннан Үндістан мен Таяу Шығысқа экспортталып тұрған шегірен былғары туралы егжей‑тегжейлі баяндаған. Шегірен былғары Сефевилер заманында Табриз қаласында өндірілген. Бұл былғары көбінесе аяқ киім мен бәтеңке жасау үшін қолданылған. Сефевилер заманындағы байлар мен саяси қайраткерлер осындай аяқ киім киген. Былғары Иранның қолөнер кәсібінде де қолданылған. Кітаптың мұқабасын жасау, терінің бетіне күйдіріп өрнек салу, тері қиындыларынан өрнек жасау, тері бетіне сурет салу  және тағы да басқа істер былғары қолданылатын қолөнер түрлеріне жатады.

1700 жыл бұрынғы заманға тиесілі тұздалған адамның аяқ киімі былғарыдан жасалған. Ежелгі Иран мұражайы

Ирандағы тері мен былғары өнеркәсібі тарихында елдің кейбір қалалары, соның ішінде Табриз, Шираз бен Хамадан осы өнімді өндіретін орталықтар ретінде танылған. Қаджарлар билік еткен заманда (1779-1925) «Иран тарихының қақпасы» және «Иранның тарихи‑өркениеттік астанасы» деген атпен танылған Хамадан қаласы «хамадандық былғары» деген атпен танымал былғарының түрін өндіретін орталық болған. Бұл былғары қойдың терісінен жасалады. Қаджарлар заманында Иранның қалаларының көбінен, соның ішінде  Исфахан, Табриз бен Хамаданнан тері мен былғары Ресей, Осман империясы мен Үндістанға экспортталып отырған.

Жалпы былғары жеңіл, жартылай ауыр және ауыр болып үшке бөлінеді. Жеңіл былғары деп қой, ешкі мен лақ сияқты жануарлардың терісінен алынатын былғарыны айтады. Мұндай былғары өте нәзік келеді. Сондықтан қолғап пен киім тігі үшін, ал сапасы төмендері аяқ киім мен киім‑кешектің астары ретінде пайдаланылады. Жартылай ауыр былғары қолтырауын сияқты хайуандардың терісінен жасалады. Олар өте сирек кездесетіндіктен және қымбат болғандықтан декоративті және люкс заттарда қолданылады. Ал сиыр, бұзау, түйе сияқты жануарлардан алынатын ауыр былғары мықтылығына байланысты аяқ киімнің ішкі бөлігі мен беті, сапалы қол сөмкелер мен әмияндар және өндіріс машиналарының таспасын жасау үшін қолданылады. Әртүрлі жануарлардың терілерінің арасында сиырдың терісі жабайы өгіздің терісіне қарағанда жұмсағырақ, қойдың терісінен қалыңырақ болуына байланысты басқа жануарлардың терісінен көбірек былғары жасау үшін пайдаланылады.

Тері илеу

Айта кетерлік жайт, былғары өнеркәсібінің тарихы жіп иіру мен тоқу өнеркәсіптерінен бұрын басталған. Алайда теріні былғарыға айналдыру тәсілі мен техникасы осыдан екі ғасырға дейін көп өзгере қойған жоқ. Бұл кәсіппен айналысатындар бірнеше кезеңдер барысында әртүрлі жануарлардың терісінен химиялық заттардың көмегімен теріні бастапқы қалпынан шығарып, тұрақты да шірімейтін жағдайға, яғни былғарыға айналдырады. «Даббағи» (тері илеу) деп аталатын теріні былғарыға айналдыру тәсілінде алдымен тері өзінің табиғи қалпына қайта оралуы үшін оларды үштен алты күнге дейін тұзы кетіп, құрғақ күйден арылсын деп суға салады. Жуғаннан кейін терінің қылшығы мен етін алып тастау үшін үштен он күнге дейін арнайы қоспа немесе әк қортпасына салғанда тері іриді. Бұл кезде тері ісініп, бетіндегі қылшықтар оңай жұлынып алынады. Сонымен қатар майлар мен артық еттер сияқты қосымша заттар бөлініп шығады. Содан кейін теріні шірітіп жіберетін артық протеиндерді кетіру үшін және терінің суық пен ыстыққа төзімділігі мен нәзіктігін, жұмсақтығын сақтау үшін ашудас сияқты әртүрлі заттар мен қоспалар қолданылады. Одан кейін тұздау амалы атқарылады. Әкті пайдалану арқылы терінің қалпын тұрақты сақтап, оның шіруінің алды алынады. Бұл кезеңде теріні «саламбур» деп атайды. Саламбурлар арнайы хауызшалар мен бассейндерге салынып, үстіне су мен емен немесе қараған ағаштарының қабықтарынан алынатын өнімнің қоспасын араластырып құйып, екі рет он күнге салып, қоспаны теріге жақсылап сіңіріп, одан соң оларды кептіреді. Дайындалған былғарыны екі күн тұздалған суға салады. Тұз біртіндеп былғарыға сіңіп, оның шіруінің алды алынады. Содан соң былғарыны қайта күнге кептіреді. Осы аралықта былғары жартылай кепкен кезде арнайы тастармен терінің бетін ысып, тұз кристалдары былғарыдан шығарылады. Сонда тұз былғарыны кептіріп, тілмейтін болады. Содан кейін былғарыны күнге қойып, толық кептіреді. Артынан жануарлардың майымен былғарыны жұмсартып, оны жуады. Былғарыны бояу үшін бұрынғы кезде арнайы өсімдіктердің қосындысынан қызғылт сары түс шығарған.

Былғарыны көне тәсілмен бояу

Бүгінде әртүрлі түстер былғары өнеркәсібіне енді. Алайда әлі де осы сала мамандарының сенімінше, былғарының қызғылт сары түсі оның тектілігін сақтап келеді. Соңғы кезеңде былғарының түсі кепкеннен кейін оны жылтырату үшін жасыл түсті мөлдір яшма тасы қолданылады.

Жақсы иленген сапалы былғары оңайлықпен өртенбейді. Ал өртене қалса, күйген шаштың иісі шығады. Суланған кезде жағымсыз иіс шықпайды. Тарам‑тарам болып кетпейді. Тұзы шығып сортаңданып тұрмайды. Дененің иісін өзіне сіңірмейді. Арнайы күтімді қажет етпейді. Мұндай былғарыны жылдар бойы қолдануға болады.

Дәстүрлі тәсілде теріні былғарыға айналдыру үшін үш айға жуық уақыт кетеді. Бүгінде былғары өнеркәсібінде қолданылатын аппараттар жұмыстың жылдамдығы мен сапасын өте жоғарылатты.

Иранда 20 ғасырдың алғашқы жылдарында Табриз бен Хамадан қалаларында былғары зауыттары салынған соң Иранның былғары жасау тарихында алғаш рет теріні былғарыға айналдыру үдерісі дәстүрлі қалыптан шықты. Уақыт өте келе осындай өндірістік кешендердің саны артты. Бүгінде бағзы замандардан бері Иранның былғары өндіру орталықтары саналатын Теһран, Табриз, Мешхед, Хамадан сияқты қалалардың айналасында былғары өндіретін кешендер салынды. Олар кейде өздерінің былғары өнімдерін орналасқан қаласының атымен «Табриз былғарысы», «Мешхед былғарысы» деп, отандық және шетелдік нарықтарға жібереді. Иранда былғары өнімдерін өндіретін және экспорттайтын ондаған компаниялардың болуы жылына 2 млн ауыр терінің, яғни шамамен 50 млн-ға  жуық фут терінің жиналуына себеп болады. Олардың барлығы елдің ішінде дайын тауарларға, соның ішінде  киім‑кешек, сөмке, аяқ киім, былғары кілем, жұмсақ жиһаз бен тағы басқа заттарға айналады.