Мешіт – махаббат пен иманның тоғысқан мекені 21
Білім беру әсіресе исламның алғашқы төрт ғасырында мешіттің негізгі жұмыстарының бірі болды
Бұл жұмыс мешіттің шабестанында жүргізілді. Оқытушылар мешіттің тіректеріне сүйеніп отырып, шәкірттер оларды айнала отыратын. Кез келген адам жынысына қарамастан, сабақтарға қатысу мүмкіндігіне ие болып, тіпті сұрақ қойып, ұстаздың сөзін бөліп, кемшіліктері туралы айта алатын. Бұл іс медреселер үшін пайдалы болды. Өйткені, сабақтың тақырыбына жақсырақ дайындалуға себеп болатын. Негізінде сын білімі төмен адамдарға сабақ беруге кедергі болды. Милади жыл санағы бойынша 10 ғасырдың географы Мұқаддеси Каирдің Орталық мешітінде сабақ оқып отырған 120 топтың куәсі болған.
Мешіт орта ғасырлардан осы кезге дейін ғалымдар және мұғалімдермен, сондай-ақ кітаппен жақын қарым-қатынасын сақтап қалды. Мешітте діни оқу орындарының шәкірттері сабақ оқып, пікірталас жүргізіп, соңғы еңбектер туралы пікір алмасу үшін жиналады. Баспа пайда болардан бұрын кітап шығару үшін жазған адамның өзі немесе жазушының сайлаған өкілі жиынның ортасында еңбекті оқитын. Мұндай іс үшін мешіт лайықты мекен болды.
Ислам әлемінде жазу ағымы басталған соң мұсылман жазушылар өз еңбектерін халықтың пайдалануы үшін мешіттерге тапсыратын болды. Сөйтіп, мешіттерде Құраннан басқа хадис кітаптары, тәпсір, фикх пен калам және тарих кітаптары сақталды. Хиджридың бірінші ғасырының ортасынан бастап, мешітке кітап тапсыру үдерісі кең таралды. Бірақ сол кездегі мешіттер қажет сыйымдылыққа ие болмағандықтан, кітапхана үшін орынды мекен болмады. Сондықтан, келесі мешіттер салынған кезде оның ішінде кітапханалар үшін орын қалдырылатын болды. Нәтижесінде әр мешіттің кітапханасы болып, халық өз кітаптарын мешітке сыйлайтын. Ғалымдардың көбі өздерінің кітаптарын қаланың мешіттеріне сыйлайды. Көптеген қиындықтармен қолға түскен немесе қымбат бағамен сатып алынған кітаптарды сақтау маңызды болды. Бұл кітаптардың иелері олар дұрыс сақталып, келесі кезеңнің ғалымдарына жетуі үшін мешіттер, кесенелер мен медреселерге тапсыратын. Негізінде мешіт кітапханаға ие болып, бұл жердегі кітаптар көбінесе вақф ретінде тапсырылған кітаптар болды.
Мешіттердің көбінің кітапханалары қарапайым болды. Алайда кейбір үлкен мешіттер исламдық жерлерде танымал болған құнды кітаптарға ие еді. Сөйтіп мешіт ғибадат, білім және ғылым мен мәдениет орталығы болуымен бірге исламдық қоғамда танымал кітапхана ретінде де белгілі болды. Әл-Харам мешітінің кітапханасы ислам әлемінің ең маңызды кітапханаларының бірі саналады. Бұл кітапханада 350 000-нан астам құнды кітап сақталынады.
Тарихи құжаттар бойынша, Алла елшісі дүниеге келген мекеннің кітапханасы Меккенің маңызды кітапханасы саналады. Бұл мекен Исламның ұлық пайғамбары Мединеге қоныс аударғаннан кейін имам Әли (ғ.с.)-ның бауыры Ақил бен Абиталептің ықтиярына тапсырылды. Содан соң Мұхаммад бен Юсеф әл-Сақафи бұл жерді сатып алғанша оның перзенттері өмір сүрді. Мұхаммад бен Сақафи «Дар Ибн Юсеф» деген бөлмені қосты. Хиджри санағы бойынша 171 жылы Аббаси халифасы Мәһдидің әйелі әрі Харун әр-Рашидтің анасы оны мешітке айналдырып, жөндеуге кірісті. Нәтижесінде Сауд үкіметінің алғашқы жылдары бұл мешіт қирады. Қамари жыл санағы бойынша 1370-шы жылы Мекке кеңесінің хатшысы бұл мекеннің әл-Харам мешітіне жақын болуына және дамуына байланысты оны кітапханаға айналдыруды бұйырды. Өткен жылдары әл-Харам мешітін дамытуды сылтауратып, бұл қасиетті мекенді бұзуға шешім қабылданды. Бұл шешім мұсылмандардың кең ауқымды наразылықтарына себеп болып, қайта қарастырылып, өзгертілді.
Маңызды кітапханаларға ие басқа мешіттердің қатарында Дамасктегі Амави орталық мешіті мен Джаме Зейтуние мешітін, Бағдат, Каир, Наджаф және Кербала орталық мешіттерін атауға болады.
Мысырдың маңызды мешіттерінің бірі Сұлтан Хасанның медресесі мен мешіті саналады.
Сұлтан Хасанның мешіті мен медресесі қамари жыл санағы бойынша 760 жылы, сәйкесінше милади күнтізбесі бойынша 1359 жылы Каир қаласындағы Салаһаддин Аюби қамалына жақын жерде үш жыл үзілмей жүргізілген құрылыстың арқасында салынды. Бұл мешіт 7906 текше метр көлемімен ислам әлемінің ең үлкен мешіттерінің бірі саналады. Қабырғаларының биіктігі 36 метрге, ең жоғары мұнарасы 68 метрге жетеді.
Шафи, Малики, Ханафи және Ханбалидің төрт мазхабы үшін мешіттің ғимаратының төрт бұрышында ауланың ішіне қарай ашылатын төрт кіреберіс бар. Бұл сұлтан Хасанның аталмыш төрт мазхабты біріктіру мақсатын білдіреді.
Қыбланың кіреберісі басқа үш кіреберіске қарағанда маңызды. Намаз кезінде барлық адамдар сол жерде тұрады. Сұлтан Хасан мешітінің негізгі кіреберісі Мамлүк кезеңінің арнайы мәрмәрінен жасалған. Бұл медресе мен мешіт Сирия және Иран өнерпаздары мен ұстаздарының еңбектерімен қысқа уақытта тұрғызылды. Ұстаздардың өнер ерекшеліктерін сәулет өнімдерінен байқауға болады. Сұлтан Хасанның өлімімен безендіру жұмыстары аяқталмай қалды.
Алла елшісінің заманындағы мешіт өте қарапайым еді. Өйткені, Алланың үйі – тек Жаратушының өзін еске алып, басқаларды ұмыттыратын мекен. Өкінішке орай, пайғамбар (с.ғ.с.) қайтыс болған соң мешіттің қарапайымдылығы бірте-бірте маңызынан айрылды.
Ислам дінінде орталық – бірліктің белгісі. Мешіттің орталық сахнасы да дәл осы шындықты білдіреді. Тұрақтылықты білдіретін төрт бұрышты бұл сахна мешіттің ортасында орналасып, белгілі бір тәртіпті көрсетеді. Сұлтан Хасан да мешіттің ішкі кеңістігін Шафии, Малики, Ханафи және Ханбали мазхабтарының адамдары орталық сахнада жиналып, бірге жамағат намазын оқитындай етіп жобалады деген ой туады.
Құран Кәрімнің «Нұр» сүресінің 35-ші аятында Алланың нұры жарыққа теңелді: «Алла Тағала – көктер мен жердің нұры. Оның нұрының мысалы: Ішінде жарық бар қуыс (немесе қуыста жанған жарық) сияқты. Жарық әйнектің ішінде. Ал әйнек, бейне інжу сынды жұлдыз. Шығыста батыста болмаған берекет зәйтүн майымен тамызылады...». Бұл аятта мешіттің төбесінен көрінетін жарықтар туралы жазылған.
Бүкіл әлем Алладан. Соңында оған оралады. Бұл шындық туралы «Бақара» сүресінің 156-шы аятында айтылған: «Олар: шын мәнінде біз Аллаға тәнбіз әpi Оған қайтушымыз». Сұлтан Хасан мешітінің күмбезі мен оның сәулеті жер мен аспанның арасындағы байланысты қуаттайды. Діннің белгісі төртбұрыш, аспанның белгісі шеңбер ретінде көрсетілген.
Күмбездің айналасы мен есіктің үстінде және мұнараның айналасында Алланың аты жазылса немесе пайғамбар мен хазіреттің әулетіне салауат айтылса, ғибадат ғамалына қатысқандай немесе басқаша айтқанда, Алланы еске алып, Оның жалғыз екендігі мен хазірет Мұхаммад (с.ғ.с.)-ның набаватына куәлік еткендей болады.