Қыр 06, 2017 11:08 Asia/Almaty
  • Иран базары (10)

Иран әлемдегі негізгі тау түзу белдіктерінің бірінде орналасқан. Бұл географиялық аймақта тау түзілу үдерістері жүріп, әртүрлі геологиялық құбылыстар орын алып, құнды пайдалы қазбалардың көп қорының түзілуіне себеп болды.

Иран базары

Иран әлемдегі негізгі тау түзу белдіктерінің бірінде орналасқан. Бұл географиялық аймақта тау түзілу үдерістері жүріп, әртүрлі геологиялық құбылыстар орын алып, құнды пайдалы қазбалардың көп қорының түзілуіне себеп болды.

Мамандардың есептеуінше, Иран әлемдегі бүкіл пайдалы қазбалардың 7 пайызына ие. Бұл пайдалы қазбалар Иранның түкпір-түкпірінде, елдің солтүстігіндегі Шығыс Әзірбайжан облысы мен елдің оңтүстік-шығысындағы Систан мен Балучистан облысының аралығында шашыраңқы түрде орналасқан. Иранда мұнай мен газдың мол қоры мен кен орындарының болуымен қатар, мыс, темір, мырыш, қорғасын, көмір, уран, марганец, хром, титан, әктас, тұз бен асыл тастар, соның ішінде алтын, күміс, көгілдір ақық пен басқа да тастар бар. Жүргізілген зерттеулер мен болжамдар бойынша, Иран темір, мырыш, қорғасын, мәрмәр, мыс пен алтынның белдігінде орналасқан.

Әлемнің барлық дерлік пайдалы қазбаларын Иранның Керман, Йезд, Исфахан, Шығыс Әзірбайжан, Хорасан-е Разави мен Орталық облыстарындағы кен орындарынан табуға болады.

Иранның әртүрлі облыстарында пайдалы қазбалардың шашыраңқы түрде орналасу картасы

Кен орындары көптеген өнеркәсіп салаларын шикізатпен қамтамасыз етуші ретінде елдің дамуы мен өнеркәсіпте өзін-өзі қамтамасыз етуде, жұмыс орындарын ашуда, ұлттық ішкі өнім мен бір елдің жылдық табысын арттыруда шешуші рөл атқарады. Кен орындарының адам өмірінде түбегейлі өзгеріс жасаудағы маңызы мен рөлі қазіргі заманмен шектелмейді. Тарих бойында кен орындарынан алынған минералдық заттар халықтың өмірінде маңызды рөл атқарған. Тіпті, кейбір тарихи кезеңдер осы элементтердің атымен аталған. Мысалы, мыс ғасыры, қола ғасыры мен темір ғасыры.

Археологтар пайдалы қазбаларды анықтау, өндіру, байыту және балқыту ісінің көне заманнан басталғанын айтады. Кейбір зерттеушілердің сенімінше, алғаш рет Мысыр, Вавилон, Сенд пен Джейхунның көне өркениеттері металдарды балқытқан. Бірақ, келесі зерттеушілер бағзы замандардан қалған ескерткіштер негізінде ирандықтарды металды балқыту қолдарынан келген алғашқы қауым санайды. Иранның батысы мен оңтүстігінде орналасқан Загрос таулы сілемі мен елдің солтүстігінде орналасқан Альборз таулы сілемдерінің етегінен және Йезд, Керман, Құм, Кашан сияқты шөлді аймақтың қалалары мен Балучистан таулы сілемінің етегінен табылған металдарды балқытуға арналған көне пештер мен олардан қалған боқаттар, мысалы, Чехелкуре мыс кен орнындағы минералды боқаттар, Хорасан өңірі мен Систан мен Белучистанның облысында орналасқан Бидастар Тафтан арасындағы мырыш пен қорғасынның байырғы кен орындары – осының барлығы ежелгі ирандықтардың пайдалы қазбалардан әртүрлі металдарды алуда шебер болғанын көрсетеді.  Керманның Тал-Иблистегі шамамен 6 мың жылдық тарихы бар кен орнынан табылған үлгілер немесе Кашанның Сиалк ауданынан балқытылған мыс қалдықтарының табылуы (http://www.360cities.net/image/sialk-hillkashan-isfahan-iran) мыңдаған жыл бұрын ирандықтардың мыс сияқты металдарды балқытумен таныс болғанын көрсетеді.

Америкалық жазушы Уильям Дюрант (Will Durant) «Өркениет тарихы» атты еңбегінде Иран өркениетінің Мысыр өркениетінен әлдеқайда жоғары  дамығанын айтып, арий тайпаларының Иранға қоныс аударуына (б.з.д. 3-ші мыңжылдық) тоқталып: «Бұл мигрант этнос (арийліктер) металдармен таныс болған. Сондықтан, Иранға жетіп, сонда қоныстанған. Өйткені, олар тоқтаған жерлердің тауларында мыс, темір, қорғаныс, күміс пен алтын, мәрмәр мен асыл тастар болған»,-деп жазды.

Сиалк, Туранг және Марликтегі ежелгі төбелерден табылған кейбір заттар

Б.з.д. 3-ші мыңжылдық басталған соң Шумер, Вавилон мен Элам дәуірлеріндегі жазбаларда ирандықтардыңжетістіктері жайында жазылған. Б.з.д. 3-ші мыңжылдықтың алғашқы жартысында өнеркәсіп пен сауда қарқынды дамыған аймақтардың қатарына Керман облысында орналасқан 6 мыңжылдық тарихы бар Шахдад көне қаласы жатады. Бұл аймақта қыштан бұйымдар жасау, тас қашау және металмен жұмыс жасау өнері кең таралған. Бір қызығы, Керман облысындағы Шахдад аудан 1967 жылға дейін археологтардың назарына алынбаған.  Өйткені, Лут шөлінде көне өркениеттің болуын елестету мүмкін емес еді. Осы жылы Теһран университетінің географиялық қоғамы тарапынан бір топ Лут шөлі мен оның айналасының географиялық жағдайын зерттеу мақсатында аттандырылды. Бұл топ зерттеу барысында  жартысы жер бетіне шығып жатқан қыш ыдыстарды кездестірген. Археологиялық зерттеулер барысында Шахдадтың Элам империясының автономды уәлаяттардың бірі Арата уәлаятының орталығы болғаны анықталды. Археологтар қазба жұмыстары барысында осы қаланың шеберханаларында өндірілген ақық, көк тас пен көгілдір ақық сияқты жартылай қымбат тастарды тапқан алды. Әлемдегі ең көне металл байрақ қоладан жасалып, «Шахдад туы» деп аталады. Ол осы аймақтан табылған. Экспонат қазір Иранның Ұлттық мұражайында сақталынған.  Ауданнан металды балқытуға арналған пештер табылды. Мұның өзі Шахдадтың өнеркәсіптік қала болғанын көрсетеді.

Иранның кейбір географиялық аудандарының көне атаулары мыңдаған жылдар бұрын ирандықтардың сол өңірлерде орналасқан кен орындарын білгенін және оларды пайдаланғанын көрсетеді. Мысалы, Иранның батысындағы Күрдістан облысында орналасқан Мариван қаласының Асенабад атауы. «Асен» күрд тілінде «темір» деген мағынаны береді немесе Семнан облысында орналасқан Дамған қаласының Куһзар елді мекені. Қазіргі таңда онда алтынды барлау жұмыстарының соңғы кезеңі жүзеге асырылып жатыр.

Ежелгі Иранда кен орындарын қандай тәсілмен тапқаны туралы мәлімет жоқ. Иранның көне кен орындарын барлауға арналған ұңғымалар мен туннельдер бағзы замандарда кен орындарын барлау мен өндіру істерінің нақты әрі тәртіппен  атқарылғанын көрсетеді.

Иранда кен орындарын ғылыми түрде барлау 1939 жылы басталды. Бүгінде Иран жері мыңдаған кен орны мен ондаған пайдалы қазба түрлеріне ие болғандықтан, өнеркәсіп салаларын шикізатпен қамтамасыз ету тұрғысынан әлемнің ең бай аймақтарының бірі болып табылады. Елдің кейбір кен орындары, соның ішінде  Иранның оңтүстік-шығысындағы Керман облысында орналасқан Сарчешме мысы, Йезд облысында орналасқан Чадорамлу темірі өндірілген кеннің тазалық дәрежесі тұрғысынан әлемге танымал. Иранда мұнайдан тыс пайдалы қазбаның 60 түрі бар. Олар 700 млрд-тан астам долларға бағаланып отыр.

Сарчешме мыс кен орнынан көрініс

Иранның мұнайдан тыс экспортындағы пайдалы қазбалардың үлесі тікелей алғанда 30-35 пайыз. Алайда тау-кен өнеркәсібінің Иранның экономикасына әсері жанама түрде алғанда сауда, тіпті өнеркәсіптен әлдеқайда көбірек. Кен орындары табысты өнеркәсіп салаларын, соның ішінде  болаты, цемент, тас, қорғасын мен мырыш өндіру зауыттарын негізгі шикізатпен қамтамасыз етеді.

Мысал ретінде болат өндірісіне тоқталуға болады Ирандық өндірушілер бұл салада жоғары сапалы темір кенінің мол әрі бәсекеге қабілетті артықшылығы мен кеуекті темірді өндіруге қажет арзан электр қуатын пайдаланады.

Сонымен қатар 21 ғасырдың металға негізделген экономикалық тұрғыдан табысты әрі стратегиялық маңызды өнеркәсібіне, яғни мыс өнекәсібіне тоқталуға болады. Мыс көбінесе электр қуаты мен телекоммуникация, құрылыс және машина жасау салаларында қолданылады. 

Басымдық берілген аудандардан кен қорларын тауып, тау-кен өнеркәсібінің Иран экономикасындағы үлесін арттыру – ел басшылары күн тәртібіне қойған маңызды екі мақсат. Осыған орай, инвестицияны арттырып, инфрақұрылымды дамытып, кенді барлау және байыту саласында технологияны арттыру, тиімділігін жоғарылату, кен мен тау-кен  өнеркәсібінде құндылық тізбегін толықтыру арқылы елдің жасырын капиталын максималды түрде пайдалану жолында талпыныстар жасалып жатыр.