Иран базары (13)
Иранда алтын ерте замандардан бастап қолданылған. Тарихи деректерде көрсетілгендей, Ирандағы ең көне алтын кен орындары – «Систан» мен Дамғанның «Куһзар» кен орындары. Бүгінде Иранда шамамен 70 мың кәсіпорын мен компания алтын мен асыл тастар саласында жұмыс істеп жатыр. Иран білікті мамандарды пайдалану тұрғысынан әлемнің осы саласында бәсекелестікке қабілетті артықшылыққа ие.
Алтын – қымбат металл. Бұрынғы замандардан бері адамдар алтынды әртүрлі қалыптарда әшекей бұйымдары, ыдыс-аяқ, медициналық және ветеринарлық құралдарды жасауда пайдаланған. Өзендердің жағалауындағы осы қымбат металдың ұсақ түйіршіктерінің жарқылы алғашқы адамдарды алтынға көңіл аудартқан. Жылтыраған әдемілігі, әртүрлі қалыпқа түсу қабілеті, сирек кездесуі, қышқылдандыруға жоғары төзімділігі және басқа да химиялық факторлар алтынның ерекшеліктерінің қатарына жатады. Алтынның маңыздылығы бірнеше мың жыл бұрын анықталған. Шығыста табылған ең көне алтын кен орны б.з.д. 4 мыңжылдықта Месопотамия аймағында өмір сүрген шумерліктерге тиесілі. Археологиялық ескерткіштер көрсеткендей, б.з.д. 3 мыңжылдықта Мысырда орналасқан Абидос пен Магадада өмір сүрген адамдар алтыннан бұйымдар жасап, оларды алып-сатумен айналысқан. Ол заманда зергерлер алтынды тек перғауындар мен олардың отбасы мүшелеріне және абыздар мен жоғары лауазымды тұлғаларға әшекей бұйымдар жасау үшін пайдаланды.

Иранда алтынды пайдаланудың тарихы көнеден басталады. Тарихи деректерде көрсетілген Ирандағы ең көне алтын кен орындары – «Систан» мен Дамғандағы «Куһзар». Ежелгі грек географы Страбон, француз саяхатшысы әрі зергерлік бұйымдардың саудагері Жан Шарден (1643-1713) мен француз археологы Гришман (1895-1979) өздерінің еңбектерінде Иранның алтын өндірілген әртүрлі географиялық аймақтары мен тарихи дәуірлері жайлы айтқан. Гришман «Иран ежелгі заманнан Ислам келгенге дейін» атты кітабында: «Мадтар дәуірінде Хамадан қаласының атырабындағы кен орындарда алтын өндірілген»,-деп жазды. Виль Дурант (1885-1981) «Шығыс – өркениет бесігі» атты өркениет тарихына қатысты еңбектерінің бірінде осы тарихи дәуірге тоқталып: «Мад қауымы (б.з.д. 17 ғасырдағы ирандық қауымдардың бірі) өздері өмір сүріп жатқан таулардан мыс, темір, алтын, күміс, мәрмәр мен қымбат тастарды өндірген»,-деп жазды. Екі ғасыр барысында әлемнің ауқымды бөлігін басқарған Ахеменилер империясы (б.з.д. 550-330) өздеріне қажет алтынды «Хамадан» кен орны мен Румыния еліндегі «Роша» кен орны сияқты жерлерден қамтамасыз етіп отырған. Бұл дәуірде (б.з.д. 516 жылы) Ахеменилер империясында «дарик» деп аталған алтын тиын соғылған.
Жүргізілген қазба жұмыстары барысында Иран тарихында осы дәуірге қатысты алтыннан жасалған көптеген әдемі археологиялық заттар табылып, бүгінде мық жазуымен өрнектелген алтын кесе, төрт атты алтын арба, алтын білезік, ұмай құс, Экбатанадан табылған тауешкі ритон мен арыстан ритон сияқты бұйымдар АҚШ пен Ұлыбритания секілді әртүрлі елдердің мұражайлары мен Иранның ұлттық мұражайында сақталынады.
Сефевилер дәуірі (1501-1722) Ирандағы өнер түрлері мен қолөнерлердің гүлденіп, шарықтау шегіне жеткен дәуірлерінің бірі болды. Иран тарихында алғаш рет осы дәуірде елдегі алтын мен құнды заттардың бір бөлігі жинастырылған. Бүгінде алтын мен қымбат тастар Иранның ұлттық зергерлік бұйымдары мұражайында сақталынып, елдің қаржылық негізі және ата-бабадан қалған құнды мұраларының бір бөлігі саналады.
کاسه طلایی با حکاکی خط میخی
ارابه طلایی چهار اسب
بازوبند طلایی بز و پرنده هما
تکوت بز طلایی هگمتانه
تکوت شیر غران
Иранда ірі алтын кен орындары мен қымбат металдардың шағын әрі шашырай орналасқан кен орындары бар. Әлемдік стандарт бойынша, алтын өндіру үшін бір кен орнында жүз тоннадан астам қор болуы керек. Осы уақытқа дейін Иранда осы әлемдік стандартқа жақын келетін шамамен 10 алтын кен орны анықталды. Иранның солтүстік-батысындағы Батыс Әзірбайжан облысында орналасқан Такаб ауданында «Зәршуран» мен «Ақ дәрре» атты ірі алтын кен орындары бар. Олардың екеуінен де ежелгі дәуірлерде алтын өндірілгендігінің белгілері байқалады.
«Тахт-е Сүлейман» археологиялық кешенінен 15 км қашықтықта орналасқан «Зәршуран» алтын кен орны – Таяу Шығыстағы ең үлкен алтын кен орны. Ол сынамасының жоғарылығы мен қорының молдығына байланысты елдегі ең ірі әрі құнды алтын кен орындарының бірі саналады. Бұл кен орынына жақын жерде «Ақ дәрре» ірі алтын кен орны орналасқан. Одан жылына 2 тоннадан астам алтын кентасын өндіруге болады.
Иранның тағы бір алтын кен орны – «Муте» кен орындары кешені.
Әдемі де тарихи Исфахан облысында орналасқан бұл кен орны ежелгі заманнан бері үстірт әрі шектеулі түрде қолданыста болған. Осы аймақта жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары барысында бағзы замандардан қалған өндіруге арналған көне құралдар мен балқыту пештері табылды. «Муте» кешенінде 9 алтын кен орны бар. Есептеулер бойынша, бұл кен орнында шамамен 2 млн тонна алтын кентасы қорланған. Оларды жаңа ғылыми-технологиялық тәсілдермен өндіретін болса, жыл сайын 400-500 кг алтын алуға болады.
Қолданылып, өндіріліп жатқан әртүрлі кен орындарымен қатар әртүрлі облыстарда, соның ішінде Шығыс Әзірбайжан, Күрдістан, Керман, Хорасан-е Разави мен Оңтүстік Хорасан, Исфахан, Йезд, Хамадан, Орталық, Систан және Белучистан облыстарында геологиялық барлау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Қымбат металл саналатын алтын басқа металдармен, соның ішінде никель, палладий, күміс және мырышпен қосылғанда жасыл, қызыл және ақ түсті болып келеді. Бұл металл өнеркәсіп пен өнеркәсіптік өнімдерде өте көп қолданылады. Алтын мен оның қорытпасы қолданылатын салалардың қатарына электрлік және электрондық жабдықтар жасау өнеркәсібі, заманауи технологияларға негізделген қорғаныс жүйелерін жасау және әуе-ғарыш өнеркәсіптері жатады. Алтын – радио толқындар сияқты электромагниттік сәулелерді жақсы өткізетін рефлекторлардың бірі. Бұл металды кейбір ұшақтардың ұшқыштың кабинасының шынысындағы мұзды еріту үшін пайдаланады. Тоқ өте жұқа алтын қабатынан өтіп, жылу тудырады. Жылу шыныға мұздың қатуына жол бермейді. Алтын мен оның қорытпасы – қазіргі заман медицинасындағы құнды элементтердің бірі. Алтын уы жоқ қатерсіз элемент әрі электр тоғын өткізетін ең жақсы металл түрі саналады. Таза алтын (24 сынамалы) жұмсақ келеді, сондықтан онымен жұмыс жасау жеңіл. Алтын ветеринарияда да қолданылады. Сондай-ақ, алтын оқа жасау, алтын жіпті маталар тоқу, кітапты әрлеу және зергерлік бұйымдар жасау сияқты көркемөнер түрлерінде де пайдаланылады.
Алтын сияқты пайдалы қазба әрбір елдің экономикалық даму үдерісінде елеулі рөл атқарады. Бұл металл ақшамен тарихи байланыста болғандықтан, экономикалық даму мен тоқырау кезеңдерінде мықты қаржылай тірек болады. Алтын басқа активтермен салыстырғанда азырақ зиян көреді. Адамдар қағаз ақшаның тұрақсыздығы мен өзгеруінен туындайтын қауіпті азайту үшін әрдайым алтын сатып алып, жинайды. Үкіметтер алтынды байлық қоры және мәміле жасау құралы ретінде қабылдағандықтан, экономикалық тұрғыдан оны стратегиялық металл деп атауға болады. Бұл металл әртүрлі қалыптарда, соның ішінде асыл әшекей бұйымдар, алтын құймасы немесе тиын түрінде көптеген елдердің қаржы жүйесінің тірегі және әлемдегі ең маңызды қаржы стандарты саналады.
Иранда шамамен 70 мың кәсіпорын мен компания алтын мен асыл тастар саласында жұмыс істеп жатыр. Иран білікті мамандарды пайдалану тұрғысынан әлемнің осы саласында бәсекелестікке қабілетті артықшылыққа ие. Иранда алтынның мол кен орнының болуы, өндіру және қосымша құны жоғары өнімдерді жасауға шығынның аз кетуі елдің мұнайдан тыс экспорты үшін қолайлы мүмкіндік болып табылады. Кейбір аймақтық елдерде алтыннан жасалатын өнімдерді механикалық түрде зауытта өндірумен айналысатындықтан, ирандық өнерпаздардың көне текті жобаларды пайдаланып, әртүрлі қалыпта жасаған өнімдері осы қымбат металдың тартымдылығын арттырып, тиімді маркетинг жасалған жағдайда тұтынушы нарығының талғамына жауап бере алады.
Осы орайда Иран экономикасына атсалысушылар экспортқа еркіндік беріп, тауар мен қызметтерді экспорттауды кез келген алым-салық түрінен босатып, экспорттық құрылымдарды нығайтуға, экспорттаушыларға банктік жеңілдіктер беруге, халықаралық көрмелер өткізу сияқты саясаттарды қабылдау арқылы әлемдік бәсекелестікте осы жоғары сапалы тауар саудасының жағдайын жақсартуға талпыныс жасап жатыр. Алтын мен одан жасалған өнімдерді экспорттау мақсатында жаңа әлеует қалыптастыру, тиімді құрылымдық реформалар жасау, халықаралық тәсілді пайдаланып, экспорт саласына жан-жақты инфрақұрылымдық және техникалық қызметтер мен қолдау көрсету Иран үкіметінің экономика саласына жауапты басшыларының жұмыстарының күн тәртібіне қойылған.