Имам Реза (ғ.с)-ның өмір салты (19)
Бүгінгі бағдарламамызда имам Реза (ғ.с)-ның көзқарасындағы жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыю тақырыбы жайлы сөз қозғаймыз.
Әрбір мұсылман исламда айқын айтылған игілік пен жақсылыққа үндеп, жамандықтан тыю негізінде қоғамда осы парызды орындауды жандандырып, оның етек жаюы үшін талпыныс жасауы керек. Себебі, бәріміз әлеуметтік жауапкершіліктерді қабылдау міндетіне сәйкес, қоғамда орын алып, көрініс тауып жатқан барлық оқиғаларды бақылап, қадағалап отыруымыз қажет. Құран Кәрімде осы діни парыз ашық түрде уәжіп деп аталып, барша халық қоғамның тағдырын анықтауда өз үлесін қосып, басты рөл атқарады деп айтылған.
Мұсылман қоғамында жақсылыққа шақыру мен жамандықтан тыю мәселесін түсіндіруде қандай шарттар мен ескертулер қарастырылған? Жақсылыққа шақыру мен жамандықтан тыю барша мұсылмандар үшін басқа діни және ғибадаттық амалдармен қатар осы діни парызды да назарға алатын уәжіп діни парыз болып табылады. Халықтың мұсылман қоғамының өзегі екені баршаға мәлім. Ахлақтың саулығын қоғам мүшелерінің арасында нығайтып бекітетін нәрсе жақсы мен жаманның арасындағы айырмашылықты анықтап, оларды бір-бірінен ажырата білу болып табылады. Исламдық фикх ілімінде бұл мәселе игі іс жасауға үндеп, жаман іс жасаудан тыю деп аталады. Бұл кез келген мұсылманның саяси ой-пікірінің ең маңызды негіздерінің бірі және исламның жалғастығының кепілі саналады. Құран Кәрім бұл діни парыз жайлы «Тәубә» сүресінің 71-аятында былай деген: "Мүмін ерлер мен мүмін әйелдер бір-біріне көмекші. Олар дұрыстыққа қосып, бұрыстықтан тосады. Сондай-ақ, олар намаздарын толық орындап, зекет беріп, Аллаға, Елшісіне бой ұсынады. Соларды Алла мәрхаметіне бөлейді. Расында Алла тым үстем, аса дана".
Жақсылыққа шақыру мен жамандықтан тыюды жандандыру, оны дамытып, жүзеге асыру барлық пәк имамдар (ғ.с)-дың мұсылмандық қоғамды басқарудағы стратегиясы болған. Дәл осы жол бағыты имам Реза (ғ.с)-ның бағалы өмір салтынан да тайға таңба басылғандай көрінеді. Ол хазірет осы діни парыздың тек ахлақтық істерге ғана қатысты еместігін баса айтып, исламдық қоғамның, соның ішінде діни, мәдени, экономикалық, әлеуметтік, саяси және билік ету, тіпті әскери істер секілді барлық қырлары мен тұстарында игілік пен жақсылыққа үндеп, жамандықтан тыюды назарға алу қажеттігін қуаттаған.
Имам Реза (ғ.с) Мәдине қаласында болған кезде немесе Иранға көшкен кезде болсын өзінің өмір салты халық үшін осы саладағы толық үлгі болып саналуы үшін жамандық жасайтындарға кешірім танытпай, өзінің илаһи міндетін жүзеге асырып отырған. Имам Реза (ғ.с)-ның көзқарасына сәйкес, жамандыққа көзжұмбайлық таныту мен оны іске асырушыларға ешбір реакция білдірмеу үлкен күнә саналады. Себебі, соның салдарынан барша мұсылман қоғамында осындай әртүрлі жаман істер мен бұзақылықтар етек жайып кетуі мүмкін.
Имам Реза (ғ.с) өз өмірінің барлық сәттерінде әрдайым Абасси әулетінің зұлымдығына қарсы табандылық танытты. Тіпті мәжбүрлі тақ мұрагерлігі де Мамунның жақсылық жасауына кедергі болмады. Хазірет қате және діни емес әрекеттерге қарсы реакция білдіріп отырған. Сондай-ақ, ешбір қорқыныш және үрейсіз жамандық жасауды Аббаси әулетінің мойнына тағып, оларға көмектесуді үлкен күнәлардың қатарына жатқызып: "Оларға көмек көрсету, олардың қажеттіліктерін қамтамасыз етуге талпыныс жасау кәпірлікпен тең саналады. Оларға қасақана түрде көңіл бөлу тозақтың отынан азап шегу болып табылатын үлкен күнәлардың қатарына жатады",- деп айтқан.
Жақсылыққа үндеу мен жамандықтан тыю исламдық өмір сүруінің кепілі саналады. Оны мүлдем орындамау қоғам үшін өтеуге келмейтін зардап тигізеді. Сондықтан, имам Реза (ғ.с) осы мәселеге байланысты бір хадисінде былай деді: ""Алланың елшісі (с.ғ.с.) әрдайым оның үмбеті жақсылыққа шақыру мен жамандықтан тыю әмірін елемей, оны бір-біріне жүктеп отыратын болса, бұл істі Құдайға соғыс жариялаумен тең деп айтқан».